қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
02.09.2022

Біздің күшіміз - жастардың білімінде

 


 

Жаңа оқу жылымен қатар келген күздің алғашқы күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті Жолдауын жолдады.Шындығында елімізге түбегейлі саяси реформалар мен қатар нақты өзгерістер керектігін, соның алғышарттарының жүзеге аса бастағанын байқауға болады.

 

Бұл Жолдауды Президентіміздің саяси реформа арқылы қоғамды түбегейлі өзгертіп, сатылы түрде жалғастыруы деп қарауға болады. Жолдау «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» - деп аталды.

 

Онда: «Еліміздің басты құндылығы - адам. Бұл - айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру - реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деп қадап айтты Қасым-Жомарт Кемелұлы.

 

Президент қазақ және орыс тілдерін оқыту мәселесі бойынша көпшіліктің пікірталасына да жауап берді.

 

«Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз - жастардың білімінде», - деді Президент.

 

Мемлекет басшысы сонымен қатар жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескеріп, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейтудің маңызды екенін атап өтті.

 

Президентіміздің бұл кезекті Жолдауында нық қадам, батыл шешімге бел буған, үлкен ойлар айтылды. Маңызды бастамалар қолға алынып, елдің сеніміне селкеу түсірмейтін нақты іс-шаралардың тезірек жүзеге асуын күтейік. Біз күн тәртібіне қойған маңызды шешімдерге қосылып қана қоймай оны нақты қолдауға тиіспіз. Осының бәрі ел күткен игі істерге бастау болары анық. Ең бастысы, екінші Республиканы құрудағы басты бағдарымызды анықтайтын нақты істердің куәсі болайық.

 

 

Автор: Мақтағали Бектемесов,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры

02.09.2022 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz