Главная
Новости
22.10.2024 Абай университетінің өкілдері Санжар Асфендияров мемориалының салтанатты ашылуына қатысты 2024 жылдың 18 қазанында Алматы облысының Жаңалық ауылында көрнекті қазақстандық ғалым және дәрігер Санжар Асфендияров мемориалының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бастаған отандық медицина мен ғылымның көрнекті өкілдері, сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков, филология факультеті деканының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Алмас Найманбаев, әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Рақымберді Жетібай, академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Еділбай Оспанов қатысты.
Шара барысында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов С.Асфендияровтың ғылым, медицина мен білім берудің дамуына баға жетпес үлес қосқан ұлы ғалым ретінде Қазақстан тарихында мәңгілікке жазылатынын және ҚазҰМУ үшін ұлы тұлғаның есімін алып жүру үлкен жауапкершілік пен зор мақтаныш екенін атап өтті.
Ал, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау Санжар Асфендияровтың 1928 жылы Қазақ педагогика институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті) негізін қалаушылардың бірі болғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ Мақсат Жақау: «95-жылдық тарихы бар еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасы болып саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор Санжар Асфендияровтың есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазулы тұр. Көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров университетіміздің алғашқы студенттерін қабылдап, оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Сонымен қатар, ол 1928 жылдан 1931 жылға дейінгі аралықта университетіміздің алғашқы ректоры қызметін атқарған және университетіміздің дамуына елеулі үлесін қосқан, өшпес ізін қалдырған ғұлама ғалым» - дей отырып, университет қабырғасында жыл бойы Санжар Асфендияровтың 135 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтты.
Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының аумағында орналасқан мемориалды тақтаға Санжар Асфендияровтың фотосуреті, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың дәйексөзі, сондай-ақ QR-код бейнеленген. Кодты сканерлеу арқылы Санжар Жаппарұлы туралы мұрағаттық құжаттар және кітаптармен танысуға болады.
«Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы |