Главная
Новости
05.03.2018
Сорбонна-Қазақстан институтындағы «Орталық Азия ғалымдарының жұмыстарындағы Француз мәдени және гуманитарлық мұра» халықаралық конференция
2018 жылдың 1 - 2 наурызы күндері Сорбонна-Қазақстан институтында «Орталық Азия ғалымдарының жұмыстарындағы Француз мәдени және гуманитарлық мұра» халықаралық конференциясы өтті.
Сорбонна-Қазақстан институтындағы «Орталық Азия ғалымдарының жұмыстарындағы Француз мәдени және гуманитарлық мұра» халықаралық қазақстан-француз ғылыми-тәжірибелік конференциясы Қазақстандағы Франция Елшілігінің және шетелдік франкофониялық қатысушыларды шақырту үшін гранттық демеу көрсеткен Университеттік франкофония агенттігінің (AUF) қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференцияға қазіргі заманның өзекті мәселелеріне арналған баяндамаларын ұсынған Қазақстан, Франция, Тәжікстан және Ресей елдерінен келген гуманитарлық пәндер саласындағы мамандар қатысты.
Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева алғы сөзінде «Орталық Азия ғалымдарының жұмыстарындағы Француз мәдени және гуманитарлық мұра» халықаралық қазақстан-француз ғылыми-тәжірибелік конференциясының екі айтулы күннің аясында ұйымдастырылғанын атап өтті. Біріншіден, ағымдағы жыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін мерейтой: 2018 жыл бойы өтетін ауқымды ғылыми, мәдени іс-шаралар Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнының 90 жылдығына арналатын болады. Осыған байланысты Сорбонна-Қазақстан институты гуманитарлық пәндер саласында Қазақстан мен Франция арасындағы ғылыми ынтымақтастық болашағын талдау және қорытындылау мақсатында конференция өткізіп отыр. Екіншіден, наурыз айында аталып өтетін елеулі оқиға «Франкофондар көктемі» мерекесі. Аталмыш мереке бүкіл әлемдегі франкофонияға арналған бірқатар іс-шараларды біріктіреді. Осы орайда халықаралық қазақстан-француз ғылыми-тәжірибелік конференциясы екі ел арасындағы байланысты нығайту бағытын растайтын айтулы оқиға болып табылады. Сонымен қатар, проректор Ақтолқын Құлсариева өзінің француз философиясын зерттеудегі ғылыми тəжірибесімен, француз гуманитарлық ойдың жалпы Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына әсері туралы пікірімен бөлісті.
Коференцияның құрметті қонағы - Орталық Азияның тарих маманы, құрметті профессор және «Академиялық пальма бұтағы» француз орденінің кавалері, Қазақстанның бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Альбер Фишлер (Франция) бірнеше ғасырлық тарихы бар екі елдің арасындағы қазақстан-француз гуманитарлық ғылымның өзара байланысының тарихы туралы пленарлық баяндама жасады. Қазақстанмен оны көпжылдық жұмыс және достық байланыстырғандығын атап, сондай-ақ, қазақ халқы және оның қонақжайлылығы туралы жылы сөздерімен бөліскен Альбер Фишлер баяндамасында Андре Мальро, Олжас Сүлейменов, Гийом де Рубрук, Фернан Анженье, Катрин Пужоль, Оливье Феррандо және т.б. ғылым және мәдениет қайраткерлерінің есімдерін атап өтті.
Саяси зерттеулер институтының саяси ғылымдар докторы және қауымдастырылған ғылыми қызметкері Оливье Феррандо (Франция) конференцияға қатысушылардың назарына «Қазақстанда және Орталық Азияда білім беру бағдарламаларын құру ісіндегі мәдени алуан түрлі міндеттер» баяндамасын ұсынды.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Сокибой Сұлтонов (Тәжікстан) тындаушыларды Тәжікстан мен Франция елдеріндегі ислам философиясын зерделеу жағдайымен және француз маманы Анри Корбеннің зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Тарих ғылымдарының докторы, доцент, ҚР БҒМ Шығыстану институты директорының орынбасары Лаура Ерекешева «Дюркгейм әлеуметтануындағы этика мен мораль және концепт диалогы: әлеуметтік және жеке өлшем» тақырыбында баяндама жасады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Сүлейман Демирел атындағы университетінің факультет деканы Азамат Акбаров тыңдармандарды қазіргі заман тіліндегі «жүрек» ұғымының ауыспалы тұжырымдамасын талдауымен таныстырды.
Конференцияны ұйымдастырушы, жоба авторы Лаура Тұрарбекова «Александр Сокуровтың «Франкофониядағы» уақыт мәселесі» баяндамасын жасады.
Халықаралық конференция барысында Сорбонна-Қазақстан институты, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих және құқық институтының және Сүлейман Демирел атындағы университеттің магистранттары мен докторанттарының баяндамалары аудару (Ақбота Абиыр), Қазақстан тарихы (Игорь Крупко), діни радикализм (Қатира Қарымсақова) өзекті мәселелеріне, "Тамыр" журналының қызметі (Айман Қодар, Анна Иванова) және Симон де Бовуар феминизм теориясының контекстінде гендерлік саясат үрдістеріне (Меруерт Мұканова) арналды.
Конференциядағы әрбір баяндама қатысушылар арасында қызу талқыланып, тыңдармандар халықаралық конференция форматының ерекшелігін Франция университетінде өткізілетін ғылыми іс-шараларға тән екендігін атап өтті.
«Орталық Азия ғалымдарының жұмыстарындағы Француз мәдени және гуманитарлық мұра» халықаралық қазақстан-француз ғылыми-тәжірибелік конференциясы Қазақстанның және Ресейдің жас ақындарының өлеңдері қазақ, орыс және француз тілдерінде оқылып, поэтикалық кешпен аяқталды.
|