Главная /
СМИ о нас
01.06.2021 Ұлт мақтанышына айналған азамат
Көбей (Көпжасар) ағадан аяқ астынан көз жазып қаламыз-ау деген ой ешбірімізде болған жоқ. «Өмір - өткінші» дейтіні сондықтан болса керек атам қазақтың. Асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне де, міне, жылға жақындапты.
Туған ағамыздай болып кеткен, жанындағыларға қалтқысыз қамқорлық танытатын ең жақын, шынайы жанашыр адамнан қапыда көз жазып қалдық. Ол кісі - 2010 жылдан бері академияның Қоғамдық-гуманитарлық бөлімшесі төрағасының орынбасары, ал мен 2013 жылдан бастап 2017 жылдың қоңыр күзіне дейін аталған бөлімшенің ғалым-хатшысы ретінде қатар қызметтес болып, өте жақын араласқанбыз.
Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы ретінде ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарымен қоса академия мүшелерінің мерейтойларын, кездесу кештерін, жаңа кітаптарын баспадан шығарып, олардың тұсаукесерлерін өткізуге, тіпті «Өмір бар жерде - өлім бар» демекші, өмірден озғандарын ақтық сапарға шығарып салу секілді іс-шаралар тәртібіне дейін даярлап, алдына барғанда Көбекең ақыл-кеңесін, көмегін, қолғабыс-жәрдемін аямайтын.
Мұны ол кісінің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ректорлық қызмет атқарған кезінде де байқағанмын. Сол кезде қабылдауына барғанда өтінішімді еш сөзге келмей, қолма-қол орындап риза еткені есімде. Ондай жақсылықты қалайша ұмытасың?! Кейде Көпжасар Нәрібайұлының сол ілтипат-көңілі мен азаматтығы еске түскенде, басшы болса, сондай-ақ болсын дегің келеді. Ұлы данышпан Абай Отыз сегізінші қарасөзінде Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың: «Хайрун нас - мән йанфағу нас» (адамның жақсысы - кісіге жақсылық жасайтын адам) деген қасиетті хадисін келтіреді. Міне, сол айтқандай, біздің Көбей ағамыз да осындай салих амалды, жаны ізгі адамдардың санатынан еді. Ол кісі талай адамға жақсылық жасап, қол ұшын созды, көмегі тиді, мүмкіндігінше қамқорлық көрсетті.
Орта мектепте бірге оқыған сыныптас досы, ақын Әбдірахман Асылбековтің: «Аялап бала күннен асқақ арман, Бір шоқы биік жүрдің басқалардан, Сол соқпақ Алматыға алып келді, Тараздан ең әуелі бастау алған», деп жазған Көбекең дүние есігін ашқанда атын Қалдығыз әжесінің «Көпжасар» деп молдаға азан шақырып қойғызғаны да «көп жасасын», «өмірі ұзақ болсын» деген ізгі ниеттен туған болса керек. Алайда, бала кезінен ата-анасы, туған-туысы, бүкіл ауыл-аймағы оны тууы туралы куәлігіндегі есімімен атамай, «Көбей» деп кеткен. Бұл да «ұрпағы көбейсін», «үрім-бұтағы көп болсын» деген ізгі ниет пен жақсы ырымнан шыққан шығар. Ол тіпті ауылдағы бастауыш, жетіжылдық, Тараз қаласындағы онжылдық мектепті де «Көбей» болып бітірген. Тек сол кездегі астана Алматыға барып, оқуға түскен соң ресми құжат бойынша «Көпжасар» деп атала бастаған.
Тараз өңірінің өзі құралпылас азаматтары, жақын-жуықтары ағамызды әлі күнге дейін «Көбей» деп атайтынын бертінде ғана білдік. Мұны бірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматтарының бірі - Қаратай аға (Тұрысов) бір мәселе жайлы айтқанымда маған: «Көбейге бардың ба?», «Көбеймен ақылдас» дегенінде барып ішім сезді. Сөйтсем, Қаратай көкеміз де сыйлас інісін баяғы ауылдағы «тарихи» атымен атайды екен. Содан мен де кейде ара-арасында қадірменді ағамызды үйреншікті әдетпен ауылдың тәртібі бойынша «Көбей аға» немесе «Көбей көке», «көке» деп әр нұсқада атап жүретін болдым.
Оған біздің Абай университетінің сол кездегі менен лауазымы жоғары, атынан ат үркетін кейбір басшылары Көбекеңнің сабырлы да салмақты, байыппен байқап сөйлейтін, сырт қарағанда қаталдау көрінетін келбетінен бата алмай ма қайдам, маған таң қалып, «Сен қалай ол кісіге еркін сөйлейсің? Қалжың да айтасың. Сенің сөзіңнің бәрін ағаң көтереді», деп өздері айта алмаған шаруаларын мен арқылы айтқызатын, орындататын. Бұны ағаның маған деген жоғары сенімі деп ұғатынмын.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Көпжасар Нәрібайұлы ұлағатты ұстаз, қайраткер ғалым, тәлімгер-тәрбиеші еді. Оның іскерлік-ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілік-кісілік қасиеті, қандай ортада да болсын өзін-өзі ұстауы, сөз сөйлеу мәнері, адамдармен мәмілесі, жеке басының үлгі-өнегесі өзінен кейінгілерге өмір сабақтарындай ерекше тағылым танытатын. Ол кісі кейде риза болғанда басшы ретінде маған өзіне жақын тартып, «айналайын, қарағым, қалқам, мынауың дұрыс болған екен, осыны әрмен қарай жалғастыру керек» деген секілді жылы сөздерін айтып демеу білдіретін. Солайша жүрегіңе жылу ұялататын.
Бірде Көбекең күнделікті қызметінде ескеретін, басшылыққа алатын өзі жазған жадынама жазбаларын «оқып шық» деп беріп еді. Сондағы қолжазба еңбектен байқағаным - ағамыз өзінің сонау Дінмұхаммед Қонаев заманындағы он жылдан аса министрдің орынбасары, министр қызметінен бастап, бертіндегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде табаны күректей он жыл ректорлық еңбек еткен жылдарында қағазға түсірген басшы этикасы қандай болуы қажет, қарамағындағы қызметкерлермен қарым-қатынасы қалай болғаны абзал, ұжымдық еңбекті қалай басқарған-ұйымдастырған орынды деген сынды өзекті мәселелерге ерекше мән берген екен. Басшылық қызметте кәдеге жарайтын құнды ойлар, пайдалы кеңестер жинақталыпты. Бұл - кеңестік кезеңде басшыларға оқытатын «Еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыру» деген оқу пәнімен салыстырғанда мағынасы мен тақырып ауқымы анағұрлым кең қолданбалы құрал сияқты еді.
Көпжасар Нәрібайұлы мемлекетшіл, халқына жаны ашитын, елінің мүддесін ойлайтын нағыз зиялы азамат болатын. Мұны 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезіндегі дүрбелең тұсында байқадық. Ол «ұлтшыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Мұндағы негізгі тағылған айып - министр Көбекең лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа этностардың өкілдеріне, әсіресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірді деген жайт болатын.
Ал шындығында Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың ұшығы да жоқ еді. Бұл көпе-көрнеу жабылған жала болатын. Ешқандай қисынға да, ақылға да сыймайтын әңгіме еді. Оны министр Көпжасар Нәрібайұлы дәлелдеп те берді. Республикадағы студенттер арасында қазақ жастарының үлес салмағын халықтың барлық санымен емес, тек жоғары оқу жасындағы жастар санымен салыстыру қажеттігін, бұл статистика ғылымындағы ашық та айқын заңдылық екенін нақтылы, әрі бұлтартпас дәлелдермен орны-орнына қойып берді. Сонда да оның сөзіне құлақ аспаған жоғарыдағылар министр К.Нәрібаевқа «өз еркімен кетуге» өтініш жаздырды. Сол тұста ұлт болашағын ойлаған азаматын қадірлемеген жандайшап басшыларды да көріп, өз ішіміздегі алауыздықтың куәсі болдық.
Алайда, уақыт деген ұлы таразы кейіннен барлығын өз орнына қойды. Бұл орайда біз ағамыздың өн бойынан кешегі кеңестік кезеңдегі ұлтын сүйгендігі үшін «ұлтшыл» деген жаламен бастарын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтардың өршіл де өрелі, тұңғиық та терең тылсым жан дүниесінің үлгісін көргендей боламыз. «Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін» деп Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, кешегі «шаш ал десе, бас алатын» жағымпаз, желөкпе басшысымақтар өткен күнге қызмет етсе, ал ағамыз болашақ үшін - егемен еліміздің келешегі үшін өлшеусіз қызмет еткен біртуар тұлға екенін өмір шындығы айқын көрсетті.
2009 жылы бұрын Білім министрі болған Шайсұлтан Шаяхметов ағамыздың 70 жылдық мерейтойына байланысты «Тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш министр» деген тақырыпта естелік-эссе жаздым. Оны жазып бітірген соң, қолжазбаны Көбей ағаға апарып көрсеттім. Өйткені онда ол кісінің 1991 жылы сәуір айында Қазақ мемлекеттік университетіне қалай ректор болғаны, не үшін, қандай себеппен ұсынылғаны, министрдің бұл ұсынысын Елбасының қолдағаны, министрліктің алқа мәжілісінде бекітуге Алматы сауда техникумының жаңа директоры Клара Қожабекова екеуін менің телефон соғып шақырғаным жайлы жазылған еді. Бірақ екі басшының аттарын әдейі атамай жазғанмын. Ағай мақалаға асықпай көз жүгіртіп шықты да, өзі туралы жазылған жолдарды оқып отырып: «Мына жерде мені жазыпсың ғой», деп бұрылды маған. Мен мақала қолжазбасын әдейі көрсетіп отырғанымды, егер өзі мақұлдамаса бұл мысалды алып тастайтынымды айтқанымда: «Дұрыс. Тарих қой. Шындығы солай болған. Шайсұлтан жақсы адам еді. Иманды болсын, жарықтық», деп газетке шығарғанымды дұрыс көрді.
Көпжасар Нәрібайұлының өмірінің соңғы он жылдан астам уақыты қарашаңырақ жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Онда ол ректор Серік Пірәлиевтің, одан кейінгі басшы Такир Балықбаевтың кеңесшісі қызметімен қоса «Тұлғатану» орталығының жетекшісі ретінде абыройлы еңбек етті. Академик-ұстаздың қатысуымен «Ұлттық тәрбие» пәнінің оқу бағдарламасы жасалып, бірнеше оқулық пен оқу құралы, «Ұлттық тәрбие» журналы жарық көрді.
«Тұлғатану» орталығы ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын зерттеп, оларды шәкірттерге, қалың көпшілікке таныстырумен айналысты. Оған Көпжасар Нәрібайұлының өзі ерекше үлес қосты. Айталық, әл-Фараби, М.-Х. Дулати, Төле би, Жауғаш батыр, Қазыбек бек Тауасарұлы, Абай Құнанбайұлы, Жыр алыбы - Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Мәсімхан Бейсебаев, Әди Шәріпов, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұрат Жұрынов сынды талай көрнекті тұлғалардың адами-адамзаттық келбетін өздері өмір сүрген қоғаммен, айнала қоршаған ортамен тығыз байланыста зерделеп, елге, көпшілік қауымға кеңінен насихаттады.
Бұл еңбектерінің бірнешеуінің басын қосып, ғалым-қайраткер ағамыз 2012 жылы «Тұлғаларға тағзым» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Соңғы жылдары жазған жазбалары 2018 жылы өзінің 80 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Таңдамалы шығармалар» жинағынан орын алды. Ал «Қазақ университеті» баспасы «Өнегелі өмір» сериясынан Көбекеңнің тікелей ұйымдастыруымен «Бауыржан Момышұлы», «Дінмұхаммед Қонаев», «Асанбай Асқаров» атты ғылыми-танымдық кітаптар шығарды.
Бұлардан бөлек, Көпжасар Нәрібайұлының «Жасырын жатқан жырларым» атты өлеңдер жинағы, Рақыш Әміров, Темірбек Қожакеев, Сәдуақас Темірбеков, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Нәзікен Алпамысқызы секілді замандастары мен әріптестері, курстас достары жайлы эссе мақалалары, оқу-білім, тәлім-тәрбие, экономика туралы жазған еңбектері, бірқатар оқулық пен оқу құралы (жиыны 280-нен астам еңбек) жарық көрді. Олардың екеуі Америкада, біразы Германияда, Ұлыбританияда, Францияда жарияланды.
Академик ғалымның өз тұстарынан ерекшелігі - ол үш тілді - қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген, еркін сөйлей де, жаза да алатын еді. Оған оның кеңестік заманда Америка Құрама Штаттарында білімін көтеріп, бір жылдан астам Принстон, Флорида, Нью-Йорк университеттерінде ғылыми тағлымдамадан өткені, сөйтіп экономика тақырыбында КСРО мен АҚШ тәжірибесінен докторлық диссертация қорғағаны көп ықпал еткені байқалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібайұлының ерен еңбегі мемлекетіміз тарапынан лайықты бағасын алды. Ол «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Еңбегі сіңген зиялы» (Моңғолия) медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.
Ұлт мақтанышына айналған азаматтың «Елім!» деп өткен өмірі - баршамызға өнеге.
Авторы: Бақтияр Сманов, Ұлттық ғылым академиясының академигі 01.06.2021 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|