Главная
Новости
27.12.2021 Заң көмегі - заман талабы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Волонтерлік қызметтің басым міндеттерінің бірі - мұқтаж жандарға заңгерлік көмек беру»-деп атап көрсеткендей, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және ңұқық институтының «Құқықтану» кафедрасы өздерінің жыл сайынғы тегін заң көмегін көрсету акциясының жалғасы ретінде «Заң клиникасын» ашты. «Заң клиникасының» жетекшілігіне студенттердің ғылыми зерттеу жұмысын басқарушы, «Заңгер» клубының жетекшісі доцент Меирбекова Г.Б. тағайындалды. «Заң клиникасының» ашылу салтанатына институт директоры саясаттану ғылымының докторы, профессор А.М.Джунусов қатысып, лентасын Университетіміздің Ғылыми зерттеу ісі жөніндегі проректоры Е.А.Бурибаев және Алматы қаласы Медеу аудандық Қылмыстық істер сотының төрайымы А.Ш.Маликова кесті. Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Ж.Қ.Симтиков, Институт директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары М.М.Мұратқазин, «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі заң ғылымдарының кандидаты Б.М.Көшпенбетов және барлық кафедра мүшелері қатысты.
Заң клиникасы - әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, азаматтардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құрылып отыр.
Көмек көрсету, оның ішінде кеңес беру, ақпараттандыру, құжаттарды әзірлеу, соттарда және мемлекеттік органдарда мүдделерді білдіру түрінде көрсетіледі.
Заң клиникасы құқықтың барлық салаларында жетекші оқытушылар мен практикалық заңгерлердің жетекшілігімен жоғары курс студенттері мен магистранттарымен қамтамасыз етіледі.
Заң клиникасы қызметінің басты міндеттері: құқықтық консультациялар және заң құжаттарының жобаларын дайындау; сотқа дейін өкілдік ету; ерекше жағдайларда халықтың әлеуметтік қауқарсыз санаттары үшін сотта өкілдік ету; Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен пилоттық жобаны жүзеге асыру; «Адал көмек» қорымен ынтымақтастық; бұқаралық ақпарат құралдары бойынша заң кеңестерін беруге атсалысу; тегін құқықтық консультацияларды ұсыну бойынша республикалық акцияларға қатысу.
|