қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
11.05.2022

Ресей мен Украина арасындағы жағдай Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер етеді?


Әлемдегі геосаяси жағдайдың Қазақстан еңбек нарығына ықпалы қандай?


Дүние жүгіндегі геосаяси жағдай Қазақстанның ішкі еңбек нарығына қалай әсер ететіні көпшілікті мазалайды. Себебі Ресейге салынған санкциялар салдарынан ол елдегі жұмыс орны қысқарып, жұмыс іздеген жұрттың біраз бөлігі Қазақстанға келеді деген де пікір бар. Енді бірі санкциялардың «салқыны» біздің елге де тиетінін айтады. Осы орайда Kursiv Media тілшісі еңбек нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін сарапшылардан сұрап білді.

 

Ресейге салынған санкция Қазақстанға қалай әсер етеді?


Саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиковтың айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы геосаяси шиеленістің салдары және осыған орай Ресейге қарсы санк­ция­лардың күше­юі біздің елге әсер етеді. Ресейге дамыған Батыс елдерінен оның экономикасын құлдыратуға бағытталған санкциялар көбейіп жатыр.

 

«Біріншіден, әлемдегі геосаяси жағдайдың салдарын ең бірінші болып оны төл ақшамыз теңге сезінді. Ресейдің эко­номикалық жүйесіне қаншалықты тәуел­­ді екенін 2014 жылғы дағдарыста анық бай­қал­ған болатын. Рубль­дің құны екі есе құнсызданған кезде тең­ге солай құлдырап кеткен. Дағдарысқа қарсы имму­нитеті жоқ әлсіз, әлжуаз мемлекет екенімізді көрсетті. Осы жолы да солай болды».


ЖОМАРТ СИМТИКОВ, САЯСИ ҒЫЛЫМДАР ДОКТОРЫ


Оның сөзінше, қазірдің өзін­де рубльдің күрт құлдырауы ұлттық валютамызға кері әсерін тигізді. Дегенмен еліміз дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қолға алды. Украина төңі­ре­гіндегі геосаяси шиеленістің күше­юі теңгеге қалай әсер еткенін, гео­сая­си тәуе­келдердің артуына байланысты қар­жы нарығы құбылып тұр. Ресей санкциялар салынған мемлекеттер тізімінде алғашқы орынға шыққалы тұр. Кремль билігіне таяуда тағы да шектеу шаралары енгізілді. Ұлыбритания Ресейдегі авиация саласына санкция салатынын мәлімдесе, АҚШ ол елдің мұнайын сатып алудан бас тартып отыр.

 

Екіншіден, оның алғашқы әсерлерін қарапайым тұтынушылардың өзі сезінді. Билік тарапынан қанша ықпал етпек болғанымен сыртқы нарыққа тәуелді тауарлардың бағасын бір жүйеге келтіріп ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Азық-түлік тауарлары еселеп қымбаттап жатыр. Ең бірінші болып қант өнімдерінен басталған қымбатшылықты атап айтқан жөн. Ол басқа да бұхара үшін аса маңызды азық-түліктауарлардың бағасына да әсер етпей қойматыны сөзсіз, дейді Жомарт Симтиков.

 

Сарапшының сөзінше, мемлекет басшысының шұғыл түрде дағдарысқа қарсы күрес­тің тиімді шараларын қабылдауға берген тапсырмалары кезінде 2014 жылғы дағдарысты ескеріліп, қарапайым халықтың мәселесіне басым­дық беріледі деген үміт­ бар. Әрине, санкция қолбайлау болары айдан анық. Санкциядан қорықпай, эко­но­ми­каны түзеп, оны жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын мүмкіндік ретінде қолданған жөн.

 

Аймақтану бойынша сарапшы Жақауовтың айтуынша, аймақтық кеңістікте Ресейдің сыртқы экономикалық қатынастары өте күрделі жағдайға түсті. Еуразиялық экономикалық қауымдастық арқылы Ресей мен Украина арасындағы интеграциялық процестердің мөлшерлік және бағалау саясаты қайта өзгеріп жатыр. Себебі ішкі нарықтың күші арқылы ғана баға саясатын бейімдеуде Ресей рублі әлсіреп, сауда-саттық пен логистикалық қызмет көрсету бағытында ауқымды қиындықтар бар.

 

«Бұған дейінгі жылдары Қазақстанда ресейлік 6 жарым мыңнан асып жығылатын тіркелген біріккен компания жұмыс істесе, биыл компания мен тауарлары еселеніп келе бастады. Ресей нарығының енуі отандық субьектілердің бәсекеге шыдас беруіне байланысты үлкен соққы болмақ. Қазақстандық нарықта ресейлік валюта көбейеді, соған байланысты отандық нарық сыналатын сәт туып отыр».


МАҚСАТ ЖАҚАУОВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ-ДЫҢ АЙМАҚТАНУ МАМАНДЫҒЫ МАГИСТРІ


Қазақстанның еңбек нарығында өзгеріс бар ма?


Саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиковтың сөзінше, Ресей мен Украина арасында болып жатқан геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанның еңбек нарығында өзгеріс болып жатқан жоқ. Дегенмен ондай өзгерістер болатынын жоққа шығармау керек. Кейінгі кездері баспасөз ақпарат құралдары мен әсіресе әлеуметтік желіде Қазақстанға ресейлік көптеген азамат келгені, олар нарыққа еніп жатқаны туралы хабарламалар тарап жатыр Егер ол нақты шындыққа сәйкес болса, бұл еліміздегі ішкі еңбек нарығын едәуір өзгертері сөзсіз. Ол білікті мамандар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді.

 

Маманның айтуынша, шетелдіктердің Қазақстанда жұмыс істеуге келуі мамандығы жоқ жұмыс күші үшін тиімсіз болуы мүмкін. Ал дипломы бар мамандар үшін, технология, IT, білім беру, өндіріс, сауда, т.б. мамандары өз елдерінде де сұраныс азаймайды.

 

Ресейлік компаниялардың Қазақстанда жұмыс істей бастауы жаңа мүмкіндікке жол ашуы әбден мүмкін. Елде жаңа жұмыс орнын ашып, нарықты дамытуға болады.

 

Бұл пікірмен аймақтану саласы бойынша маман да келіседі. Мақсат Жақауовтың айтуынша, ресейлік еңбекке қабілетті азаматтардың Қазақстанға келуі арқылы еңбек нарығында жұмыс беруші де, жұмыскер де көбейеді. Мұның еңбек миграциясы арқылы келетіндерге пайдасы мол. Елімізде заңсыз еңбек миграциясы күшейеді. Мысалы, санкциялардың салдарынан Ресейде жұмыс істеп тұрған компаниялар 25%-ке қысқарды. Құрылыс, логистика, қызмет көрсету саласында жүрген Орталық Азиядан баратын еңбек күштері елдеріне қайтудан гөрі күнін әрең көріп отырған Қазақстанның нарығына нәпахасын табуға келіп жатыр. Мұны бір жағынан, арзан еңбек күші десек те, теңгеміз сыртқа екі еселеніп шыға бастайды.

 

Жақауовтың айтуынша, елімізге ресейлік мамандардың келуі сапалы қызмет, тауар дайындау жағынан отандық нарықтағы сапа мәселесін біршама жоғарылатады. Маман бұдан қорқудың қажеті жоқ деп санайды. Оның орнына тәжірибе мен ақпарат алмасуды жетілдіріп, анағұрлым оң өзгеріске әкеледі. Сондай-ақ ақпараттық-цирфлық салада, әлеуметтік желі тұтыну, мобильдік қосымшалар да көбейе бастайды.

 

Қазақстанда көптеген компания өз өкілдігін ашып жатыр. Бұған дейін Алматының сауда-саттық орталығына қырғыздар мен тәжік саудагерлерді қызықтырса, ресейліктер кәсіпкерлер мен фирмалар да базардағы орынға қызығушылық танытуы мүмкін. Алматы олар үшін Орталық Азиядағы сауда-керуен аймағына айналуы да әбден мүмкін. Себебі қаланың Қытай мен Орталық Азия аймағының күретамырында орналасқаны тиімді болып отыр. Бұның бәрі біздің отандық экономикаға ауқымды мүмкіндік береді, дейді Мақсат Жақауов.

 

Жалпы экономикалық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жылжымайтын мүлік, қонақүй, туристік қызмет, құрылыс, аграрлық салаға ресейлік қаржы құйылады.

 

Ал Ресейге салынған санкциялардың қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз, алайда әлемде үлкен өзгеріс орнайтын кезең келе жатқаны анық, деп түйіндеді Жақауов.

 

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша Қазақстан аумағында 16 278 шетелдік азамат еңбек етіп отыр. Елде жұмыс істейтін шетелдіктердің бірнеше санаты бар. Олар: басшылар мен олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, мамандар және білікті жұмысшылар.

 

Қазір Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 683 жұмыс беруші бар. Оларда 429 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

 

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер арасында Қытай - 3 685 адам, Түркия - 1 977 адам, Үндістан - 1 268 адам, Өзбекстан - 1 195 адам, Сербия - 1 109 адам бар.

 

Қазақстанның еңбек министрлігі ішкі еңбек нарығын қалыпты ұстап тұру мақсатында жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. Биыл қаңтарда олардың саны 4 792 адамға қысқартылды.

 

 

11.05.2022 ж.

Ақпарат көзі: kz.kursiv.media