қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.12.2022

Қарапайымдылықтан бастау алған сүрлеу ұлылыққа апарары сөзсіз

 


Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері ағалық буыннан аталық кезеңге аяқ басқан аспантаулар арасында оң - солын таныған 70 жасқа толғалы отырған Бақдәулет Тұрбекұлы Берлібаев жайлы болмақ. Ол 1979 жылы бүгінгі күні қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы Абай атындағы Қаз ҰПУ-дың тарих факультетін үздік белгімен бітірген санаулы кәсіби тарихшылардың бірі. Бүгінгі таңда ол еліміздің Жоғарғы оқу орындарында 43 жыл бойы үздіксіз білім беріп келе жатыр.


Студенттік құрылыс бөлімдерінің аудандық және аймақтық, интернационалдық бөлімшелерінің басшысы болып, деканның орынбасары, декан дәрежесінде қызметтер атқарған іскерлік-ұйымдастыру қаблеті мол талант иесі. Тәуелсіз елдің іргетасын қалауда өзіндік орны бар тұлға. Зиялы азамат ретінде 2010 жылы өз мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғап, ұлттық тарихи білімді насихаттап келе жатқан білікті ұстаз, бірегей ғалым, тамаша тәлімгер, баспасөз ақпарат құралдарында тұрақты публицист ретінде де белгілі. Енді осы мерейтой иесінің азаматтық тұлғалық ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқтағанды жөн көрдік.


Біріншіден, білікті ұстаз. Бақдәулет Тұрбекұлы өз мамандығына шексіз берілген. Абай университетінің тарих факультетін тәмамдаған менің көптеген замандастарым өздері қазір мұғалім, оқытушы болып жүрсе де, Бақдәулет ағай біздер үшін өмірлік тәлімгер, яғни ұстазымыз болып қала бермек. Сонда біздің буынның өкілдеріне ол өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып білім нәрімен сусындатып, қандай бағыттағы тәлім-тәрбие берді және қазіргі күні біз одан қандай қорытынды шығара алдық? - деген заңды сұрақ туындайды. Сөзіміз дәлелді болып, оған нақты жауап беру үшін кішкене шегініс жасау қажет.


Бақдәулет Тұрбекұлы бізге тәуелсіздіктің елең-алаңында «Саясаттану» пәнінен сабақ берді. Бұл өзі бұрын-соңды естімеген пән еді. Байқаймыз, жаңа пәннен сабақ жүргізу ағайымызға да оңай болмай жүрді... Онысын ол өзі де мойындап, ортақ іске жұмыла кірісуді айтатын. Осыдан кейін ағайымыз болып, біз болып пәнге қатысты таласқа толы материалдарды бірлесе талдаған кездеріміз көп болды. Өзі болса, көбіне саясаттағы Шығыс Европадағы Польша ғалымдарының айтқандарына арқа сүйеп, онысын біздің ділімізге бейімдеп оқытуға тырысатын.


Қалай болғанда да ол, біздің пәнге деген қызығушылығымызды арттырып, «Саясаттанудың» арғы бергі қырын тереңірек білуге деген көңіліміз бен пейілімізді жандандырып жіберді. Демек бұнда, қазіргі әріптесіміз - Бақдәулет ағаның білікті ұстаз ретіндегі ықпалының болғанын, оның білім берудегі аялы алақанын ашып, бойындағы бүкіл қажыр-қайраты мен ыстық жүрегінің жылуының мейрімі болғанын бүгінге дейін сезінеміз. Сондағы айтпағымыз, сол кездегі көкшыбық жастарды өзімен қатар тең санай жүріп, жалпы білімге, ғылымға жалпы жаңалық атаулыға деген ынта-жігерімізді оята білсе, бұл оның аяулы ұстаз ретіндегі аса үлкен шеберлігінің бір ғана парасын білдірсе керек.


Екіншіден, ол тәрбиеші, тәлімгер. Азамат ретінде оның тікелей тәрбие ісімен байланысты қасиетін баса көрсеткен жөн болар. Бақдәулет ағамыз, 1993 жылы мен аспирантурада оқып жүргенде тарих факультетіндегі деканның тәрбие жөніндегі орынбасары болып істеген кезінде ерекше байқалды. Сондағы оның жоғары курс студенттерімен жұмыс істеу әдістерінен байқағанымыз, оның әділдігі мен көпшілдігі және қарапайымдылығы бірден көзге түсетін еді. Тәрбиеші ретінде студенттік топтарға келіп өзінің ағалық ақылымен қатар жинақталған тәжірибесімен бөлісетін.


Ол бірде жатақханада тұратын студенттердің жай-күйімен танысып жүрсе, бірде олармен бірге доп ойнап емен-жақын араласа білетін. Оның беделі студент-жастар арасында жоғары болды. Сол кездергі: «Өз тағдырларыңды өздерің шешуде жауапкершілік таныту керексіңдер!» - деген демократиялық принципті ұстап, отырған студенттердің бірі сияқты жымиған күйіндегі кейпі әлі күнге естен кетпейді. Ол бірде студенттерге музейлерді аралатса, енді бірде, 28 - Панфиловшылар атындағы саябақта сенбілік жасап, солармен бірге жұмыс жасап жүре беретін.


Оның осы бір жастармен қатынастарынан студенттерді толғандырып жүрген мәселелердің кең арасынан табылып соны шешуге ұмтылып тұратыны байқалып тұрушы еді. Осылайша ол, сол кездегі тәртіп бойынша деканаттың арнайы өкілі ретінде жұмыс істейтін (староста, комсорг, профком) үш белсенді жөніндегі жұрттың көзқарастарын алдын-ала біліп алатын да, әлгілерге үлкен сенім арту арқылы оларды жөнсіз қинамай, мүмкіндігінше еркін болуға жол ашып беріп, топтағы түрлі іс-шараларды жеке адамдарға емес бірлесіп шешуді ұйымдастырудың шебері еді.


Оның тәрбие ісіндегі көпқырлылығы алыстан-ақ байқалып тұратын. Ол кезде сабақ арасындағы үзілістерде деканның тәрбие жөніндегі орынбасарын орнынан табу оңай емес болатын. Ол көбіне, коридордағы студенттермен сөйлесіп тұрса, енді бірде оны аутиториядағы студенттердің арасынан көресің. Сондай жағдайда, жанына келіп, оның не туралы әңгіме құрып тұрғанын естісең, студенттердің көңіл-күйіне байланысты қарапайым нәрселерді білгісі келетінін байқайсың. «Ау, сен неге тұнжырап тұрсың, бір нәрсе айтқың келіп тұрған сияқтысың, түріңнен көріп тұрмын.


Бүгілме, айт! Егер қазірден бастап өз талаптарыңды дер кезінде қоя алмасаңдар, ондай жаман әдет өмір бойы сенен ажырамайтын болады» деп, әлгі студенттердің ішкі жан дүниесін түсінуге, білуге тырысатын. Көптеген студенттер өз проблемаларын жеке айтып шешуге тырысатыны белгілі дүние ғой. Осыған орай: «Ағай, жағдайды өзіңізге айтқым келіп іздеп барсам, орныңызда болмадыңыз дегендерге, ол кісі «Сабақтан кейін, бос уақытыңда кел, сөйлесейік!» дейтін.

 

Ия, әрине студентке де керегі сол ғой. Кейбір студенттерге жатаханадан орын алу мәселесі немесе ауысу туралы мәселелерді ауырлатпай және сөзбұйдаға салмай табан астында шешіп беретін. Деканның тәрбие ісінің орынбасары ретінде старосталарды беймезгіл шақырып, өзін көрсету мақсатындағы сансыз жиындарды өткізіп, тынымсыздық көрсетіп мазалапмайтын. Оларды үлкен үзілісте шақырып алатын да, ненің не екендігін сол 15 минут ішінде білуге тырысып, ұзын сонар әңгімеге бармай, мәселені қолма-қол шешіп беруге талпынатын.


