қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
05.10.2018

Ұлт ұстазы іргесін қалаған

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (әрі қарай - Абай атындағы ҚазҰПУ) Қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша кәсіби маман дайындау ісін 1928 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. 90 жылдық бай тарихы бар кафедрада Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Хамза ­Есенжанов, Телжан Шонанов, Ісмет Кеңесбаев, Ахмеди Ысқақов сынды ұлы тұлғалармен қатар қазақ тіл білімінің қабырғалы қайраткерлері Е.Исмайылов, М.Қаратаев, Б.Шалабаев, Ә.Есмәмбетов, Д.Әбілов, Қ.Жармағанбетов, Т.Нұртазин, М.Хасенов, Ш.Кәрібаев, А.Тоқпанов, Т.Әбдірахманов, М.Сәрсекеев, Х.Әдібаев, Р.Рүстембекова, М.Мырзахметов, М.Мағауин, С.Мақпырұлы, Н.Келімбетов, Ө.Тыныбаева, Т.Сыдықов, Ғ.Қалиев, М.Жолдыбаев, Ө.Тұрманжанов, Д.Әлімжанов, А.Әбілақов, Н.Оралбаева, Қ.Қасабекова және т.б. қызмет атқарып, республиканың білім мен ғылым саласында білікті маман даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Олардың ерен еңбектері нәтижесінде филология факультетінде білім алған түлектердің ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ақын-жазушылар, әдебиеттанушы, тілші ғалымдар шықты.

 

Кафедраның негізін қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеті саласында еңбек еткен ірі тұлғалар, көрнекті ғалымдар қалады. Кафедра тарихын үш кезеңге бөлуге болады:


Алаш кезеңі: университет ашылған 1928 жылы Лингвистикалық-психо­логия­лық бөлім болып құрылған ұйымды 1928-1929 жылдары қазақтың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басқарған. Алғашқы күннен бастап-ақ отандық білім беру жүйесінде қызмет ететін филолог-педагог мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Бұл кезең қазақ лингвистикасы мен әдебиеттану ғылымдарының іргетасы қаланған, оны білім беру жүйесіне ендіру, жас ұрпаққа ­бастауыш және орталау мектептерде ана тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелері ғылыми негізделген жылдар болды. Сонымен қатар жоғары білім жүйесінде ұлт кадрларын даярлаудың ғылыми-әдістемелік мәселелері алғаш рет жүйелі түрде зерттеле бастады. Сонымен қатар осы жылдарда қазақ ­жазуын реформалауға басымдылық берілді.


1932-1937 жылдары Қазақ тілі мен әде­биеті кафедрасын қазақтың біртуар ұлы, қазақ лингвистикасы бойынша тұңғыш профессор Құдайберген Жұбанов басқарды. Ел басына күн туған нәубет жылдардың ауыр сындарына, әділетсіз қуғын-сүргін жылдардың ауырпалығына иықтарын тоса жүріп, ұлт зиялылары, педагог-ғалымдар мен ұстаздар қабілетті, зерек те зерделі ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін аямай жұмсады.


Кеңестік кезең: социалистік идеология басым кезең. 1937 жылы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедралары өз алдына жеке кафедра болып бөлінді. Қазақ тілі кафедрасын 1937-1941 және 1943-1958 жылдары ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Сәрсен Аманжолов басқарды. Бұл жылдарды кафедраның ғылыми салаларды жетілдіру бойынша классикалық тарихы деп атауға болады. Осы кезеңде қазақ тіл білімінің салалары кеңейтіле зерттелді. Тілдің тарихы мен диалектология мәселелерін зерделеу қолға алынды. Жергілікті тіл ерекшеліктері мен қазақтың ру-тайпа тілдері мәселелері қарастырылды.


Кеңестік кезең: социалистік идеология мен ұлттық ғылымның сабақтас­тықта даму кезеңі. Бұл кезеңде қазақ тілі кафедрасына қазақтың көрнекті ғалымдары Дәулетияр Әлімжанов (1961-1971 жж.), Ғабдолла Қалиев (1958-1961жж. және 1972-1973 жж.), Жамал Болатов (1977-1978 жж.), ­Фатима Мұсабекова (1979-1988 жж.), Сейілбек Исаев (1988-1989 жж.) жетекшілік етті.


Кафедра мамандары жүргізген салалық зерттеулер мен болашақ педагог мамандарды даярлауда ұлттық қағидалардың негізге алынуымен ерекшеленеді. Зерттеу жұмыстарының бағыттары сараланып, дербестене ­бастады. Д.Әлімжанов, Ы.Мамановтың «Қазақ тілін оқыту методикасы», Д.Әлімжановтың «Қазақ тілі морфологиясын оқыту әдістемесінің мәселелері», А.Әбілқаевтың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» (лекциялар жинағы) сияқты еңбектер жарияланды. Филология ғылымының докторы, профессор Ф.Мұсабекова қазақ тілінің стилистикасы мәселелерін зерттеп, «Зат есімдердің стилистикасы», «Қазақ тілі стилистикасының мәселелері», «Қазақ тілінің практикалық стилис­тикасы» және т.б. еңбектер жазды. Фило­логия ғылымының докторы, профессор Н.Оралбаева қазақ жазуының тарихын және етістіктің аналитикалық тұлғаларын зерттеп, «Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері», «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалы форманттары», «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық фор­манттарының құрылысы мен мағынасы» атты еңбектер жазды.


Филология ғылымының докторы, профессор Ғ.Қалиұлы қазақ говорларының құрылымын зерттеп, «Қазақ говорларының жүйесін зерттеу мәселелері» «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» деп аталатын монографиялық еңбектің авторы.­ ­Сонымен бірге ол ҚР ҰҒА Тіл институты шығарған «Қазақ диалектологиялық сөздігін» жасаушылардың бірі. ­Доцент А.Әбілқаев қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері, төл сөз мәселелерін зерттеп, «Қазақ тіліндегі төл сөз», «Де» етістігінің мағынасы мен қызметі», «Қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері» деп аталатын еңбектерін өмірге әкелді. ­Доцент К.Бейсенбаева «Орыс және қазақ тілдерінің грамматикасы», «Қазақ тілінің фонетикасы», «Қазақ тіліндегі қо­сымшасыз есім тіркестері», доцент Ш.Бәйтікова «Қазақ тіліндегі неологизмдер», Ф.Оразбаева «Қазақ тілі сын есім­дер синонимі» сияқты еңбектер жазды.

 

Алаш кезеңі: университет ашылған 1928 жылы Лингвистикалық-психо­логия­лық бөлім болып құрылған ұйымды 1928-1929 жылдары қазақтың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басқарған. Алғашқы күннен бастап-ақ отандық білім беру жүйесінде қызмет ететін филолог-педагог мамандарды даярлау ісі қолға алынды. Бұл кезең қазақ лингвистикасы мен әдебиеттану ғылымдарының іргетасы қаланған, оны білім беру жүйесіне ендіру, жас ұрпаққа ­бастауыш және орталау мектептерде ана тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелері ғылыми негізделген жылдар болды.

 

Тәуелсіздік кезеңі. Бұл кезеңде қазақ тілі кафедрасын көрнекті ғалымдар: филология ғылымының докторы, ­профессор Нұржамал Оралбаева (1989-1997 жж.), педагогика ғылымының ­докторы, ­профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия ­Оразбаева (1997-2014 жж.) басқарды. 2014 жылдан бастап педагогика ғылымының докторы ­Жанат Дәулетбекова басшылық етті. Ал 2018 жылдың қыркүйегінен филология ғылымының докторы Қалбике Есенова басқарып келеді.


Бұл кезеңдегі кафедраның жұмыс бағыттары тәуелсіз елдің ұлттық ғылым мен білім беру жүйесіндегі реформалардың жасалуымен және соған сай жоғары білім беру жүйесінің жаңаруымен ерекшеленді. Кафедра ұжымы республикада тілді оқыту саласы бойынша көшбасшы ұжымға айналды. Ғалым-ұстаздардың жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде кафедра қазақ тіл білімі мен әдістеме ғылымының қара шаңырағы ретінде қалыптасты.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазіргі кездегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалім кадрларын даярлаумен бірге, ұлттық ғылым мен білім саласында қалыптасқан озық дәстүрлер мен өркениетті елдердің инновациялық тәжірибелерін тоғыстырған жаңа зерттеулердің дамуымен сипатталады. 1991 жылдан қазақ тілі кафедрасы жоғары оқу орындарына арнап бірқатар бағдарлама және оқулықтар шығарды. Республика көлемінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының Типтік оқу жоспарлары даярланып, білім беру бағдарламаларының негізгі пәндері белгіленеді. 2004 жылдан ҚР барлық ЖОО-ы кредиттік оқыту жүйесімен білім беруге көшті. Кафедра ұжымы аталған мамандықтың міндетті базалық пәндері мен элективті пәндерінің мазмұнын жасау ісімен, мектепке маман даярлаумен, мектеп оқулықтарының мазмұнын жасауда ірі ғылыми-әдістемелік орталыққа айналып отыр.
Бүгінгі таңда кафедра ұжымы аға буын негізін қалаған ғылыми, оқу-әдіс­темелік жұмыстарды абыроймен жал­ғастырып келеді. Қазақ тілі теория­сы және әдістемесі кафедрасы ұжымы жоғары және жоғары білімнен кейінгі бағыттар бойынша ұлттық кадрлар ­дайындаумен айналысып отыр.


Қазіргі кезде кафедра құрамында 10 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, 2 PhD, 2 магистр, 2 аға оқы­ту­шы еңбек етеді. Олардың қатарында: ҚР ҰҒА корреспондет-мүшесі, ­педа­гогика ғылымының ­докторы, профессор, Ф.Оразбаева; филология ғылымының докторлары, профессорлар: Б.Қасым, М.Атабаева, Г.Қосымова, Қ.Есенова, Н.Ілиясова; педагогика ғылымының докторлары, профессорлар: Ж.Дәулетбекова, Ж.Балтабаева, Н.Оразақынова, Р.Рахметова, филология ғылымының кандидаттары, доценттер: А.Қобыланова, М.Жүнісова, С.Жиренов, Ж.Жұма­баева, Н.Әмір­жанова; педагогика ­ғылым­ы­ның кандидаттары: Г.Кенжебаева, А.Рауан­дина, Ж.Қоқанова; PhD докторлары М.Иманқұлова, Ж.Беласарова; аға оқы­тушылар: Р.Бақбергенова, Қ.Сейталиева және т.б. оқытушылар болашақ мамандарға заманауи талаптарға сай білім беруде.


Кафедрада ғылыми-теория­лық, ғылыми-әдістемелік, оқу-тәрбиелік негіздегі үш ба­ғытта зерттеу жұмысы жүргізіледі.


Кафедрада негізін Ахмет ­Байтұр­­сын­ұлы қалаған, қазіргі таңда кемелденіп, қалыптасқан ғылыми мектеп­тің зерттеу бағыттарын: қазақ тіл білімінің даму тарихы, теориясы және қазақ тілін оқыту әдістемесі; түркітану деп шартты түрде төртке бөлуге болады.


Оқытушы-профессорла­рының еңбектерінің басым бағыттары: қазіргі қазақ тілі теориясы және оқыту әдістеме­сінің салалары; түркітану, шумерология, қыпшақтану және қашқаритану және т.б.


Осы аталған зерттеу бағыттары бойынша республиканың білім беру жүйесінде қолданылып жүрген оқу­лық­тар мен оқу құралдары, монографиялар жарияланып келеді. Кафедра оқы­тушылары - Тәуелсіз Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарына арналған білім беру бағдарламаларының, білім стандарттарының белсенді авторлары.


Қорыта айтқанда, оқытушылардың жаңа бағыттағы зерттеулері отандық ғылымның дамуында маңызды орын алып отыр.

 

 

Авторлары: Жанат Дәулетбекова,
педагогика ғылымының докторы, профессор

Майра Жүнісова,
филология ғылымының кандидаты, университет профессоры

05.10.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz