«Жұмыс берушілер айлығы – 2025» аясында бос жұмыс орындарының таныстырылымы өтті
2025 жылдың 12 наурызында Абай атындағы ҚазҰПУ Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментіне қарасты «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Жұмыс берушілер айлығы - 2025» аясында бітіруші түлектерге арналған бос жұмыс орындарының таныстырылымы өтті. Іс-шара «Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Шараға Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Өтініш берушілерді қолдау бөлімінің басшысы Гүлзира Қазыбаева, Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев, «Мансап» орталығының басшысы Рақымберді Жетібай және университет түлектері қатысты.
Жиынды Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Спикер ретінде сөз алған Гүлзира Қазыбаева Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының негізгі міндеттерін атап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жайлы және 1000-ға жуық бос жұмыс орны туралы ақпарат берді. Сонымен қатар 2025 жылғы педагогикалық және педагогикалық емес мамандықтарға арналған бос жұмыс орындарын enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы таныстырды.
Кездесу барысында білім алушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. «Мансап» орталығы «Жұмыс берушілер айлығы» аясында осындай маңызды кездесулерді ұйымдастыруды жалғастырады.


