қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
23.12.2024

Академиялық ұтқырлық – ең ұтымды шешім – Әсел Беспай

 

 

                

 

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы - шетелде білім алып, халықаралық деңгейде тәжірибе жинаймын деген жанға тамаша мүмкіндік. Бағдарламаны жүзеге асыру қағидасы өз бағытын одан әрі дамытқан сайын, отандық білім беру жүйесінің сапалы жетілуі кең ауқым ала бермек. Осы орайда аталған бағдарлама бойынша Оңтүстік Кореяның Намсеул университетінде білімін жетілдіріп жатқан, Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Әсел Беспаймен әңгімелесіп, шетелде оқимын деген басқа да қазақ жастарының көкейіндегі сұрақтарды қойып көрдік.

 

- Әсел, дәл қазір қай мемлекетте, қай оқу орнында білім алудасыз? Оқу үлгеріміңіз қалай? Шетелге қашан кеттіңіз, қанша уақыт боласыз?

 

- Сәлеметсіз бе! Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореядағы Намсеул университетінде 3-курста оқып жатырмын. Мұнда 2024 жылдың тамыз айында келдім. Бұл оқу орнында бір семестр білім алып, тәжірибе жинақтап, елге қайтамын. Бөтен ел, өзге мәдениет. Ағылшын тілім жоғары деңгейде болғанымен, бастапқы кезде корей тіліне бейімделуім қиынға соқты. Себебі, Кореяда оқитын барлық студенттер корей және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Олардың көбісі C1 деңгейіне дейін жетеді. Сондықтан, тілді тек бастапқы деңгейде білетінім үшін алғашқы кезеңдерде кедергілер мен қиындықтар болды. Дегенмен, оқытушылардың сабақты түсінікті әрі кәсіби түрде түсіндіруі мен корей достарымның қолдауының арқасында корей тілін айтарлықтай жақсарттым. Ал, дәрістер көбінесе ағылшындар және филиппиндіктермен жүреді. Бұл менің көзқарасым мен мәдениетаралық дағдыларымды дамытуға көмектесуде.

 

Бірінші айда жаңа оқу жүйесі мен мәдениетке бейімделу қиын болды, бірақ уақыт өте келе мен жергілікті дәстүрлер мен оқу әдістерін жақсы түсіне бастадым. Жаңа идеялар мен тәсілдерге ашық болуды үйрендім. Шетелдегі тәжірибе менің кәсіби дамуыма ғана емес, жеке тұлғалық өсуіме де пайдалы болды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-да мен аударма мамандығы бойынша мемлекеттік грантта оқып жатырмын. Белсенді оқу мен ғылыми жұмыстарымның, сондай-ақ халықаралық және республикалық деңгейдегі марапаттарымның арқасында мен шетелдегі беделді университетте оқуға мүмкіндік алдым. Барлық оқу шығындарын жабатын бұл бағдарламаға қатысу үшін мен IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, академиялық көрсеткіштерімді, яғни GPA-ді жоғары көрсеткен болатынмын. Осы мүмкіндікті берген өз университетіме және еліме алғысым шексіз.

 

- Шетелге оқуға кетем деп қашан шешім қабылдадыңыз? Неге Оңтүстік Корея?


- ЖОО-на колледжден кейін түскендіктен, мен бірден екінші курсқа қабылдандым. Ал, академиялық ұтқырлық мүмкіндігі туралы түрік тілінен сабақ беретін оқытушым Динара Ашимова айтты. Міне, сол кезден бастап бірден оқуға кетем деген шешім қабылдадым. Оқытушым Еуропада оқу мүмкіндіктері туралы толық мәлімет беріп, бағдарламаға қатысуға өтініш беру процесі туралы айтты. Кейінірек ғылыми жетекшім Нұржамал Шенгелбаева маған қажетті құжаттарды жинауға көмек көрсетті. Қай мемлекетке оқуға баратыным туралы да бірге шешім қабылдадық. Азия елдері туралы пайдалы ақпаратты ізденіп, мені барлық кезеңдерде қолдап отырған жетекшіме деген алғысым шексіз. Нәтижесінде біз Оңтүстік Кореяны таңдадық. Бұл ең қауіпсіз елдердің бірі болып саналады, және менің корей тілі мен мәдениетіне деген терең қызығушылығым болды.


- Өзге елдің мәдениеті мен тұрмысына үйрену қаншалықты қиын немесе қызық болды?

 

- Кореяға алғаш рет келгенде мен көптеген жаңа оқиғаларға тап болатынымды білдім. Бірақ кейбір сәттердің қаншалықты ерекше есте қалып әрі күлкілі боларын мүлдем ойламаған едім.

 

Мендегі ең күлкілі жағдай - корейлердің дәстүрлі сәлемдесу әдісімен танысуым болды. Бірінші рет оқытушыммен кездестім, ол менің алдымда басын иіп сәлемдесті, мен сол сәтте қатты састым, не істерімді білмей, оған жауап ретінде бірден бүкіл денеммен иіле кеттім. Содан бері қалай сәлемдесу керектігін үйреніп, бұл дәстүр мен үшін әдетке айналды, бірақ бастапқыда әр сәлемдесу кезінде не істеу керектігін түсіну қиын болды. Бұл мен үшін тек күлкілі ғана емес, басқа ортаға үйренісудің алғашқы қадамы, қызықты әрі маңызды сабағына айналды. Мұндай түрлі ситуациялардан өмірлік тәжірибе алып, мен өзіме сенімді бола бастадым.

 

- Отандық ЖОО-дан ол жақтағы білім мекемелерінің артықшылығы қандай? Оқу бағдарламалары көбіне теория ма, практика ма? Дәл қазір не үйреніп жатырсыз?

 

- Алғашқыда мені таңғалдырған нәрсе - курстар мен семестр құрылымы. Қазақстанда бір семестрде екі рубежка және бір сессия болса, мұнда бір рубежка және бір сессия жүйесі қолданылады. Кореяда оқу жүйесі қарқынды: оқу бағдарламалары күрделі құрылымға ие және жоғары деңгейде жүргізіледі. Корей студенттері үнемі білімдерін өз беттерінше тексеріп, толықтырып отырады, аралық емтихандар жиі өткізіледі. Сонымен қатар курстарда топтық жұмыстар мен жобаларға көп мән беріледі, бұл оқуды қызықты етіп, әрі жауапкершілікті талап етеді. Кореяда оқу үрдісі студенттердің сабаққа белсенді қатысуына негізделген. Мұнда да Қазақстандағы сияқты оқытушылар әр студентке түрлі сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдіруді күтеді. Әртүрлі тақырыптар мұғаліммен бірге талданады. Мен лекцияларда тыныш отырғанды жақсы көретінмін, бірақ мұнда студенттер сабақтың басында-ақ сұрақтар қойып, талқылауға қатысады.

 

Бұл жерге келгенде, мен тек академиялық білім алу ғана емес, жеке бейімделу үдерісіне де үлкен көңіл бөлуім қажет екенін түсіндім. Ең айқын өзгеріс - өзіме деген сенімділіктің артуы. Корей тілін білуім айтарлықтай жақсарды. Қазір мен негізгі деңгейде еркін сөйлесе аламын. Бұл маған кез келген қиындықпен күресуге болатынына деген сенімділік берді.

 

- Бірнеше тілде еркін сөйлейсіз. Шетелде оқып жүрсіз. Қандай арман, жоспарларыңыз бар?

 

- Бес тіл білу - қазақ, орыс, ағылшын, корей және түрік тілдері - маған әртүрлі мәдениеттерді жақсырақ түсінуге және халықаралық ортада икемді болуға көмектеседі. Болашақта мен АҚШ-тағы саяси ғылымдар магистратурасына түсуді жоспарлап отырмын. АҚШ - әлемдік саяси ғылым орталығы, және ондағы оқу маған ұлттық әрі халықаралық деңгейде саясаттың күрделі әрі көпқырлы қырларына терең үңілуге мүмкіндік береді.Осы білімімді Қазақстанда қолданғым келеді. Болашақта білім беру, денсаулық сақтау және экономиканы жақсартуға өз үлесімді қосқым келеді. Қазақстанның дамуына нақты үлес қосып, оның әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуына көмектесемін деп сенемін.

 

- Өзіңіз сияқты шетелде оқуды армандайтын студенттерге не айтасыз? Академиялық ұтқырлық ұтымды ма?


- Басқа студенттерге академиялық ұтқырлық конкурстарына міндетті түрде қатысуға кеңес бергім келеді. Бұл шын мәнінде ерекше, жаңа мүмкіндіктер ашып, білім алу мен жеке тұлға ретінде дамуға үлкен үлес қосады.

 

Абай университетіне түскенге дейін мен бірнеше грант жеңіп алған болатынмын: Кореядағы Ёнхва университетіне және Канададағы екі университетке. Алайда, ата-анам ұзақ мерзімге шетелге кетуге рұқсат бермегендіктен, бұл ұсыныстан бас тартуға тура келді. Кейін мен Қазақстанда грантқа түсіп, шетелде оқу деген арманым орындалмай қалады деп ойладым. Бірақ академиялық ұтқырлық бәрін өзгертті. Осы бағдарламаның арқасында мен өз арманымды жүзеге асырып, Оңтүстік Кореяда бір семестр оқи алдым. Бұл тамаша нұсқа болды - өйткені бағдарлама ұзаққа созылмайды, және менің қауіпсіздігім қамтамасыз етіледі. Бұл шешімді ата-анам ойланбастан қолдады. Сондықтан мен барлық студенттерге өз күштеріңізді сынап, осындай бағдарламаларға қатысудан қорықпауға кеңес беремін. Олар сапалы білім алуға ғана емес, тәуелсіздікке үйренуге, ой-өрісті кеңейтуге және жан-жақты дамуға көмектеседі.

 

- Қай тілде ойлайсыз? Тіл үйреніп жүрген жастарға кішігірім кеңес айтсаңыз?

 

- Шынымды айтсам, мен ағылшын тілінде ойланамын. Тілді үйрену барысында кішкентайымнан ағылшынша ойлануға тырысқан болатынмын, сол әдет болып қалыптасып кетті.

Жаңа тілді үйрену, әсіресе алғашқы кезеңдерде қиын болып көрінуі мүмкін. Өзім тіл үйренуден шебер болмасам да, білетін кеңестеріммен бөліскім келіп отыр.

 

Біріншіден, кез келген тілді шағын әрі қарапайым қадамдарға бөліп үйренуге болатынын ұмытпаңыз. Бірден полиглот болып кету мүмкін емес. Алдымен күнделікті өмірде қолданылатын қарапайым сөздер мен сөйлемдерден бастаңыз және бірте-бірте сөздік қорыңызды кеңейтіңіз.

 

Екіншіден, оқудан ләззат алуға тырысыңыз. Тілдің сізге ұнайтын қырларын табыңыз: музыка, фильмдер, мәдениет немесе сол елдің тағамдары болсын. Егер сериал көргенді ұнатсаңыз, оларды үйреніп жатқан тіліңізде субтитрлермен қараңыз, бұл әрі көңілді, әрі пайдалы.

 

Үшіншіден және ең маңыздысы - қателесуден қорықпаңыз. Қателесу - оқудың бір бөлігі. Тілді үйрену велосипед тебуді үйренумен бірдей: басында жиі құлайсыз, бірақ уақыт өте келе жеңілдейді. Егер сөйлеуден ұялсаңыз, басқалардың сізді түсіністікпен қабылдайтынын есте сақтаңыз.

 

Соңында, шыдамды болыңыз. Тіл үйрену - бұл марафон, спринт емес. Жылдамдықтан гөрі тәртіп пен тұрақтылық маңыздырақ. Оны күнделікті әдетке айналдырыңыз, сонда өз ойларыңызды еркін жеткізетін күннің келгенін байқамай қаласыз.

 

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Мөлдір РӘСІЛ

 

 

 

23.12.2024

Ақпарат көзі: qazaq1913.com