Бақдәулет Тұрбекұлының осындай ұйымдастыру әдістері, студенттер арасынан шыққан белсенділердің сабақ оқуына кедергісін келтірген жоқ. Тәлім мен қатар тәрбиеші, деканның орынбасары болып жүрген жылдары студенттердің бос уақытын бекер өткізбей, жан-жақты болуына айрықша көңіл бөліп жүрді. Біздермен болатын шағын уақыт аралығындағы жиылыстарда рухани жетілу дегенді көп айтатын. Ол: «Биыл қанша әдеби кітап оқыдыңдар? Театрларға барып тұрасыңдар-ма? «Опера мен балет қызықтыра ма?


«Осы аптада жастар театрында мынандай тақырыпта қойылым болмақшы, барыңдар, көріңдер, өздеріңнің рухани жағынан өсулеріңе көмектеседі» деп, ақыл кеңесін айтып отыратын. Бірде: «Ағай, түнеу күні операға барып едік, бәріміз ұйықап қайттық» деген студенттік келемежге Бақдәулет Тұрбекұлының қатты ашуланғанына куә болдық. «Тура соған қайта барыңдар! Мен сендер барып келгесін, мазмұнын сұраймын» деген еді. Осылайша сыни-пікірдің арқасында көптеген ауылдан келген студенттерге операдан кәдімгідей ләззат алуға, әлемдік мәдениетке бас қойып көңіл бөлуге үйретті.


Бұндай әрекет, тәрбиеші тарапынан біздердің рухани азық жинауымызға көрсеткен көмегі екенін кейін өзім деканың орынбасары болып көп жылдар бойы істегенде барып білсем, бұның бәрі Бақдәулет ұстаздан алған тәлімі терең тәрбие мен саналы басшылықтың арқасында, маған мүлде қиын болмағанын мақтанышпен еске аламын.


Үшіншіден, ол бүгінгі тілмен айтқанда ерікті (волонтер) ұйымдастырушы. «Азамат сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек деп жатады, ал қазақтың мәрт жігіттерінің бойына біткен жетпіс қырдың өзі азшылық етпейді. Бақдәулет ағамызды өз дәуіріндегі сол мәрт жігіттердің қатарынан көреміз. Бүгінгі күнге дейін студенттердің ғана емес, қарапайым көпшіліктің бұқараның қалың ортасынан табылып келеді. Ол бірде мектепте бірге оқығандарының мерей тойларын ұйымдастырып жүрсе, бірде курстастастарының кездесуіне даярланып жүргенін көресің.


Ал енді бірде ұстаздарының мерей тойларын ұйымдастырып жүрсе, енді бірде сол ұстаздарына кабинет ашып, естелік кітап шығарып жүргенінінің куәсі болып жүрміз. Әуелі оның, өмірден озған ағайын тумалары мен басқа да жақындарына арнап шығарған естелік кітаптары мен туған жер, ауыл өмірі, қоғам, тұлға, тіл мәселесі, Отан және жастар болашағы туралы толғанысқа толы ғалымның ірілі-ұсақты шығармаларын оқығанда, өзіңді қиял ғажайып ертегілер әлемінде жүргендей сезінесің.


Ал енді, біреудің жақыны өмірден озып жатса, көпшілік жиналған жердегі осы бір аза тұтқан ортадағы басшылықты дереу өз қолына алып, қайғыдан қан жұтып отырған әріптесінің ғана емес, бәріміздің көңілімізден шығу сияқты мәселенің тігісін жатқызып жіберу өнері де ұстазымыздың тағы бір қыры болса керек. Ол көңілді отырыстардың бәрінде дерлік домбырамен құйқылжытып ән салып, неше түрлі әзіл-қалжыңын тарқатқанда да жиылған дастарханның шырайын ашып, әрін кіргізіп жіберсе, бұны да екінің бірінің қолынан келе бермейтін таланттың бірі деуге болады.


Әнебір бір жылдары, қиырдағы Алматы облысындағы Нарынқол ауданының Шәлкөде ауылына көшпелі түрдегі республикалық ғылыми конференция ұйымдастырып, Қожбанбет биге ескерткіш орнатудың дәнекері болуға уақыт тауып жүрсе, келесі бір жылдары Талды-Қорған облысындағы Ақсу ауданының орталығына барып, тура сондай іс- шара өткізіп қайтқанын естисің. Ол өзінің бастамасымен «1920-1980 ж.ж. Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында қолданбалы ғылыми-зерттеу жобасына жетекшілік жасады.


Ол - осы жобасындағы «Желтоқсандағы» қанды қырғынға байланысты мақалаларында КСРО сияқты зұлым империяның әділетсіздігін өмірмен ерте қоштасып бара жатып, бүкіл еліміздегі студенттер тарапынан бірінші болып айтқан Ербол Спатаевтың ерлікке тән бейнесін ұлт мақтанышына айналғандыруға қол жеткізген бірден-бір тарихшы. Өзі қызмет істеп жүрген Алматы Энергетика және Байланыс Университетінде Ербол сияқты қаһарман студентке түймедей құрмет көрсетілмей келсе, тарихшы Б.Т. Берлібаев 2011 жылы осы жоғары оқу орнына ауысып келген бойда Ербол Спатаев туралы материалдар жинай жүріп, 2016 жылы осындағы №3-ші кітапхана залында Ербол Спатаевтың бүкіл өмір жолын көрсететін стенд жабдықтап, Ерболдың бейнесі арқылы студенттердің патриоттық рухын оята білді.


Оның мінезінің өзіне тән жарасып тұратын қиқарлығымен қатар бұл өмірдегі әділдігімен оны достары жиі іздеп тұрады. Оның мінезіндегі биязылық, сыпайылық, салмақтылық пен қатар сабырлылық, ұшқыр ойлылық пен қағілезділік, көпшілдігімен қатар қарапайымдылық пен қайырымдылық оның келбетін аша түседі. Сонымен қатар, оның ақыл ой ұшқырлығы өз алдына бір төбе.


Төртіншіден, Бақдәулет Тұрбекұлы жаңа заманның көшімен бірге қалыптасқан теоретик-ғалым. Ол тәуелсіздікпен қатар 1991 жылы «Қазақстандағы колхоздардың өндірістік байланыстарының даму мәселелері» тақырыбында тарихтан кандидаттық диссертация қорғаса, 2010 жылы «Қазақстандағы тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу (1920-2001 жж.)» тақырыбында екі мамандық бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымның бүгінгі таңда 200 ге жуық ғылыми еңбектері жарық көрген.


Оның 4 ғылыми-зерттеу монографиялары, екі оқулығы, 2- хрестоматиясы, 5- ғылыми-танымдық естелік кітаптары, сондай-ақ, ондаған оқу-әдістемелік кітапшалар мен әдістемелік нұсқаулары, көптеген мақалалары алыс-жақын шет елдерде жарық көрген. Азаматтығы мен қатар теоретик-ғалым ретінде республикадағы БАҚ-тың публистисті-көрнекті насихаттаушысы. Ол ұлт тағдыры, Желтоқсан көтерілісінің тағлымы, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен рөлі, тарих және оның жанашырлары, идеология, ауыл өмірі мен оның болашағы, жастар және тағы да басқа тақырыптар бойынша ой толғап, қалам тартып жүрген белгілі тұлға, білікті ұстаз, өз ісінің білгір маманы.


Айтпағымыз, белгілі ғалым-теоретик, бүгінде республикадағы ұлттық тарихи білімнің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосып осы мектептің негізін қалауға үлкен ықпал еткен ұстазымыз Бақдәулет Тұрбекұлының тұла бойында тарих ғылымының әр түрлі салаларымен сабақтасып қана қоймайды, олар бір-бірмен адамның өмір өткелдерінде болатын әр түрлі әрекеттері арқылы керемет үйлесімін тауып келе жатқанын да көріп келеміз. Бүгінгі таңдағы арамызда ағалық ақылымен бөлісіп жүрген, сегіз қырлы бір сырлы азаматқа ғұмырыңыз ұзақ болсын демекпіз.


Жомарт Құдайбергенұлы СИМТИКОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің кафедра меңгерушісі,
саяси ғылымдарының докторы

 

27.12.2022 ж.
Ақпарат көзі:
bilimdinews.kz