қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
31.03.2014

Д.А.Қонаев тағылымдары

Елу жыл ел ағасы болып, Қазақстанды ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ардақты есімі ел есінде мәңгі сақталады. Ол басшылық еткен жылдары республикамыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен руханияты қарышты қадаммен дамып, еліміз аграрлы елден аграрлық-индустриялық елге, мәдениеті мен өнері, білімі мен ғылымы шарықтап өскен алдыңғы қатарлы республикаға айналды. Ол кісінің тұсында елімізде 27 өндірісті қала салынып, жер асты байлықтарын жаппай игеруге қол жетті. Астық өндіру 3 миллионнан 7 миллион тоннаға, қой саны 16 миллионнан 37 миллионға, ірі қара 4 миллионнан 10 миллионға өсті. Дінмұхамед Ахметұлының өз сөзімен айтқанда, ол елді басқарған 30 жыл ішінде бір Қазақстанды 7 Қазақстан етіп өсірді. Ол экономикамен қатар, білім мен ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Жоғары оқу орындарының саны 26-дан 55-ке дейін, студенттер қатары 70 мыңнан 275 мыңға дейін, олардағы профессор-оқытушылар саны 9 мыңнан 22 мыңға дейін жетті. Барлық облыстарда мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институттар ашылды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Бүкіл саналы ғұмыры мемлекет басқару ісіне арнаған, елім деп еңіреп өткен ер тұлғаның өмірі мен қызмет жолы өнегеге толы. Оны насихаттау, оқып үйрену бүгінгі жас ұрпақты тұлға ретінде қалптастыруға мол септігін тигізетіні сөзсіз. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Д.А.Қонаев мұражайының қызметкерлері бірлесіп өткізген «Д.А.Қонаев оқулары» қалалық студенттер конференциясының басты мақсаты да осыған саяды. Конференцияға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Конференцияның пленарлық мәжілісін жүргізген ҚР ҰҒА академигі Көпжасар Нәрібаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бүкіл қызмет жолына шолу жасап, ел үшін сіңірген еңбегін қадап-қадап айтып берді. Д.А.Қонаевтың кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Алматы облыстық партия комитетінің Бірінші хатшысы болып қызмет істеген партия мен қоғам қайраткері Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев Дінмұхамед Ахметұлының Алматы қаласын дамыту жөніндегі ерен еңбегі туралы айтып берді. Бұдан кейін Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттерінің Д.А.Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы ғылыми баяндамалары тыңдалды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студенті Айжан Бекежан «Кісілік пен кішілікті тең ұстаған Қонаев», Д.А.Қонаев атындағы Көлік және құқықтық-гуманитарлық университетінің 1 курс студенті Ұлжалғас Қайратова «Даналығыммен дараланған дипломат», Алматы технологиялық университетінің 2 курс студенті Назерке Жүсіпова «Д.А.Қонаевтың Қазақстан халық шаруашылығының өрлеуіне қосқан үлесі», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 2 курс студенті Ақмарал Қабдыраш «Ұлықтығы мен ұлылығы мәшһүр Қонаев» тақырыптарында баяндамалар жасады. Аталған студенттер Қонаев әлеміне терең үңіліп, өз тақырыптарын жан-жақты зерттегенін көрсетіп, тыңдармандар көңілінен шықты. Студент-зерттеушілер Дипломдармен марапатталды. Конференцияда Д.А.Қонаев туралы деректі фильм көрсетіліп, кітаптарының көрмесі өткізілді. Бұдан кейін конференция «Академик Д.А.Қонаев және оның Қазақстан білімі мен ғылымының дамуындағы рөлі» және «Д.А.Қонаевтың Қазақстан тарихындағы орны» деп аталатын екі секцияда онан әрі жалғасты. .

 

Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ақпарат орталығының жетекшісі