Главная /
СМИ о нас
29.03.2024 Мұғалім жетіспейді
Республика мектептерін білікті мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған келісім таяуда Алматы облысының Білім басқармасымен жасалды. Абай университетінің басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, академиялық мәселелер мен қоғаммен байланыс саласына жауапты департаменттердің басшылары келелі мәселелерді талқылады. Осы кездесуде ректор Болат Тілеп мұғалім «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы және Астана қалаларындағы жаңа мектептерді педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуге, ауылдық және қалалық орта білім беру ұйымдарындағы алшақтықты жоюға, мектеп директорлары мен орынбасарларын, мұғалімдерді қайта даярлау және біліктілігін арттыруға бағытталған университеттің жоспарлары мен бастамалары туралы баяндады.
Ынтымақтастық келісімі нәтижесіне сәйкес «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы облысының жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 26 жаңа мектебін білікті мамандармен қамтамасыз етіліп, облыстың 433 мектебінде физика, математика және химия мұғалімдерінің білім сапасын жақсарту, мұғалімдердің инновациялық бағдарламалар мен цифрлық технологиялармен жұмыс деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу іске асады.
Жетісу облысы Білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменовпен кездесуде орыс тілі, математика және информатика мұғалімдері тапшылығы айтылды. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандармен қамтамасыз ету, мұнымен қоса білім сапасын жақсарту үшін мектеп басшылығы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, қайта даярлау мәселелері де жалғасын табуға тиіс. Осы кездесу барысында меморандумға қол қойылып, білім беру саласының өзекті мәселелері, оның ішінде университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шаралар талқыланды.
29.03.2024ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |