Главная /
СМИ о нас
29.12.2018 Цифрлық білім беруді дамыту міндетті
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіпті революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында жоғары оқу орындары алдына цифрлық білім беру ресурстарын дамыту міндетін қойып, цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, сондай-ақ халықтың өмір сапасын жақсартуда аса қажет екенін айтқан болатын.
Мемлекет басшысы жоғары білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап айта келіп, білім беру саясатын қайта қарау қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының базасында және инновациялық кластерлер шеңберінде құзырлылық (біліктілік) орталықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.
Біздің университеттің базасында цифрлық технологияны пайдалану үшін құзырлылық орталығын қалай құрып дамытуға болады? Яғни біздің университеттің студенттері қандай құзырлылықтарға ие, болашақ мұғалімдерді цифрлық технологияларды жасауға, оны пайдалануға оқыту қалай іске асырылуы керек?
Осы заман мұғалімі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білімді ғана біліп қана қоймай, қазіргі уақытта мектепте өзінің кәсіби қызметінде цифрлық технологияларды кеңінен пайдаланатын кәсіби маман болуы тиіс. Сонымен қатар, оқытудың цифрлық технологияларының қарқынды дамуы болашақ мұғалімдерден нақты бағдарламалық құралдарды ғана емес, олардың мәні мен мүмкіндіктерін, цифрлық технологияларды оқытудың болашағымен оларды пайдаланудың психологиялық және дидактикалық негіздемесін оқып білуін талап етеді. Бұл педагогикалық жоғары оқу орны студенттерінің кәсіби даярлығының цифрлық технология саласындағы заманауи талаптармен сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Университетімізде ректор Т.Балықбаевтың жетекшілігімен өткізілген халықаралық семинардың ұсыныстары бойынша («Цифрлы университет», Қазақ-Ресей халықаралық семинары, 2018 жылдың 21-23 ақпаны), «Цифрлы университет» жобасының шеңберінде осы мәселені шешу бакалаврдың оқу жоспарына 3 кредит көлемінде «Білімдегі сандық технологиялар» элективті курсын енгізу арқылы жүзеге асырылмақ. Аталмыш курс барлық педагог мамандығына 2018/19 оқу жылынан бастап енгізілуде.
Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, әлемдегі төртінші өнеркәсіптік революция экономикадағы кең тараған цифрландыру, автоматтандыру, роботтандыру, робототехника және мехатроника, жасанды интеллект, 3D объектілі модельдеу технологиясы, «үлкен деректермен алмасу» сияқты үдерістерге деген қажеттілікті тудырды. Сондықтан студенттерге білім беру үдерісіне алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды енгізу мәселесі төртінші өнеркәсіптік революцияның осы элементтерінің негізінде шешілуі тиіс.
Қазақстанда робототехника және роботтандыру белсенді дамып келеді. Робототехниканы мектептерде оқыту басталып жатыр, ал өнеркәсіптік роботтар кәсіпорындарда жиі қолданылуда. Осыған орай, Қазақстан мектептерінде робототехниканы белсенді түрде енгізу мақсатында болашақ информатика мұғалімдерін мектептегі робототехниканы оқытудың барлық түрлерін жүзеге асыру үшін дайындау өте маңызды.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Информатика және ақпараттандыру кафедрасы 5В011100-Информатика (бакалавриат) мамандығы негізінде «Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасын әзірледі. Ол информатика және робототехника саласында жоғары білікті «кәсіби» болашақ информатика мұғалімдерін даярлауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қолдау мақсатында 2018 жылдың 17 наурызында біздің университетімізде «Педагогикалық STEM парк» атты халықаралық Қазақстан-Ресей бірлескен семинары өтті.
STEM дегеніміз не? Ғылым, техника, инженерия, математика - бұл негізгі академиялық пәндер, олардың бірлестігі STEM-білім беру болып табылады.
Жоғарыда айтылған өнеркәсіптік революцияның элементтері болып табылатын алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды оқыту үшін біз университетте STEM оқу орталығын, яғни «Педагогикалық STEM парк» аштық. Осыған орай 2018/19 оқу жылынан бастап ғылыми-жаратылыстану бағытындағы барлық педагогикалық мамандықтармен ғылыми-жаратылыстану мамандықтары бойынша (физика, математика, информатика, аспап жасау, кәсіптік білім беру және т.б.) «Білім беру робототехникасы және мехатроника» элективті курсын енгізуге мүмкіндік туындады.
Жоғарыда көрсетілген курстар бойынша зертханалық жұмыстарды және оқу курстарын жүзеге асыру үшін оқу бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туындап отыр. Қазіргі уақытта оқу орнында білімді ақпараттандыру және білім беру технологиялары мәселелері бойынша халықаралық ғылыми зертханада және информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасында педагогикалық STEM паркпен бірлескен сәйкес зерттеулер жүргізілуде.
Сонымен бірге, бізде білімді цифрландыру талаптарына сай мектеп мұғалімдері мен басқа да талапкерлер үшін біліктілік арттыру курстары жұмыс істеуде. Біліктілігін арттырам деушілерге есік ашық.
Авторы: Есен Бидайбеков, Абай атындағы ҚазҰПУ Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі, профессор 29.12.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|