қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
27.02.2025

Абай университетінің ғалымдары Эгей университетінде Түркі әлеміндегі ортақ термин мәселесін талқылады


Абай университеті Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік ететін «Алаш қайраткерлері және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің тарихы» атты гранттық жоба аясында Түркияның Эгей университетінде (Измир) болды. Іссапар барысында Эгей университетінің Түркі әлемі зерттеулері институтында Абай атындағы ҚазҰПУ Түркітану орталығының қызметкерлері «Түркі әлеміндегі ортақ термин мәселелері» тақырыбында семинар өткізді.


Дөңгелек үстел барысында академик Шерубай Құрманбайұлы ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері мен Ататүрк дәуіріндегі терминжасамның дамуына тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі тәуелсіз түркі елдері арасындағы ортақ термин мәселесін талқылап, бұл саладағы қиындықтар мен болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.


Шерубай Құрманбайұлы ортақ терминология ісінің бастапқыда сәтті басталғанын, бірақ уақыт өте келе кедергілерге тап болып, қазіргі кезде мәселенің одан да шиеленіскенін назарға алды. Түркі халықтары арасында сөз алмасу мәселесінің шешілуі үшін бірлескен қадамдар қажет екендігін атап, бұл бағыттағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.


Ғылыми жиынға Эгей университетінің тіл, тарих, әдебиет және фольклор бөлімдерінің оқытушылары мен зерттеушілері қатысты. Іс-шара ортақ терминтану бойынша зерттеулерді тереңдетуге және түркі халықтары арасындағы термин мәселесінің шешілуіне алғышарт болды. Ғалымдар аталған мәселенің мемлекетаралық деңгейде шешілуі үшін түркі әлеміндегі беделді халықаралық және мемлекеттік ұйымдарға жүгіну керектігін тілге тиек етіп, ілгеріде ұсыныстарын жіберетіні туралы уағдаласты.


Ғылыми іс-шара түркі әлеміндегі ортақ термин мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын көрсетіп, болашақтағы ғылыми жобалар мен зерттеулер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=