қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
18.11.2020

«Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға...» студенттердің қалалық онлайн-айтысы өтті

 

Хәкім Абайдың 175 жылдығына және Оразалы Досбосыновтың 45 жылдығына арналған іс-шараға Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарынан 10 айтыскер қатысты. Айтысты ашып берген айтыс жанашыры, университет ректоры Такир Балықбаев Оразалы Досбосыновтың шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған барлық шараларға қолдау көрсететінін және алдағы жылы Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Менің пірім - Cүйінбай» республикалық студенттер айтысын халықарлық дәрежеде өткізетіндігін айтты. Шараның басында сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман төл өнерімізге қолдау көрсетіп отырған университет ректоры бастаған ұжымға алғысын айтып, жас шайырларға батасын берді. Онлайн-айтыстың басында жақында оқу ордамыздың баспасынан шыққан университет жастарының «Көктем ғұмыр» жыр жинағының тұсауы кесілді. Айтыстың алғашқы жұбы болып айтысқан Қайнар академиясының студенті Расул Сауытбек пен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 1 курс студенті Алтынай Қанапия залға келіп қыз бен жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсетті. Қалған төрт жұп онлайн сөз тартысына түсті.

 

Жас айтыскерлерге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Халықаралық Одағы» РҚБ Басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, ҚР мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Серік Қалиев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов қатарлы сөз ұсталары қазылық етті.

 

Сөз бәйгесінде дараланып алға шыққан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Нұрбол Жауынбаевқа Бас жүлде (100 000 теңге) бұйырды. Қыз жігіт айтысының тамаша үлгісін көрсеткен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Алтынай Қанапия бірінші орын иеленсе (80 000 теңге), Қайнар Академиясың студенті Расуыл Сауытбекке екінші орын (60 000 теңге), Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Жанарыс Тілеубекке және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті Данияр Нысанғалиевке үшінші орын жүлдесі берілді. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті талантты ақын Бекжан Базарбекке арнайы жүлде табысталды. Айтысқа қатысқан барлық ақын ректордың алғыс хатымен және ақшалай сыйақымен мараптталды.

 

Шараның ұйымдастырушылары - Тәрбие департаменті және О.Досбосынов атындағы жас ақындар орталығы.

 

Ұйымдастыру алқасы «Қазақ радиолары» ЖОО Алматы студиясының басшысы Бахыт Жағыпаровқа және «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға ақпараттық қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысын білдіреді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі департамент