Главная /
СМИ о нас
13.11.2020 Part-time (Сырттай оқытудың орнын басқан жүйе қаншалықты тиімді?)
Осы уақытқа дейін сырттай оқығандардың білім сапасына қатысты айтылған сын көп болды. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, мектептердегі мұғалімдердің 30 пайыздан астамы аумалы-төкпелі жылдарда жоғары оқу орындарында сырттай оқығандар болып шықты.
Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа технологиялардың әлеуетіне арқа сүйеуге тура келді. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында сырттай оқудың баламасы ретінде «part-time» жүйесі, яғни уақыт үнемдей отырып, қашықтан білім беру жүзеге аса бастады. Мұның маңызы қазіргі індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта айқын сезіліп жатыр.
Білім алушылар үшін икемді кестеге негізделген part-time жүйесінде мемлекеттік білім берудің міндетті стандарттарына сәйкес белгілі бір бағдарлама бойынша несие көлемінің 100 пайызын қамту қажет. Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев қашықтан оқу технологиялары пайдаланылатын оқу жүйесінде білім алушы біріншіден, өндірістен қол үзбей оқи алатынын айтады. Екіншіден, оқу орнымен тікелей байланыста болады, әрі талапкер семестрге байланысты берілген тапсырманы орындауы қажет. Орындау мерзімі білім алушының өзіне байланысты. Тапсырманы орындамаған жағдайда сәйкесінше, балы да төмен болады. Яғни, оқытушы студентке жайдан-жай баға қоя салмайды.
Бұл жүйеде әдістемелік құралдар, онлайн, бейне-лекцияларды игерудің толық мүмкіндіктері қарастырылған.
Ә.Тойбаевтың айтуынша, жаңа жүйеде емтихан тапсырудың ашықтығы да толыққанды қамтамасыз етілген. Арнайы прокторинг жүйесі арқылы емтихан тапсырушының барлық қадамы қадағаланып отырады. Сонымен қатар емтихан барысында қосымша сайттарға шек қойылады. Еліміздегі білім жүйесінің және әлем елдерінің озық үлгілері негізінде жүзеге асқан оқыту жүйесі сапалы білімді қамтамасыз етіп қана қоймайды, әрі заманауи технологияларды терең меңгеруге ықпал етеді. Бұл бағытта IT бағдарламаларды таңдау - әрбір оқу орнының еркінде. Қашықтан оқу жүйесін еліміздегі азаматтық емес оқу орындарындағы кейбір мамандықтарда ғана пайдаланылмайды. Ал сырттай оқуға түсіп, академиялық демалыс алған студенттер бұрынғы жүйемен оқуларын аяқтауға құқығы бар.
Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, жаңа жүйеде оқимын дегендердің барлығына бірдей мүмкіндік бар. Спортшылар, өнер саласы мамандары мен колледждерді бітіріп, ауыл-аймақтарда бала оқытып жүрген мұғалімдер де, бала тәрбиесімен оқи алмай жүргендер де ендігі кезекте қашықтан білім алады. Осы кезге дейін жағдайына байланысты оқуға түсе алмай қалғандар да болды. Дегенмен бүгінде мемлекеттің білім саласына айтарлықтай көңіл бөлуі нәтижесінде грант саны көбейіп, шәкіртақы өсіп келеді. Ал жаңа жүйенің мүгедек жандар үшін де мүмкіндігі мол. Бұл - әлем елдерінде жемісін берген жүйе.
Жоғары білім алудың жаңа жүйесін білім сарапшысы Жақсылық Сәбитов те тиімді деп санайды. «Бұрындары сырттай және іштей оқыған студенттердің білім сапасында айтарлықтай айырмашылықтар болатын. Десек те сырттай оқудың болмауы, бұл азаматтардың білім алуға деген құқығын шектемейді. Оның орнына бүгінде АҚШ, Батыс елдері толығымен жүзеге асырып отырған білім жүйесі қолданысқа енді. Бұл талапкер үшін өте қолайлы. Кезінде білім бағдарламасын меңгере алмаған студенттердің оқудан шығып қалған жағдайлары да кездескен. Тіптен сырттан оқудың «дипломдар фабрикасына» айналғанын да жоққа шығара алмаймыз», дейді сарапшы.
Ал жаңа жүйеде оқу орнын бітіру мерзіміне шек қойылмайды. Талапкер бір семестрде 2-3 кредит алып, өзіне ыңғайлы уақытта орындай алады. Бағдарламаны жылдам меңгерсе, оқу ақысына да оң ықпалын тигізеді. Оқытудың мұндай жүйесі сонымен бірге аз табысты және әлеуметтік мұқтаж жандар үшін де тиімді.
Педагог мамандарды сырттай оқытумен келіспейтінін айтқан Абай атындағы ҚазҰПУ Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков бүгінде педагог мамандарға сұраныс жоғары екенін алға тартты.
«Оқушының тұлға болып қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін мұғалім дейтін болсақ, Білім және ғылым министрлігінің мектептерге жұмысқа орналасардан бұрын қосымша сертификаттаудан өткізу туралы тапсырмасы педагог мамандарға деген талаптың күшейгенін көрсетеді. Университеттің өткен жылы жүргізген сауалдамасы нәтижесінде ел өңірлерінен 4 300 педагогикалық маманға сұраныс түскен. Ал университет дайындаған мамандар саны - 2 мыңның айналасында ғана. Мектептер сұранысын қамтамасыз ету үшін еліміздегі басқа да педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орындарына ұсыныс жасауға тура келді», дейді Х.Жанбеков.
Сондай-ақ ол жаратылыстану мамандықтарына орыс тіліндегі мұғалімдердің жетіспеушілігі туралы да айтып өтті. Қазіргі кезде осы қажеттіліктерді ескере отырып, қос тілді мамандар даярлау ісі жолға қойылған. Ал ағылшын тілін меңгерген мамандарға сұраныс та көп, еңбекақысы да жоғары. Қашықтан оқу тәжірибесіне сәйкес талапкерлер заманауи технологияларды пайдалануы қажет. Х.Жанбеков алғашында университеттегі оқытушылардың цифрлы сауаттылығы төмен болғанын айтады. Осыған орай профессор-оқытушылардың 750-і цифрлы педагог мектебінен өтіп, әлем елдерінде пайдаланып жатқан озық платформаларды үйренуіне қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Бүгінде көптеген оқу орнында арнайы бейне-лекциялар жасайтын, зертханалық кластар, мобильді орталықтар жұмыс істейді. Бірақ оларды заман талабына сай жетілдіріп отыру уақыт күттірмейді.
Қашықтан білім берудің заманауи мүмкіндіктері мен адамзатқа тигізер кері әсері туралы ойларымен бөліскен Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің оқу және оқу әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова карантиндік шараларды енгізу кезінде мемлекет білім ғана емес, барлық маңызды салалардың жұмыс істеу жүйесін қайта қарауға мәжбүр болғанын айтады.
«Қашықтан оқытуды инновациялық деп атауға келмейді. Өйткені бұл жүйе әлем елдерінде де, сонымен бірге елімізде де соңғы жиырма жыл ішінде пайдаланып келеді. Жол жүріп, пәтер жалдап қосымша шығын шығармастан, өндірістен қол үзбей білім алуға мүмкіндік беретін қашықтан оқу жүйесі қолайлы, әрі білім сапасының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бағдарламаларды бірнеше оқу орнына орналастыру сапалы білімнің өзегі болмақ. Қашықтан оқу жағдайында білім бағдарламаларын, курстарды, білікті оқытушыларды таңдау мүмкіндігі де бар. Бұл білімнің бәсекелестігін көрсетсе, талапкерлерге IT-технология, математика, биотехнология және басқа да салаларды меңгеруде алдыңғы қатарлы оқу орындарын таңдауға болады. Әрине, қашықтан оқудың тиімді тұстарымен қатар, қаперде ұстайтын жақтары да баршылық. Бүгінде ауыл-аймақтарда материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі алаңдатады. Ақпараттық технологиялардың адамзат денсаулығына кері әсері де бар. Адами құндылықтар, тұлғаның рухани, мәдени қалыптасуы маңызды болып табылатын кезеңде қашықтан оқу барысында оқытушы мен талапкер арасында қаперде ұстайтын мәселелерге назар аудару қажет. Десек те қашықтан оқу еліміздің білім саласына дендеп енді. Ал дәстүрлі білім алу режіміне оралған күннің өзінде ақпараттық технологияларсыз білімнің болашағы болмайтыны анық», дейді Е.Жұманқұлова.
Пандемия еліміздегі қашықтан білім алудың жағымды әрі түйткілді тұстарына назар аударуға мүмкіндік берді. Сапалы білімге қол жеткізуде қолайлы білім платформаларын таңдап, оны әрі қарай жетілдірудің маңызына басымдық беріле бастағанын университеттер тәжірибесінен аңғаруға болады. Дегенмен жаңа технологиялардың еліміздің білім кеңістігіне жүктеп отырған жүгі ауыр. Өйткені халықаралық ықпалдастық IT-технологиялар саласындағы әлемдік алып компанияларымен бәсекелес болуды талап етеді.
13.11.2020 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |