«Хан қызындай Ханбибі» әдеби-поэзиялық кездесу кеші
2024 жылдың 9 желтоқсанында «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы мен Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар мектебінің ұйымдастыруымен «Хан қызындай Ханбибі» атты әдеби-поэзиялық кездесу кеші өтті.
«Барыс» және «Парасат» ордендерінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының 75 жас мерейтойына арнайы ұйымдастырылған шараға университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Рақымберді Жетібай, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының және Қазақстан Жоғары мектеп ұлттық ғылыми академиясының корреспендия мүшесі, ақын Бауыржан Жақып, ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергенова және 100-ден аса белсенді университет студенттері қатысты.
Келелі кездесудің мақсаты - ақынның шығармашылығын насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген ықыласын арттыру болды.
Әдеби-поэзиялық кездесуде университетіміздің белсенді студенттері ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашса, Ақбота Ғазизболованың орындауында «Нурикамал» әні көңілді кешке көрік берді.
Кеш барысында өзіндік үні мен әуені бар, кең тынысты кемел ақын әр жылдары жазылған түрлі тақырыптағы өлеңдерін оқып, шығармашылығы мен өмірі турасында сыр шертті. Сондай-ақ, жырсүйер қауымның сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті және шығарамашылық еңбегін тағы бір түйіндеді.
Жүрек төрінен жыр ақтарған ақындар бір-бірінен суреткерлік, өмірлік құбылыстарға болған өзіндік көзқарастарымен ерекшеленеді дейтін болсақ, қазақ поэзиясында шабытты шығармашылығымен танылған Ханбибі Есенқарақызының да өзге ақындардан дараланатын тұсы осы еді. Себебі ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеп, бірнеше кітап арнаған, Алаш қайраткерлерінің қаламгерлік мұрасын қайта тірілтуге мұрындық болған ақын.
Іс-шара соңында университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау кездесу кешінің құрметті қонағы Ханбибі Есенқарақызына университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің атынан гүл шоқтарын ұсынып, сый-сыяпат көрсетті.
«Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы