Абай университетінің ғалымы академик Н.Базанова атындағы марапатқа ие болды
2025 жылдың 6 наурызында Алматы қаласы, Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет отандық әйел-ғалымдарға арналған Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізді.
Атаулы іс-шараға 400-ге жуық отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.
Тұңғыш отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы марапатпен 48 отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары, ғылымның әртүрлі бағыттарында үздік нәтиже көрсеткен, жетекші әйел-ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер салтанатты түрде марапатталды.
Марапатталғандар қатарында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі Жаратылыстану және география факультетінің деканы, География ғылымдарының докторы, профессор Күләш Каймулдинова да бар.
Айта кетейік, академик Найля Оразғұлқызы Базанова (1911-1993) - Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының жаңа саласының - ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы (1945), профессор (1946), Қазақ КСР ғылым академиясының академигі (1951), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері (1946).
Абай университетінің ғалымын жетістігімен құттықтаймыз!



