Главная /
СМИ о нас
29.01.2020 Министр Асхат Аймағамбетов Алматының педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесті
29 қаңтарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматыдағы педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның негізгі тұжырымдары туралы айтты.
Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысты. Кездесу ашық диалог форматында өтті.
Асхат Аймағамбетов биыл екі маңызды құжат қабылданғанын атап өтті: 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы. Министр педагогикалық қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту және білім сапасын арттыру туралы айтып берді. Аттестаттаудың жаңа форматының қорытындысы бойынша 156 мыңнан астам педагогке біліктілік санаты берілді, ол оларға 30-дан 50% - ға дейін қосымша ақы төлеуге мүмкіндік берді. Министр балаларды маңызды ақпаратты дұрыс таңдауға және білімді тәжірибеде қолдануға үйрететін жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларының артықшылықтарын түсіндірді.
Педагог кадрларды даярлау сапасы туралы Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті баллдардың артатынын айтты. 2019 жылы педагогикалық мамандықтар үшін шекті балл 60 болса, ал келесі жылы 70 баллға дейін көтеру күтілуде. Сондай-ақ, министр болашақ педагогтердің практикалық білімін жақсартудың және дуалды білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Ол ҚазҰПУ - дың төртінші курс студенттерін жыл бойы мектептерде практикадан өткізу жөніндегі бастамасын қолдайтынын білдірді.
Қорытындылай келе, ҚР БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов пен Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев барлық студенттерді мектептерде жұмыс істеуге шақырды.
Такир Балықбаев осы кездесу үшін министрге алғысын білдірді.
«Мемлекет пен министрлік тарапынан педагогтар мен студенттер үшін ең жақсы жағдай жасау және қолдау үшін үлкен жұмыс атқарылуда», - деді ол.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |