қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
30.12.2021

«Химия» пәнінен есептер шығарудың әдістемелік жолдары» республикалық онлайн-семинар

 

2021 жылдың 29 желтоқсанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география институты «Маркетинг» бөлімінің ұйымдастыруымен «Химия» пәнінен есептер шығарудың әдістемелік жолдары: тотығу-тотықсыздану реакциялары, электрохимиялық потенциалдар қатары, гальваникалық элементтер, электролиз» тақырыбында химия пәні мұғалімдеріне арналған республикалық онлайн-семинар өткізілді. Іс-шараға еліміздің көптеген қалалары мен облыстарынан атап айтсақ, Атырау, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары, Алматы, Арқалық және т.б. қалалардан 70-ке жуық жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицейлердің химия пәні мұғалімдері қатысты.

 

Семинарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы Куляш Каймулдинова ашты.

 

«Маркетинг» бөлім жетекшісі, география магистрі, аға оқытушы Альбина Бейкитова магистратура және докторантураға түсу ережелері мен талаптары, қажетті құжаттар, ағылшын тілі бойынша сертификат түрлері, олардың шекті баллдары, Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институты ұйымдастыратын біліктілікті арттыру курстары туралы химия пәні мұғалімдеріне ақпарат беріп өтті.

 

Семинарда химия ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Нуржан Чинибаева «Химия» пәнінен есептер шығарудың әдістемелік жолдары: тотығу-тотықсыздану реакциялары, электрохимиялық потенциалдар қатары, гальваникалық элементтер, электролиз» атты тақырыпта мастер-класс өткізді. Химия пәнінен күрделі есептерді дұрыс шығарудың әдістемелік жолдарын түсіндіріп өтті.

 

Республикалық онлайн-семинарда химия пәнінен жаңартылған білім мазмұны бойынша бірнеше өзекті сұрақтар қойылып, толық жауаптар берілді. Семинарға қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Республикалық онлайн-семинар әдістемелік тұрғыда жоғары деңгейде өткізілді.