қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
17.02.2017

УНИВЕРСИТЕТТЕГІ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ

 

Сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретіні, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, инвестициялық тартымдылығын төмендететіні және де әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні баршаға аян.

Қоғамның жемқорлыққа қарсы иммунитетін күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім мен тәрбиенің кешенді жүйесін құру, адал еңбектің ұтымын құру  мақсатында 2014  жылы  «Нұр Отан» партиясының ұсынуымен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы»  қабылданды. Аталмыш құжаттың жүзеге асыру барысын  талқылау мақсатында 2017 жылдың 16 ақпаны күні  университетіміздің «Абай»  бастауыш партия ұйымы, Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының  бірлесе ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысын алғы сөзбен ашқан  Тәрбие ісі жөніндегі проректоры, «Абай» БПҰ төрағасы  Жанатбек Ішпекбаев «Қазақстан Республикасының  2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының» басым бағыттарын ашып, стратегияның аясында университетте атқарылып жатқан шаралар кешені туралы төмендегідей ақпарат берді: «университет ректорының бұйрығына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия құрамы бекітіліп, жыл сайын жаңартылып отырылады. Жыл бойы Тәрбие басқармасы жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі түрде аудандық, қалалық «Нұр Отан» партиясы өкілдерімен және депутаттармен жиындар, кездесулер, семинарлар ұйымдастырады. Былтырғы оқу жылынан бері сессия уақытында студенттерге жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру және оларға әлеуметтік-психологиялық көмек беру, сессия барысында туындаған келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Әлеуметтік-психологиялық көмек Штабының жұмысы іске қосылды. Сессия уақытында Университеттің Жемқорлықпен күрес комиссиясы және Жастар ісі жөніндегі комитеті студенттер арасында жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу мақсатында «Жемқорлықсыз сессия» атты әлеуметтік сауалнама жүргізіледі» дей келе, осындай шаралар кешенін ұйымдастыру арқылы біз жемқорлықтың тамырын түбегейлі жойып келудеміз деп сөзін қорытындылады.

Одан әрі, сөз кезегін Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы Қоғамдық Кеңесінің хатшысы Дәулет Өмірзақов алды. Ол аталмыш проблема аясында Медеу ауданында атқарылып жатқан ауқымды істер туралы ақпарат берді.

Одан әрі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі төңірегінде «Абай» БПҰ төрағасының орынбасары Болатбек Нұрбатыров,  Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Рашид Сеитов, 2 курс студенті Дидарбек Ділдәбек мазмұнды баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі басқармасы