қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
24.11.2017

БАСТЫ МІНДЕТ - ЛАТЫНҒА КӨШУ

 


 

Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің жиналысында «Қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы» мәселе талқыланды. Жиналысты жүргізген бөлімше төрағасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, професор Такир Балықбаев күн тәртібіне қойылған мәселенің өзектілігіне тоқталды.

 

Ұлттық ғылым академиясының Прези­денті академик Мұрат Жұрынов Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын басты міндеттердің бірі - қазақ жазуын латын қарпіне көшіру екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. А.Байтұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбектің негізгі баяндамасында, Тіл білімі инсти­тутының Бас ғылыми қызметкері, акаде­мик Өмірзақ Айтбаев пен ҰҒА коррес­пондант-мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университе­тінің проректоры, профессор Ғабит Кенжебаев­тың қосымша баяндама­ларында қазақ жазуы­ның тарихы, оның әр тарихи кезеңде саяси жағдайларға байла­ныс­ты өзге­ріске түсуі және бүгінгі тәуел­сіздік дәуі­ріндегі оның өзектілігі туралы әңгіме өрбіді.
Ғалымдар Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты биылғы атқарылған ұшан-теңіз жұмыстар, қазіргі ұсынылып отырған әліпби туралы өз ойларын ақтарды. 26 қазанда Мемлекет басшысының қазақ жазуын кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы Жарлығы барлық іске серпін беріп отырғаны айтылды. Баяндама­шылар да, жарыссөзде сөйлеген ғалымдар да, негізінен, латын қарпіне көшуге байла­нысты халық арасындағы түсінік жұмыс­тары табысты өткенін, халық бұл баста­маны толық қолдап отырғанын айтып, енді кезең-кезеңмен латын қарпіне көшуді жүзеге асыруға кірісу қажеттігін алға тартты. Бұл жөнінде олар нақты ұсынысы мен ой-пікірін ортаға салды. Ел назарына ұсынылып отырған латын қарпінің жаңа нұсқасын онан әрі жетілдіру туралы да бірқатар ой айтылды. Бүгінде жасы тоқсан­нан асып қалған көрнекті психолог-ғалым Құбығұл Жарықбаев ақсақал өзінің 1940 жылға дейін алты жыл латын қарпімен оқы­ғанын, сол кездегі нұсқаның оқуға да, жазуға да өте ыңғайлы болғанын айтып, осы нұсқаны қайтадан енгізсе дұрыс болар еді деген ойын айтты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева латын әліп­биін пайдаланып келе жатқан әлем елде­рінің әліпби жасаудағы тәжірибесіне тоқталды.
- Әліпбидегі әріп санының компью­тер пернесіндегі таңбалардан асып кетуінен қорықпау керек, - деді ғалым. - Мысалы, латын қарпін пайдаланып жүрген елдерде әліпбидегі әріп саны 30-дан 42-ге дейін жете­ді, бірақ сол елдер компьютерді өз тіл­дерінде еш қиындықсыз пайдаланып отыр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Ғабит Кенжебаевтың қосалқы баяндамасында айтылған ұсыныс­тар мен ой-пікірлер де көпшіліктің көңілінен шықты.
- Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, алдымен атқарылар жұмыстарды жоспарлап алсақ дейміз. Латын қарпінің емлесін қалып­тастыру және басқа да мәселелерді ақыл­дасып, келісіп шешсек артық болмас еді. Бізде тіл білімінің білікті мамандары баршылық. Сондықтан олардың тәжірибесі мен ғылыми әлеуеті осы іске пайдасын тигізері сөзсіз. Университетіміздің белгілі ғалымдары, ғылым докторлары Жұмағали Әбуов пен Таңат Аяпова латын қарпін енгізу жөніндегі Ұлттық комиссиясы­ның мүшелері болып сайланды. Олар бүгінде осы комиссияның құрамында табысты қызмет етуде.
Латын қарпін өндіріске енгізу ең алдымен білікті мұғалімдерді талап ететіні белгілі. Сондықтан оқытушыларды да, студенттерді де осы іске дайындайтын оқу топтарын ашу керек.
Елбасының: «2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайын­дауы­мыз қажет» деген тапсырмасына орай, тікелей оқулықтар, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік нұсқауларды дайындауды тездету қажеттігі туындап отыр.
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология және көптілді білім беру институты алдағы жаңа жылдан (үшінші семестрден) бастап барлық филология мамандықтары бойын­ша оқу үдерісіне «Латын жазуы негізіндегі түркі әліпбиі» пәнін енгізгелі отыр. Осы арқылы студенттерге латын әліпбиінің қыр-сы­рын терең үйретумен бірге, олардың латын әліпбиінің нағыз маманы болып шығулары­на мүмкіндік жасаймыз. Ертеңгі ауыл балаларын латын қарпіне үйрететін білікті мамандар осы студентте­рі­міз болатыны даусыз, - деді Ғ.Кенжебаев.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетінің профессоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Ораз­баева: Латын әліпбиі қабылданып, бүгінгі таңда оның қоғамдық-әлеуметтік мәні мен маңызы бұрынғыдан да жоғарылай түске­нін атап өтті.
- Алдымызда атқарылар істің нақты бағдары мен жоспары болғаны дұрыс. Біріншіден, қай кезде, қалай және не істеу керек деген сұрақтарға жауап іздесек. Атқарылар істі кезең-кезеңге бөліп анық­тауы­мыз қажет. Қазір универ­си­теті­міз­дегі филология институтының мұғалім­дері қала мектептеріне барып, студенттерді педагогикалық тәжірибеден өткізуге дайындық үстінде. Мектеп мұға­лім­дері де, ата-аналар да бізге көптеген сұрақтар қойып, латын қарпін игеріп кете аламыз ба, жоқ па деген қауіптерін білдіруде. Демек, бұл - олармен тиянақты түсінік жұмыстарын жүргізуіміз керек деген сөз. Бұл үшін олар­мен қосымша сабақтар, кездесулер өткізіп, латын әліпбиінің маңызын дұрыстап жеткізуіміз керек. Екіншіден, апробацияға созы­латын төрт жылда студенттермен экс­перимент жүргізуіміз қажет. Үшіншіден, қалалық әкімдікпен бірлесіп көше бойын­дағы жарнамаларды бірізді латын қарпі­нен жаздырсақ, көпшілік қауымның көзі үйреніп, қабылдай бастар еді. Төртіншіден, латын қарпін үйретудің ұтымды әдістемесін жариялап, жеңіл және қабылдауға дұрыс әдіс-тәсілдерді сұрыптап, іске қосқан абзал. Бесіншіден, латын қарпін үйренудің шағын әдістемелік нұсқаулығын көп тиражбен шығарып таратқан оңды. Алтыншыдан, мектептерде, жоғары оқу орындарында, мекемелерде арнайы курстар, факульта­тивтер, білік­тілікті жетілдіру дәріс­те­рін кең ауқымда өткізген тиімді. Жетін­ші­ден, ақпарат құралдарында арнайы сабақтар, айдарлар жүргізілгені көпшілік сұраны­сын қанағаттандырар еді, - деді ол.
ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің төрағасы, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев жина­лыс соңында барлық айтылған ой-пікір­лерді сараптай келіп, сөзін қорытын­дылады.
Мәжілісте алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Оның біріншісі - қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруде орфография мен орфоэ­пия ереже­лерін дайындайтын топ. Екіншісі - латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізетін әдістемелік топ. Үшіншісі - латын қарпінің негізінде қазақ тілінің тер­минологиялық базасын жүйелей­тін терминжасам тобы. Төртіншісі - латын қарпін IT технология талаптарына сәйкес келтіру үшін сарап­тамалық-техникалық топ құрылды. Бұлардың құрамына тіл білімі саласының кәсіби мамандары тартылып отыр. Олай болса, ҰҒА Қоғамдық және гу­мани­тарлық ғылымдар бөлімшесінің ға­лым­дары осынау мемлекеттік маңызы зор абы­ройлы іске белсене атсалысуымыз керек, - деді Т.Балықбаев.
ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің Жалпы жиналыс қоры­тын­дысы бойынша латын қарпін қолдау және енгізу жөнінде тиісті шешім қабыл­данды.

 

 

Авторы: Мырзахан АХМЕТОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

24.11.2017ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz