Главная /
СМИ о нас
13.02.2023 Өнімділікті болжаудың әдісі әзірленуде
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың базасында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын «Отырар ауданындағы топырақ тұздылығының жүгерінің өсіп-өнуіне әсерін зерттеу және дақылдың өнімділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу» жоба сәтті жүзеге асырылуда.
Талантты ғалым, PhD докторы - Шахислам Лайсханов жетекшілік ететін ғылыми жобаны Абай университетінің географ-ғалымдары және Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының топырақтанушы-ғалымдары бірлесіп орындауда. Жоба аясында ғалымдар біршама нәтижелерге қол жеткізіп, бірқатар жарияланым жасаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Атап айтар болсақ, жоба аясында Scopus және Web of science халықаралық деректер базасына кіретін журналдарда 3 мақала, ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған рецензияланатын отандық басылымда 1 мақала, халықаралық конференциялық жинақта 1 мақала және 1 монография жариялаған.
Жоба аясында ғалымдар Отырар ауданының жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануы уақыттық (мезгілдік) және кеңістіктік тұрғыдан құбылатынын анықтап, бұл құбылыстың мезгілдік және кеңістіктік динамикасын жасап, зерттеу нысанындағы топырақтардың тұздану заңдылықтарын анықтаған. Сонымен қатар, жүгері егістіктеріндегі топырақтардың тұздануын далалық зерттеу және ғарыштық әдістерді қолдана отырып зерттеу және жерді қашықтан зерделеу мәліметтерін негізге ала отырып, тұздану картасын құрастырудың алгоритмдерін дайындаған.
13.02.2023ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |