қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
16.05.2014

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ СОРБОННА УНИВЕРСИТЕТІ - ҚАЗАҚСТАНДА

Серік Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің ректоры,

педагогика ғылымдарының

докторы, профессор.

 

     Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бүгінде педагогикалық білім беру, экономика, бизнес, құқық және халықаралық қатынастар, әлеуметтік және саяси ғылымдар салалары бойынша ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандар даярлайтын көп салалы оқу-тәрбие және ғылыми-зерттеу орталығына айналып отыр. Сондай-ақ ол Қазақстан жоғары оқу орындары арасында өзінің көшбасшылық келбетін сақтай отырып, халықаралық деңгейде де білім беру мен ғылым салаларындағы оқу ордаларының алдыңғы шебінен орын алған. Университеттің білім беру сапасы жөнінен республикадағы ірі оқу орындары арасынан төртінші орынға ие болуы мен республика педагогикалық оқу орындары ішінде ең алдыңғы қатардан көрініп, бірінші орынға шығуы үлкен жетістік.
    Қара шаңырақ білім ордасының халықаралық байланыстарының басты бағыттарының бірі - шетелдік ұлттық және халықаралық кадрлармен, білім мен ғылымды қолдау бағдарламаларымен тығыз ынтымақта жұмыс істеу екенін атап өтуім керек. Бұл бағытта әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылып, білім берудің халықаралық стандарттарын игеруге талпынып отырған оқу орны өзінің халықаралық байланыстар саласындағы қызметін жылдан жылға жедел қарқынмен дамыту үстінде. Италияның Болон қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына мүше болған Абай атындағы ҚазҰПУ бүгінде дүние жүзінің ең озық 150 университетімен ынтымақтастық, әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Университетімізде Қазақ-қытай инновациялық орталығы жұмыс істей бастады. Біз Қытай, Түркия, Вьетнам жоғары оқу орындарында «Абай орталығын» ашып, олардың жұмыстарына бағыт-бағдар беріп отырамыз.
    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің білім саласын әлемдік білім кеңістігіне шығару мақсатымен нақтылы іс-шараларды жүзеге асырып отырғанымыз көпшілікке белгілі. Біздің университетіміздің базасында 2014 жылдың қыркүйегінде Қазақстан-Сорбонна Француз университетін ашуға әрекет жасап отырғанымыз осы саладағы іргелі істеріміздің бірі болғанын атап өтуім керек. 2013 жылғы 17 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Қазақстан-Сорбонна Француз университетін ашу туралы екі оқу орны басшылары Меморандумға қол қойды.
Аталмыш рәсімге Франция мемлекетінің Франкофония жөніндегі министрі Ямина Бенгиги ханым бастаған Франция делегациясы қатысты, Делегация құрамында Париждегі Сорбонна университетінің Президенті Жан-Франсуа Жирар, аталған жобаның иесі, белгілі жазушы, қоғам қайртакері Марек Халтер және Сорбонна университетінің профессор-оқытушылары, Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер минисрлігінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілдері мен басқа да қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ұстаздар қатысты.
Бұл меморандум Қазақстан мен Франция сияқты екі ел, екі алып университеттердің профессор-оқытушылар мен студенттер алмасуына мүмкіндік жасап, келешекте әлемдік білім кеңістігіне еркін енуіне жол ашады деген ниеттеміз.
    Атақты француз жазушысы және қоғам қайраткері Марек Халтер Қазақстанда Франция университетін ашу жоспары туралы және оны жүзеге асыру жолдары туралы айта келіп, өз ойын былайша білдірді: «Қазақстанда Француз университетін ашу туралы мәселені менің қазақстандық достарым көтерді. Мен өзім Варшавада туып өстім, кейінгі тағдырым Қазақстанмен байланысты болды. Сол себепті де қазақстандық достарымның Қазақстанда Француз-Сорбонна университетін ашу туралы пікірмен толық келістім. Бұл университет Орталық Азияда француз тілін оқытудың озық үлгісін көрсетуі тиіс. Қазіргі таңда Францияда үш жүзден астам қазақстандық студент білім алуда. Енді бұл университеттен түлеп ұшатын жастарымыз, олардың санын көбейтеді және екі ел арасындағы байланысты нығайта түседі деп ойлаймын», - деді ол.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, осы бір жақсы бастамамызға Франция мемлекетінің көрнекті білім, ғылым қайраткерлері, үкімет мүшелері келіп, шын жүректен пікір алмасып, болашақ үлкен жұмыстың жоспарын жасауға қатысуының өзі бізді қанаттандырып тастады. Францияның Франкофония істері жөніндегі министрі Ямина Бенгиги ханым: «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан ашылатын Француз-Сорбонна университеті Орталық Азияда өз атына лайық болады деп ойлаймын. Бұл университетте әлеуметтану, саясаттану, сәулет және дизайн мамандары даярланатын болады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан ашылатын Француз-Сорбонна университетіне алғашқы жылы 600 студент қабылданады деп жоспарлап отырмыз», - деген болатын.
Париждегі Сорбонна университеті - Франциядағы тегін жоғары білім беретін ең ежелгі мемлекеттік оқу орны. Сорбонна университетінің тарихы сонау 1253 жылдан басталады. Сенаның сол жағалауындағы Құдай-ана Соборының маңындағы шіркеу колледждері сол жылдары Париж университеті болып біріккен болатын. Шамамен 40 жылдан кейін діни монарх Людовик ІХ Роберт де Сорбонның бастамасымен жоғары оқу орны жанынан кедей отбасыларынан шыққан студенттерге діни білім беруге арналған колледж ашылған. Кейіннен колледж университеттің Сорбонна деп аталған дін факультетіне айналады.
    ХҮІІІ ғасырда кардинал Ришелье Сорбоннаны жаңартып кеңейтті. Алайда 1791 жылы Француз төңкерісінен кейін ол жабылып қалды да, тек 1821 жылы өз жұмысын қайта бастады.
Әр жылдары мұнда Жозеф Гей Люссак, Луи Пастер, Антуан Лавуазье, Пьер және Мари Кюри және тағы басқа әйгілі ғалымдар дәріс оқыды.
Бүгінде Еуропадағы беделді жоғары оқу орындарының бірі саналатын Сорбонна университетінде жүз жиырма мың студент білім алады. Француз тілін үйрету және түрлі өркениеттерді танып білу - Сорбонна университетінің негізгі бағыты. Бұл университетті Қазақстанның көрнекті лингвист-ғалымдары Т.Б.Айтжанов және В.М.Шварцман бітірген.
Біз қазір еліміздегі тұңғыш Қазақстан-Сорбонна Француз университетін ашуға қызу әзірлік үстіндеміз. Оқу аудиториялары әзірленуде, басқа да іс-шаралар атқарылуда. Жаңа оқу жылына дейін дайындық жұмыстары жүргізіледі, Француз оқытушылары білім алушылардың дайындық курсында француз тілін терең меңгеруіне көмектесуге әзір отыр. Қазіргі таңда Университетте француз тілін тегін үйрету курсы өз жұмысын бастап та кетті.
    Болашақта бұл университетте Қазақстан жастары француз тілінде оқып, білім алады. Мұнда Сорбонна университетінің профессорлары дәріс оқып, біздің жастарымыздың Еуропалық білім кеңістігіне шығуына, білім берудің француздық инновациялық технологияларын игеруіне, ғалымдарымыздың бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруына, сондай-ақ, Франция мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік пен ынтымақтастыты нығайтуға көмектеседі.
Болашақта «Қазақстан-Сорбонна француз университетінде» Қазақстан жастары ғана емес, Орталық Азияда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінің жастарының да білім алуына кең жол ашылады. Қазақстан-Сорбонна универитетінде оқу 2014 жылдың қазан айынан басталады. 2014 жылдың үшінші ақпанында Сорбонна Париж Сите университетінің құрметті президенті Жан Франсуа Жирар «Медицина және денсаулық мәселелері» атты тақырыпта біздің студенттеріміздің алдында дәріс оқыды. Сонымен қатар екі тарап оқу бағдарламаларын сәйкестендіру, француз университетінің профессорларын шақырту кестесі, оқу-материалдық база мәселелерін қайта қарап, екі жақты кездесу барысында Қазақстан-Сорбонна университетін бітірген студенттер Қазақстан мен Франция тарапынан қос диплом иеленетіні туралы келісім-шартқа қол қойды.
    Елбасы Н.Назарбаев Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміз университеттерінің арасында алдыңғы қатарда болу керектігін атап айтты. Қазақстандағы жоғары білімнің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осындай әлемдік деңгейдегі ауқымды істер өз жалғасын табары сөзсіз.