қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
13.01.2023

Жоғары білім беруді цифрландырудағы басым бағыттар талқыланды

 



13 қаңтарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогикалық білім беру әлеуетін дамыту» қысқы мектебі аясында форсайт-сессиясы өтті деп хабарлады turkystan.kz.


Университет ректоры Дархан Біләлов жоғары білім беруді цифрландырудағы басым бағыттарға тоқталып, саладағы мамандарды, болашақ педагогтерді және цифрлық технологияларды даярлауда атқарылатын міндеттерді атап өтті.


«Абай университетінің 2022-2025 жылдарға арналған даму стратегиясында цифрлық университет болу мақсаты қойылған. Цифрлық білім берудің жоғары тиімді экожүйесін құру, болашақ педагогтердің цифрлық дағдылары мен құзыреттерін арттыру, цифрландыру саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту білім алушыларды оқытуда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге, озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заманауи кәсіби құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді», - деді ректор.

 

Форсайт-сессияда Абай атындағы ҚазҰПУ қызметінің қандай аспектілерін цифрландыру, цифрлық технологияларды үлкен топтарда оқыту үшін тиімді құралға айналдыру, қолайлы цифрлық экоорта құру мәселелері талқыланды.


Сессия кезінде қатысушылар топқа бөлініп, берілген тақырып бойынша мәселелерді анықтап, талдап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

 

Қысқы мектеп барысында педагогикалық ұжымның біліктілігі мен цифрлық дағдыларын арттыру бағдарламалары қарастырылды.


Айта кетейік, іс-шараға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, Институционалдық тиімділік кеңсесінің басшысы Шерипидин Хамраев, университеттің кадрлық резервінің мүшелері, «Білім берудегі коуч» курсының тыңдаушылары, Білім беруді цифрландыру департаменті мен Тестілеу орталығының қызметкерлері, институт директорларының орынбасарлары, информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасының оқытушылары қатысты.

 

13.01.2023 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz