Главная /
СМИ о нас
29.07.2023 Хәкім Абай ілімінің шырақшысы
Қазақ даласына хәкім Абай ілімін насихаттап, ұлт мүддесін өмірінің басты мақсаты ретінде ұстанып, еліне пайда тигізер өнегелі істердің бастапқы сапында жүрген тұлғалар аз емес. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық сананы Абай ілімімен оятып, ақынның даналығын әрбір қазақтың бойына сіңіруге қадам жасап, ойшыл қарасөздерінің ерекшеліктерін зерделеп, пәлсапалық мәнін түсіндіріп, «Абайды тану - қазақты тану» деген ұғымды әрбір жүрекке жеткізіп жүрген абайтанушы ғалымдардың бірі - Шойынбет Жабал Алшынбекұлы.
Ұстазы, көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ұстазының бағыт-бағдары бойынша хәкім Абайдың даналық тағылымын, шығармашылығын өмірлік тақырыбына айналдырған ғалым Ж.Шойынбет осындай игі мұрат жолында еңбектеніп жүрген зерттеуші. Ойшыл ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген ғылыми еңбектердің жарыққа шығуына мұрындық болып, атсалысып, сонымен қатар хәкім Абай даналық тағылымы жөнінде пайымды зерттеулер жазып жүрген еңбекқор азамат. Сөзімізге дәлел ретінде төмендегі еңбектерді тілге тиек етіп өткенді жөн санап отырмыз. Абайдың академиялық екі томдық (1995 ж.) жинағы, «Абай мұрасының өзекті мәселелері» атты (2010ж. М.Мырзахметұлы, М.Әліпханмен бірлескен авторлықта) ғылыми еңбегі, «Абайдың дана сөздері» (2015 ж.), «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» (2015 ж.) монографиялары, «Түркістан - Кентау белестері. Қазақтың соңы биі - Шойынбет» (2022 ж.) кітабы, «Абайдың «толық адам» ілімінің зерттелуі және ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» (2022 ж.), «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту» (2023 ж.) зерттеулерін атап өтуге болады. Хәкім Абай тағылымын ғұмырының негізгі темірқазығына айналдырған абайтанушы ғалым Ж.Шойынбет қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарады.
Ж.Шойынбет Абайдың хәкімдік болмысы туралы пайымды тұжырымдарын айтып та (сұхбаттары, теледәрістері), жазып та (мақалалары, зерттеу еңбектері) жүретінін білеміз. Ұлтымыздың үні саналатын Қазақ радиосының «Сөз киесі» хабарында берген кезекті сұхбатында Ж.Шойынбет: «Абайды қайта-қайта оқыған адам жетіледі. Абай өлеңдерін тек тақпақ ретінде жаттатып өттік. Оның шын мәнін түсінетін уақыт жетті... Абайдың өлеңі мен қарасөзін қатар оқысаңыз, үлкен мән шығарып, ішкі мағынасын түсінесіз. Бүгінде адамзат баласы рухани құлдырауды басынан өткеруде. Абайда адамзат баласына қажетті ізгілік пен құндылықтар бар. Біз, ең біріншіден, адамзаттың Абайы деп жас ұрпаққа оның хәкімдік болмысын насихаттап, түсіндіруіміз қажет», - дейді.
Ұстазы М.Мырзахметұлының көкірегі ояу, санасы сергек шәкірті Ж.Шойынбетке Абайдың қарасөздерін зерделеуді ғылыми тақырып ретінде ұсынған кезде өзінің жетекшісіне берген жауабын бүгінгі күні былай деп есіне алады: «Сен қалайда осы тақырыпты зерттеу нысаны ретінде алуың керек», - деген ұстазы Мекемтас ағаның ұсынысына ол: «Ой, ағай, Абайдың қарасөздерін негізінен М.Әуезов, Х.Сүйіншәлиев қана зерттеген. Сол кезеңдегі идеологияның талабына сай еңбектерінде хәкімнің даналық тағылымы жайында толық зерделеуге мүмкіндіктері болмаған, айтар ойларын емеурін ретінде ғана жеткізген. Мұндай күрделі тақырыптың көтерер жүгі, салмағы өте ауыр болады», - деп бұл тақырыпты алудан «қаштым». Сонда Мекемтас ағай: «Әрине, оңай дүние емес, қиналасың, бірақ соңында ұтасың. Абайды қайталап оқыған сайын жетілесің, ешқашан тоқырап қалмайсың...», дейді. Ойын ары қарай былай деп өрбітеді: «Шынында да, Абайдың қазақ халқына айтқан насихаты - бүкіл адамзат баласына айтқан ой даналығы. Қазақтың Абайы ғана емес, ол ақындық жолдан хәкімдік дәрежеге көтеріліп отыр. Хәкім бүкіл адамзат баласына жақсылық ойлап, сол жақсылықтың жолын насихаттап, өнеге көрсететін адам, ол - хәкім, ол - Абай».
Хәкімнің даналығынан тағылым алған Ж.Шойынбеттің басты мақсаты - Абайдың «толық адам» ілімін зерттеп, оны кемел келешекке насихаттау, сол арқылы әрбір жүректі ізгілікке бөлеу. Ғалым күллі қазақ даласын хәкім ілімінің сәулесімен шуақтандырып, ақынның қарасөздерін көп жылдар бойы індете зерттеп, тапжылмай ізденіп келеді әрі бұл үддеден шыға білді.
Ж.Алшынбекұлы бұл жайында: «Абайдың ақындығы дегенімізде оның өлеңдері жақсы зерттелді, ал ақынның даналық ойларының қайнар көзі - қарасөздері толық зерттелмеді. Басты кедергі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген діни көзқарасы еді. Абайтанудың негізін қалаушы Мұхтар Әуезовтің білсе де айта алмаған мәселелерін хәкім Абай даналығына өзінің бүкіл шығармашылық ғұмырын арнаған Мекемтас Мырзахметұлы терең талдау жасап, жан-жақты ашып көрсетіп, хәкімнің «толық адам» ілімін жан-жақты зерттеп, көпшілікке ұсынды. Міне, біздің орталық абайтанудағы осы жаңалықты көпшілікке насихаттауды, жас ұрпаққа оқытуды қолға алды. Орталық ашылған кезеңнен бері онда қызмет еткен, қызмет етіп жүрген ғылыми қызметкерлер «Абайтану» сериясы бойынша 1909 жылы шыққан Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауидің «Насихат Қазақия» (2009 ж.), 1916 жылы шыққан Самат Әбішұлының «Абай термесі» кітабын (2010 ж.) М.Мырзахметұлының түсіндірмесімен қайта жариялады. М.Мырзахметұлы өзінің тағы бір шәкірті Нұрқанат Керімбековпен бірге 5-9 сыныптарға арналған «Абайтану әліппесі» (2010 ж.) интелектуалды оқу-әдістемелік кешенінің электронды нұсқасын әлемнің ең үздік технологиясымен Жапонияның Токио қаласында жарық көрді. М.Мырзахметұлының «Хакім Абай мұрасын танып білудің 125 (1889-2014) жылдық тарихынан» (2015 ж.), «Абай лұғаты» (2017 ж.), «Абайдың шығыстық әлемі» (2020 ж.), «Абайдың «толық адам» ілімі» (2020 ж.) кітаптары жарық көрді. Мекемтас ағай «Абай лұғаты» сөздік кітабын ұзақ жыл жазды, себебі Абай шығармаларынды түсінікке ауыр терминдерді анықтау оңай болмады, ал «Абайдың «толық адам» ілімі» кітабы да көп жылдық зерттеуінің қорытындысы боларлық өте күрделі ғылыми еңбек. Абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының тек Абай шығармашылығына байланысты еңбектері он том кітап болып «Қазығұрт» баспасынан шықты. Біздің мақсат - Абайдың «Толық адам» ілімін еліміздегі барлық жоғары оқу орындары пайдаланатындай «Абайтану» пәніне арналған оқулық, хрестоматия, қосымша оқулықтарды қайта өңдеп, толықтырып ұсыну. Әрине жаңа бастаманың жаңа істің жолы ауыр болатынын түсінеміз, сондықтан да біздің абайтанушы-ғылымдарымыз ұрпақ үшін аса қажетті Хәкім Абай даналығын ұзақ жылдар зерттеп ғана қоймай, нақты іспен тәжірибе жинадық, бұл - «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы ұжымының басты артықшылығы деп білемін. Мақсат Әліпхан «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» (2013 ж.), Марат Бекбосынов «Дулат пен Абай шығармаларының үндестігі» (2015 ж.), мен (Ж.Шойынбет - авт.) «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» (2015 ж.), «Абайдың дана сөздері» (2015 ж.), Балжан Жабалқызы «Абай қарасөздеріндегі шығыстық сарындар» (2012 ж.) туралы зерттеу жүргіздік. Жоғарыда аты-жөндері аталған барлығымыз да Мекемтас ағайдың шәкірттеріміз. 2010 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің барлық мамандықтарында тұңғыш рет «Абайтану» пәні енгізілді. 2013 жылы «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығындағы абайтанушы ғалымдардың бастамасымен мектептерге «Абайтану» таңдау пәні ретінде жүргізіле бастады».
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Біз елге, ұлтқа Абайша өмір сүруді үйретуіміз керек... Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз қажет. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алу қажет. «Толық адам концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», - деп пайымды тұжырымын білдірген болатын. Ж.Шойынбет рухани құндылықты дәріптейтін мұндай өзекті мәселе жайында былай дейді: «Ғылыми жетекшіміз М.Мырзахметұлының «толық адам» ілімін зерделеген еңбектерін біз, абайтанушы шәкірттері жас ұрпаққа насихаттаудамыз, ұстазымыздың өнегесімен өзіміз де зерттеу еңбектер жазып, Абай танымын жаңаша түсіндірудеміз. «Абайтану» пәні тек Абай шығармашылығын ғана емес, сонымен қатар қазақтың тілін, дінін, дәстүрін үйрететін «Қазақтану» пәні, себебі хәкім Абай қазақтың, адамзаттың рухани құндылықтарын бойына сіңіріп, оны қорытып, қайта ұсынып отыр. Хәкім Абайды таныту - адамзаттың бәріне қажетті даналықты таныту».
Ғалым қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер мен өткір тақырыптарды көтеріп, қоғамдық ойдың талқысына салып отырады. Бұл пікірімізге Ж.Шойынбеттің хәкім Абай ілімін, тағылымын саф күйінде насихаттауды мақсат етіп қойғанын, осы мұрат жолындағы миссиясын теле-радио бағдарламаларына беріп жүрген сұхбаттарынан, әртүрлі мерзімді басылым беттерінде үнемі жарияланып тұратын мақалаларынан аңғарамыз. Абайдың рухани әлеміне қатысты барлық құбылыстарға жіті қарап, оңы мен терісін оянған сананың жоғары деңгейімен бағамдап, бұдан шығатын дұрыс жолды көрсетеді. Ол өзі айтқандай, Абайдың «толық адам» ілімін зерттеп, сол арқылы жүректерді ізгіліктің шұғыласымен ояту. Жоғарыда атап өткен мәселелер ғалымның ұлтқа, оның руханиятына жанашыр екенін және қайраткерлік болмысын айғақтайды.
Ж.Алшынбекұлы: «Абайдың рухани әлемін ашуда қазіргі күні өнер саласында, әсіресе, отандық киноиндустрия саласында жаттандылық, көшірме, жасандылық сияқты мәселелер орын алуда. Абай бейнесі үнемі шапанын желең жамылған, алып денелі, жалғыз өзі адымдап бара жатқан ортадан тыс бейне ретінде сомдалады. Сонымен қатар Абай сахналық көріністерде де шапанын жамылып үнсіз отырады, ол қашанғы үнсіз отыра береді?! Данышпан даналығын сөзбен жеткізу керек қой, ал біз өзіміз сырттай мадақ-мақтау айтып сөйлей береміз, сөйлей береміз. Бұл не деген жаттандылық, не деген жасандылық?!? Абай бейнесін өнерде сомдауда, бейнелеуде алдыңғы ағалардың ісін қашанғы көшіре береміз, ізденісіміз қайда, Абайдың даналығы қайда?!», - деп көкейдегі сауалдың жауабын іздейді. Шынында да, ұйысқан ұлт ретінде баршамыз ойланатын маңызды сұрақ. Абайдың даналығын әрбір қазағының жүрегіне жеткізіп, қазақтың ұлттық рухын көтеріп, мүлгіген мылқау тыныштықтан оятып, құлдық санадан азат етсем деген ізгі арманы ғалымның жанын күндіз-түні жегідей жейтінін жан дүниемізбен сезінеміз. Абайтанушы ғалым хәкім салған ізбенен жүре отырып, ұйқыдағы жандарды хәкім ілімінің шамшырағын жағып оятып, ақынның бір оқыған адамға түсініксіздеу көрінетін күрделі қарасөздерінің мәнін ашып, ой байламдарын тереңнен тарқатып, түсінік беріп отырады. Жалпы алғанда, хәкімнің қарасөздері пәлсапалық терең мәнге ие болғандықтан, оны жалаң оқып, құр сырттай үңілу ойшыл әлемінің тылсым жұмбағын аша алмайды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің: «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында оқырманға былай: «Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп жазады», - дейді. Оны сан мәрте оқып, Абайдың айтпақ болған ойының түпкі мәнін түсіну, өлеңдерімен сабақтастыра отырып, ой-тұжырым жасау өте күрделі мәселе екенін білеміз. Сондықтан данышпанның қарасөздерін зерттеушілер қатары сирек. Аталмыш тақырыпта қалам тербеудің өзі санаға салмақ түсіріп, үлкен жауапкершілікті, асқан қырағылықты талап етеді. Бұл тұрғысынан Ж.Шойынбет Абайды мың мәрте оқу, үздіксіз талмай іздену, қиынға қарай қыранша қанат қағу арқылы өнімді еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері Ж.Алшынбекұлының өмірлік ұстанымына айналды. Ойшылдың хәкімдігі жайында ғалым: «Абайдың хәкімдігін шығармашылығынан айқын аңғарылады. Мысалы, «Отыз сегізінші қарасөзінде» Абай «адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хәкім, пайғамбар, Алла» деп, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Абай: «Дүниеде ғалым көп хәкім аз. Ал ғалым хәкім бола алмайды. Хәкім ғалым бола алады» дейді. Яғни хәкім ілуде біреу шығады. Сосын Абай: «Егер де хәкім болмаса, дүниенің астан-кестені шығар еді» дейді. Яғни ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттың жақсылығы үшін де, жамандығы үшін жұмсай береді. Ал хәкім жаңалығын тек қана бір-ақ нәрсеге - бүкіл адамзаттың жақсылығына ғана жұмсайды», - дейді. Ж.Алшынбекұлының абайтанушы ғалымдарға қатысты өмірде көргені мен білгенінен түйіндеген мол тәжірибесі бойынша өзіндік пікірі бар. Ғалым: «Өз басым абайтанушы деп М.Әуезовті, Қ.Мұхамедхановты және ұстазым М.Мырзахметұлын толық мойындаймын. Бұлар бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мұрасын зерттеуге, насихаттауға арнаған... Соңғы уақыттарда тегіне абайтанушы деген атақты өздері қосарлап жазатын абайтанушылар да көбейіп бара жатыр, кейбіреуі науқандық бір-екі мақала жазса, кейбіреуі тіпті Абай туралы бірде-бір мақала жазбаса да өздерін абайтанушымын деп атайды», - деп шындықты айтады.
Ж. Шойынбет ұлт жанашыры, зерделі абайтанушы ғалым, ұстазы М.Мырзахметұлының ізін жалғастырушы. Ұстазының бойындағы қазақ ұлтына, руханиятына, ел мен жерге деген жанашырлық пен адалдықты, бірбеткейлікті, тектілік пен өткірлікті сіңірген. Ол әлдекімнің орынсыз пікіріне құлақ аса бермейді, өмірде де, ғылымда да дегдар ғалымға тән бекзадалық пен рухани тазалықты, абзал азаматқа тән ізгі қасиеттерді өн бойына жинақтаған. Өмірде, ғылымда өзіндік ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен өрнегі бар, болмысынан кішілік пен кісіліктің шуағы тараған үлгі-өнегесі бар абыройлы азамат. Хәкім Абай ілімінің шырақшысы Шойынбет Жабал Алшынбекұлының өмір жолына тек бақыт пен ізгіліктің алтын шуағы шашылып, данышпан Абайдың даналығын, тағылымын қоғамға, жас ұрпаққа насихаттай беруіне тілектеспіз. Өйткені сол дарытқан даналықты қазақ сахарасына «Абайды тану - қазақты тану» деген ғұмырлық ұстаныммен ұлтының ұрпағына ұялататын да өзі болмақ. «Хәкім Абайды таныту - адамзаттың бәріне қажетті даналықты таныту» болса, ақын Абай, хәкім Абай ілімінің жарық шырағы өзіңіз аңсағандай әрбір жүректерді жарықтандырып, көңілдерді тек имандылық пен ізгілік нұрына бөлей берсін деп түйіндейміз. Осындай ізгілік жолында сізге қуатты денсаулық пен қажыр-қайрат, ұзақ ғұмыр мен толағай табыстар тілейміз.
Авторы: Дәурен Бақдәулетұлы филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі 29.07.2023 ж. Ақпарат көзі: abai.kz
|