қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
05.05.2014

Шағын жинақты мектеп директорлары мен мұғалімдерінің республикалық слеті

 

      Еліміздегі шағын жинақты мектептердің жұмысына «Мәңгілік Елге - ақпараттық мектеп - шығармашыл педагог - бәсекеге қабілетті оқушы» тақырыбында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен 2014 жылғы сәуірдің соңында өткізілген ШЖМ директорлары мен мұғалімдерінің Бірінші республикалық слеті жаңа леп әкелгендей болды. Бұл айтулы жиында ШЖМ төңірегінде қордаланған өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары кеңінен талқыланды.
       Ал, ондай проблемалар аз емес. Бәріне белгілі, қазіргі кезде біздің елімізде 8 мыңға жуық жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, олардың 4288-і шағын жинақты мектептер (56,5 %). Ауылды жерлерде жұмыс істейтін 6032 мектептің 4139-ы - осындай сипаттағы шағын оқу мекемелері (68,5 %). Қалалық елді мекендерде жағдай бұдан жақсырақ, алайда мұнда да өз шешімдерін күтіп тұрған мәселелер жеткілікті. Қалалардағы жалпы білім беретін 1913 мектептің 149-ы ШЖМ екен. Әдетте, шағын жинақты мектептерді сипаттайтын өзіне тән белгілері бар. Мұндай мектептерде көбінесе әртүрлі сыныптардың оқушыларын бір оқу бөлмесіне жинап алып, бір мұғалім бір мезгілде сабақ оқытады және ол мұғалім бірнеше пәннен сабақ жүргізуге мәжбүр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикадағы әрбір төртінші мұғалім осындай мектепте жұмыс істейді екен, ал әрбір алтыншы оқушы шағын жинақты мектепте оқиды. Осындай көңіл қобалжытар фактілерге көңіл қойған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы мен ғалым-педагогтары бірнеше жылдан бері ШЖМ мәселелерімен шындап айланысып келеді. Олар мұндай мектептерге нақты іс жүзінде көмек беруге ден қойып, олардың мұғалімдеріне арнап, он-лайн режимінде дәріс беруді дәйекті түрде жүзеге асырып отыр. Университет серверінде тұңғыш рет ашылған «Қазақстан Республикасының шағын жинақты мектептерінің Академиясы» аталатын портал толық қуатта жұмыс істеп тұр. Соның нәтижесінде мектеп мұғалімдерінің өз біліктіліктерін жоғарылатуға жақсы ықпал жасалуда. Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары Қазақстанның 8 облысындағы 14 шағын жинақты мектеппен ғылыми-педагогикалық жұмыстарды бірлесе жүргізу туралы келісім-шартқа отырған. Бүгінде осы бағытта талай-талай толымды істер атқарылып жатыр. Сол игі істердің бірі деп «Мәңгілік Елге - ақпараттық мектеп - шығармашыл педагог - бәсекеге қабілетті оқушы» деген кең мағыналы ат-айдармен өткізілген алқалы жиынды - шағын жинақты мектептер қызметкерлерінің Бірінші республикалық слетін атау лайықты болар еді.
     Ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты келелі кеңесті осы форумды ұйымдастыруға тікелей ұйытқы болған Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының дкоторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев жарқын жүзбен, ыстық ықыласты сөзбен ашты.
Слет жұмысына Қазақстан Республикасының 14 облысының білім беру саласының 128 қызметкері, облыстық Білім басқармасының өкілдері, педагог-ғалымдар, еліміздегі ЖОО және колледждердің мамандары, студент жастар қатысты.
    ҚР Ұлттық ғылым академиясының «Ғылым ордасы» атты үлкен мәжіліс залында өткен пленарлық мәжіліске қатысушылар өз сөздерінде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Мектепке дейінгі және бастауыш мектепте білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасы оқытушыларының 2012 жылдан бергі кезеңде ШЖМ бастауыш сыныптары оқушыларымен 62 шеберлік сабағын өткізгендігін, бұл сабақтарға ҚР «Хабар» телеагенттігінің ақпараттық қолдау көрсетіп, сабақтардың республика бойынша он-лайн режимінде көрсетілгенін айрықша атап өтті.
    Слеттің барысында «Білім берудің инновациялық технологияларын жасау және оларды ҚР шағын жинақты мектептерінің педагогикалық іс-тәжірибесіне он-лайн режимінде енгізу» тақырыбындағы еңбектердің тұсаукесері өткізілді.
Естеріңізге сала кетейік, университет бастамасымен үстіміздегі жылдың 1 наурызынан 1 сәуіріне дейін шағын жинақты мектептерге қолдау көрсету мақсатында республика көлемінде ШЖМ мұғалімдеріне арналған «Менің үздік сабағым», ал ШЖМ директорлары арасында «Шағын жинақты мектеп басқарудың үздік педагогикалық тәжірибесі» атты конкурстар өткізілген болатын. Осы конкурстар нәтижелері бойынша тапсырылған 49 еңбектің 12-сі үздік деп танылды. Слет жұмысы барысында конкурстардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
      Слет жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғимараттарында өткізілген секциялық мәжілістерде жалғастырылды.

 

Айтқазы Байдәулетов,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығы.