Главная
Новости
17.06.2021 Қазақстанның тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар
2021 жылы 17 маусымда Абай атындағы ҚазҰПУ-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан тәуелсіздігі және рухани-мәдени құндылықтар» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.
Конференцияға Қазақстанның және алыс-жақын шет елдердің белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі ғалымдар, көрнекті жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, АҚШ, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей және тағы басқа елдердің және республиканың жетекші оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары мен ғалымдары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен жас ғалымдары қатысты.
Университет ректоры Дархан Біләлов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияда талқыланатын мәселелердің өзектілігін, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін атап өтті.
Конференцияда еліміздің осы жылдар ішіндегі даму қорытындылары және келесі өзекті мәселелер талқыланды: тәуелсіздік жылдарындағы тіл мен әдебиетті зерттеудің жаңа бағыттары; тәуелсіз Қазақстан және заманауи өнер; түркі халықтарының рухани мұрасы: кеше, бүгін, ертең; тәуелсіз Қазақстан және шығыс әлемі; Қазақстандағы және әлемдегі орыс филологиясы: интеграция аспектілері; шеттілдік білім берудің заманауи әдіснамалық ұстанымдары.
Белгілі ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ел үшін үлкен тарихи кезең болғанын, «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының арқасында Семей жеріндегі ядролық сынақтар тоқтатылып, полигонның жабылуы тәуелсіздік тарихының жарқын беттері болып табылатынын атап өтті. Алайда полигон жабылған 1989 жылдың 17 қазаны қазақ тарихына арнайы дата ретінде ол әлі енбегені өкінішті екенін айтты.
Конференция барысында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Қазақстан тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы халықаралық аренадағы жетістіктері, ұлттық әдебиеттің даму тенденциялары туралы әңгімеледі. Олар Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы елдің рухани және жалпы дамуының маңызды кезеңі болғанын атап өтті.
Конференцияға қатысушылардың пікірінше, қазіргі заманғы әдебиет пен өнер - тәуелсіз елдің рухани-мәдени құндылықтарының негізі, оның әлемдік мәдениеттегі орны, өркениет дамуындағы көркемдік сана-сезімінің көрсеткіші. Сондықтан, Қазақстанның рухани даму саласындағы жетістіктеріне, осы жетістіктерге жетудегі өзіндік мәселелерін шешуге деген сараптама өзекті болып табылады.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің мерейтойына арналған осындай ауқымды шараны өткізгені үшін университет басшылығына алғыстарын білдірді.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |