қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
26.12.2022

Профессор Б. Әбдіғазиұлының мерейтойы кеңінен атап өтілді


Қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бір ғасырға жуық тарихы бар Филология институты елімізге кеңінен танымал ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар қалыптастырған киелі білім ордасы. Мұнда кешегі Алаш арыстарынан бастап көптеген тіл мен әдебиет майталмандары ғылыми мектептің биік белесті бағындыруына ықпал етті. Үстіміздегі жылдың 22 желтоқсанында кешегі әдебиет алыптарының ізін жалғастырушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, 30 жылға жуық осы институттың көшін түзеп, іргесін бекітуге өлшеусіз үлес қосқан Балтабай Әбдіғазиұлының 70 жылдық мерейтойына байланысты "Заманауи білім беру кеңістігіндегі филология ғылымы: дәстүр мен инновация" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.


Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларының жоғары оқу орындары басшылары мен ғалымдары, отандық университет басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Балтабай Әбдіғазұлының шәкірттері қатысты.


Іс-шараны ашқан университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Дархан Нұрланұлы қазақ ғылымында өзіндік орны бар Балтабай Әбдіғазиұлын бүгінгі мерейтойымен құттықтады. - Тәуелсіз Қазақстанның тарихында біздің универсиетіміздің де өзіндік орны бар. Тұңғыш білім ордасы арада қанша уақыт өтсе де, өзінің тұғырынан төмендеген емес. Қазіргі таңға дейін еліміздің орта мектептерін білікті мамандармен қамтамасыз ету жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Бұл қажырлы еңбекте бүгінгі мерейтой иесі Балтабай Әдіғазиұлының өзіндік орны да ерекше. Өйткені университет қабырғасынан түлеп ұшқан он мыңдаған шәкірттің сапалы білім алуына ардақты ұстаз - Балтабай ағамызда сүбелі үлес қосты.


Сондай-ақ Балтабай ағайдың замандасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнолла-Ғабден Бейсенғали «Шәкәрімтану мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, мерейтой иесінің ғалымдық қырын жаңаша танытты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев, ҚР ҰҒА кореспондент-мүшесі Ф.Оразбаева, Ш,Құдайбердіұлы атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембеков, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д., Сейфитдин Сүтжанов, қырғыз Республикасы ҰҒА академигі А.Ахматалиев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты А.Әлтаев Түркия Фырат университетінің профессоры, ф.ғ.д., А.Буран, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының профессоры, ф.ғ.д., Г.Орда Өзбекстан Журналистика және бұқаралық қарым-қатынастар университетінің профессоры П.Алламбергенова, ҚҰҚПУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., қауым.профессор А.Көшекова, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университет қауым.профессоры, Phd доктор А.Ақболатов және басқа да еліміздің жоғары оқу орындары ғалымдары баяндамалар жасап, ағамызды мерейтойымен құттықтады.


Балтабай Әбдіғазиұылының шәкірттері, бүгінде «Қоңыр» тобы деген атпен елімізге танымал әншілер әннен шашу шашса, институттың «Күлтегін» бірлестігінің студенттері ағайдың жастық шағынан қойылым қойып, сонау 70-80-ші жылдарға саяхат жасады.


Конференция модераторы институт директоры Алуа Василийқызы бүгінгі іс-шараға келіп, офлайн және онлайн қатысып отырған мәртебелі қонақтардың өзі іс-шара маңыздылығын арттырып отырғанын жеткізді. Балтабай Әбдіғазиұлының білікті ұйымдастырушылық пен жанашыр азаматтық тұлғасын бүгінгі қонақтардың ыстық ықыласынан да байқауымызға болады. Бұл қадірлі ұстазымыздың өзінің адал еңбегімен шыққан биігі, - деп сөзін қорытындылады А.Таңжарықова.


Конференция соңында институт ұжымы мен университет басшылығы Балтабай Әбдіғазиұылының иығына шапан жапты.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=