Студент ақындар айтысы өтті

2016 жылғы 16-17 ақпан күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған І Республикалық студент ақындар айтысы болып өтті. Айтысқа республикамыздың 16 Жоғары оқу орнынан 28 жас айтыскер ақын қатысып, бақтарын сынады.

Аталған студент ақындар айтысы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңі 16 ақпанда университетіміздің №5 оқу ғимаратының акт залында өтіп, іріктеу сынынан 16 ақын екінші айналымға шықты. Екінші айналымы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында жалғасын тапты. Айтысты университет ректоры C.Ж. Пірәлиев ашып, өлең-сөздің дүлдүлі Жамбыл туралы толғанысын жеткізді. І Республикалық студент ақындар айтысына Жамбыл ауданының құрметті азаматтары, қарт-қариялары келіп, жас айтыскерлерге ақ баталарын берді.

Жас айтыскерлер осынау сөз бәсекесіне асқан дайындықпен келіп, айтыс өнерінің шырайын кіргізді. Айтыстың көркін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 1 курс магистранты Серікхан Жүзеев пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студенті Айдана Қайсарбек кіргізсе, қазылар тарапынан жоғары деңгейде бағаланған жұп университетіміздің 2 курс магистранты Қанат Мырзахан мен Еуразия Ұлттық университетінен келген Нұрқанат Қайрат болды.
Қазылар алқасының шешімімен айтыс жеңімпаздары болып төмендегідей ақындар марапатталды:
Бас жүлде - Қанат Мырзахан (Абай атындағы ҚазҰПУ)
І орын - Нұрқанат Қайрат (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ)
ІІ орын - Айдана Қайсарбек (Абай атындағы ҚазҰПУ)
ІІІ орын - Серікхан Жүзеев (Қорқыт ата атындағы ҚМУ)
Сонымен қатар айтыста жақсы өнер көрсеткен ақындарға Сүйінбай ақын атындағы, Қабан жырау атындағы, Құлмамбет ақын атындағы арнайы сыйлықтар тағайындалды. Бұл сыйлықтарға ие болғандар:
Нәрия Ақбабақызы (Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты)
Айтбек Тұрсынбаев(әл-Фараби атындағы ҚазҰУ)
Рай Дөнбаев (Қазақ ұлттық өнер университеті)
Айтысқа қатысқан ақындардың барлығы алғыс хаттармен марапатталды.
Тәрбие жұмысы, жастар саясаты
және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы