қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
17.07.2024

               Абай университеті ұсынған академиялық ұтқырлық – білім мен тәжірибенің алаңы

 

                

 

Бүгінде еліміздің көптеген университеттері білім беруді интернациоландыру, оқу бағдарламаларын әзірлеу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіп, студенттерін алыс-жақын шетелдерге оқуға жіберу арқылы академиялық ұтқырлықтың білім мен тәжірибе алмасу алаңы ретіндегі мүмкіндіктерін оңынан пайдаланып, бірегейлі танымдық үрдістер шеңберін қалыптастыруда. Абай атындағы ҚазҰПУ дәл осындай бағдарламалар арқылы шетелде оқимын, әлемнің үздік университеттері мен ғылыми орталықтарында зерттеу жасаймын дейтін студенттер мен магистранттардың, PhD докторанттардың, оқытушылар мен қызметкерлердің алдына қойған мақсатының жүзеге асуына айтарлықтай мүмкіндіктер сыйлап, өмірін өзгертуге жағдай туғызып отыр. Қазіргі таңда университет ішкі және сыртқы академиялық қтқырлық бағдарламаларын сәтті жүзеге асырып отырғанымен ерекшеленеді.

 

Абай университеті академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша 25 елдің 138 ЖОО-мен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Университет өз студенттері мен оқытушы қызметкерлеріне әлемнің Түркия, Корея, Франция, Польша сияқты беделді қалаларында кәсіби, мәдени тұрғыда білім деңгейін көтеруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыруға, менеджмент жүйесін жетілдіруге, сыртқы және ішкі жүйелерді орнатуға, интеграциялық байланыстар қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, 2023 оқу жылындағы есепті кезеңде дәл осы бағдарламалар аясында шетелге оқуға кеткен студенттер саны 207 болса, оның ішінде 40 студент республикалық бюджеттен толық қаржыландырылған. Ал, қалған 167-сі университеттің өз қаражаты есебінен жол грантын алып шыққан. Ал, 2023-2024 оқу жылының күзгі семестрінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 40 студент Литва, Польша, Венгрия, Корея сынды шетелдерге оқуға аттанса, тағы 86 студент екіжақты келісімдер негізінің сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша Түркия, Франция, Қытай, Польша, Литва, Ресей Федерациясы сынды мемлекеттерге академиялық білім алмасуға жіберілген. Қазақ білімінің қара шаңырағы атанған оқу орнының білім беру қызметі саласындағы негізгі миссиясы да осы - кадрларды даярлаудағы қазіргі заманғы үш сатылы оқыту жүйесі (бакалавриат, магистратура, докторантура) бойынша білім алушылардың халықаралық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру болып табылады. Айтса, айтқандай, академиялық ұтқырлық - студентерге басқа елдің мәдениеті мен дәстүрін, өзге университеттердің оқыту жүйесін, олардың тарихы мен тағылымын, тұрмысын етене тани білуге көмектеседі.

 

Абай университетінің студенттері сыртқы ғана емес, ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламалар бойынша, семестрлік оқуын еліміздің түкпір-түкпіріндегі беделді жоғары оқу орындарында өтіп келеді. ҚазҰПУ-дың білім беру бағдарламаларына сәйкес университет студенттерді серіктес жоғары оқу орнының дипломын және қосымша біліктілік алу мақсатында сол оқу орындарға да оқуға жіберіп отырады. Сондай-ақ, дәл осындай академиялық алмасу бойынша, басқа жоғары оқу орындарынан, өзге мемлекеттерден студенттер қабылдайды. 2023 жылы ішкі алмасу бойынша 44 студент Абай атындағы ҚазҰПУ-да семестрлік оқудан өтсе, аталған жылы Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінен, Қытай мемлекеттік Чжэцзян университеті, Слупск қаласындағы Померан академиясы, Ажинияз атындағы Нукус мемлекеттік педагогикалық институты, Минзу университеті сынды жоғары оқу орындарынан 38 студент мұнда семестрлік оқудан өткен.

 

Университетте әр оқу жылындағы «Академиялық ұтқырлық» ұтқырлығы ұлғаймаса, кемімеген. Ішкі және сыртқы академиялық мобильділік оқу орны үшін тиімді бәсекелестік пен сұраныстың ұлғаюына өз септігін тигізуде. Мұнда білім алушылар үшін жоғары және сапалы білім беру қызметтері, өз ғылыми бағытын айқындау, студенттердің жаңашыл идеяларын қолдау, оларды жұмысқа орналастыру мәселесі тұрақты түрде жолға қойылған. Аталған фактілер ЖОО аяқтаған студенттердің бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына, ал оқытушы профессорлар мен ғалымдар үшін ғылым, білім салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін арттырудағы рөліне басымдық береді. Абай университетінде сондай-ақ, шетелдік профессорларды тартуға, профессор-оқытушыларды күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, білім ошағына «ҚР жоғары оқу орындарына шетелдік профессорларды тарту» бағдарламасы аясында 2023 жылы 32 шетелдік дәріскер шақырылған. Олардың қатарында Франция, Германия, Израиль, Түркия, Польша сынды мемлекеттердің ең үздік университеттерінен келген профессорлар бар.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ білім сапасының артуы үшін, профессор-оқытушы құрамның әлеуетін жан-жақты нығайтуға, білім берудегі әртүрлі қажетті оқу бағдарламаларының әзірленуі үшін қолдан келгенді аянып қалмақ емес. Осы мақсатта өз оқытушыларын көптеген тағылымдамалар, жазғы мектептерге жіберіп, халықаралық семинарлар мен конференциялар бағдарламалары бойынша жан-жақты ұсыныс жұмыстары әзірленген. ЖОО оқытушылары әртүрлі халықаралық оқу бағдарламаларына - мемлекеттік «Болашақ», еуропалық ERASMUS+ жобаларына, DAAD Неміс академиялық алмасу бағдарламаларына қатысып, өз тәжірибелерін шыңдап келеді. Сөзімізге дәлел, 2021 мен 2023 жылдар аралығында Абай университетінен 42 адам «Болашақ» степендиясының иегері атанған. Магистранттардың тағылымдамасы бойынша, 2023-2024 оқу жылының көктемгі семестрінде барлығы 479 магистрант Түркия мемлекетінен іс-тәжірибе жинап келсе, тиісінше, күзгі семестрде 226 магистр Стамбул университетінен тағылымдамадан өткен.

 

Еліміздің әр университеті ұсынған академиялық ұтқырлық бағдарламаларының жүзеге асу қағидасы әртүрлі болғанымен, барлығы дерлік білім алушы мен білім берушінің мүддесіне қызмет етеді. Бұл үрдіс кеңіп, бағытын одан әрі нық дамытқан басқан сайын, отандық білім беру жүйесінің сапалы жетілуіне үлесін қоса бермек.

 

 

17.07.2024

Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz