қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.03.2014

 

ТАҒДЫРЛЫ ТҰЛҒАҒА ТАҒЗЫМ

 

         2014 жылы ақпанның аяғында Қазақстанның зиялылар қауымының өкілдері көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың аяулы азаматы Ораз Жандосовты еске алып, әруағына тағзым етті.

         Ыстық ықыласпен, өте әсерлі жағдайда өткен осы бір тағылымы мол дәріс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрамында ірге көтерген М.Ғ.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының директоры Дана Мұқатқызы Мұқатованың ұйымдастыруымен Ораз Жандосовтың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

         Жиналғандардың жадында ұзақ уақыт сақталатындай болып өткен бұл іс-шараға Ораздай асыл тұлғаның тұяғы, тарих ғылымдарының кандидаты, киногер Әли Оразұлы Жандосов, О. Жандосовтың немерелері: халық ардақтаған атасының атындағы лицейдің директоры, ақын Гүлнәр Едігеқызы Жандосова, Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінің доценті, ақын Заринэ Әлиқызы Жандосова, ақын, суретші, жазушы Лааль Әлиқызы Жандосова қатысты. Тағдыры қысқа болса да, халқы үшін талайлы істерді атқарып кеткен Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметін зерттеген ғалым, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Махмұтұлы Әбжановтың қатысуы жиын мазмұндылығын арттыра түсті.

         Университеттің мәжіліс-залын лық толтырған оқытушылар, студенттер мен магистранттар саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Рамазанқызы Нұрымбетованың қазақ халқының адал ұлы Ораз Жандосовтың сан-қилы тағдырынан, қысқа ғұмырында атқарып үлгерген сан-қырлы қызметінен тың деректер берген дәрісін қызыға тыңдады. Қайраткердің залда отырған студенттер жасымен құралпас кезінде-ақ туған өңірі - Жетісу үшін, туған халқы үшін қаншама игілікті істерге ұйытқы болғаны, сол кезде-ақ қазақ тілін өркендетуге, бұрынғы Верныйды Алматыға айналдыруға, білім беру ісін дұрыс жолға қоюға қаншалықты еңбек сіңіргені, өзі имандай сенген коммунистік идея үшін күресе жүріп, ұлт жанашырлары болған азаматтарға қорған болғандығы, ақыры есіл азаматтың сталиндік репрессияға ұшырап, көктей солғаны нақты дәлелдермен баяндалды. Ораз Жандосовтың Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны, білім-ғылымның қара шаңырағы болып табылатын ҚазПИ-ді - қазіргі өздері оқып жүрген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін құру ісіндегі еңбегі туралы айтылғанда студент жастар құшырлана қол соғып жіберді. Лекторға тыңдаушылардың сан-алуан сұрақтар қоюы, дәрістің өте әсерлі өткенінің айғағы болса керек.

         Дәріс үстінде Ораз Жандосовтың өмір жолы, қызметі туралы оның баласы, осы шараға қатысып отырған Әли Оразұлы Жандосов түсірген деректі фильмнің көрсетілуі Абай атындағы ҚазҰПУ-да ұйымдастырылған бұл іс-шараның тәлімдік-тағылымдық мән-маңызын тереңдете түскендей әсер қалдырды.

 

Айтқазы Байдәулетов,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Ақпарат орталығының қызметкері