қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
05.05.2017

«MISS KAZNPU - 2017» СҰЛУЛЫҚ ЖӘНЕ ТАЛАНТ БАЙҚАУЫ


         2017 жылдың 29 сәуірі күні «EXPO - 2017" халықаралық көрмесін қолдауға арналған «Жастар. Шығармашылық. Инновация» тақырыбындағы студенттік көктем фестивалі аясында «MISS KazNPU - 2017» сұлулық және талант байқауы өтті.
          Жан-жақты сынға түскен аруларды бағалау үшін өнер, мәдениет саларында өзіндік орны бар тұлғалардан қазылар алқасы жасақталды. Қазылар алқасы құрамында «Дарын» сыйлығының лауреаты Астана қаласы «Жастар» театрының директоры, әнші, актер Е.Қ. Жұматаев, Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясатын дамыту басқармасы бастығының орынбасары Қ.А. Бекбенбетова, Мәдениет бөлімінің бастығы М.М. Жәутіков, «МузАРТ LIVE» жобасының жеңімпазы Нұрхат Сегізбай және «Мисс Алматы» финалисті, «Мисс золото Сочи», мисс фотомодель, кино және театр актрисасы - Алия Даниярова болды.
         Аталған байқауға университетімізден барлығы 8 ару қатысып, олар ақыл мен парасат, сұлулық пен сымбат, өнер мен өнеге сынға түсетін 5 кезең бойынша сайысқа түсті. «Таныстыру» кезеңінде арулар өздерінің білімін ортаға салса, ІІ- ІІІ кезеңдерде арулар «EXPO - 2017» көрмесіне қатысты сауалдарға жауап беріп, инновациялық идеяларын көрермендер назарына ұсынды. Соңғы айналымда ару қыздарымыз өздерінің сымбатын «Көктем лебі» дефилесінде паш етті. Байқау қорытындысы бойынша Филология және көптілді білім беру институтының студенті Дауылбаева Назерке бас жүлде иегері атанып, Астана қаласында өтетін «EXPO-2017» көрмесіне билетпен, «Maybelline» (АҚШ) сәнді косметикалық компаниясының арнайы сыйлығы және Студенттік кәсіподағы ұйымы тарапынан бағалы сыйлықпен марапатталды.
        I орын иегері Педагогика және психология институтының студенті Көшербай Мадина, II орын иегері Өнер,мәдениет және спорт институтының студенті Бисалиева Азиза, III орын иегері Сорбонна-Қазақстан институтының студенті Саяқбай Ақсауле Студенттік кәсіподақ ұйымы тарапынан ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушы аруларға ұйымдастырушылар тарапынан «Көрермен көзайымы», «МИСС ИНТЕРНЕТ», «МИСС ЕХРО», «МИСС ПОДИУМ» сынды номинациялар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
           Шара барысында барлық қатысушы қыздарымызға «Maybelline» сәнді косметикалық компаниясы кәсіби бет әрлеу (макияж) жұмыстарын жүргізіп, барлық жанкүйер қыздарымызға сұлулықтың қыр-сырын таныстыратын шеберлік сыныбын өткізді.

 

    

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты жөніндегі басқарма