қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.02.2025

Өңірлердегі тағылымдама: Абай университетінің студенттері Талдықорған қаласында тәжірибеден өтуде

 

                

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Жетісу облысы Білім басқармасы арасында 2024/2025 оқу жылына арналған ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Осы келісім аясында педагогикалық мамандықтың 20-ға жуық 4-курс білім алушысы 2024 жылдың қараша айынан бастап Талдықорған қаласының орта білім беру ұйымдарында өндірістік іс-тәжірибеден өтуде. Іс-тәжірибе 2025 жылдың 17 мамырына дейін жалғасады.

 

Білім алушылар І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қолдауымен жатақханамен тегін қамтамасыз етілген. Бұл бастама студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге, оқушылармен тікелей жұмыс жасауға және болашақ мамандықтарына тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

 

2025 жылдың 13 ақпанында өндірістік іс-тәжірибе аясында Ш.Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясында «6В01502 - Математика-физика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Құмыролла Құрманғазы «Ондық бөлшекті натурал санға көбейту. Ондық бөлшектерді көбейту» тақырыбында ашық сабақ өткізді.

 

Ашық сабаққа Абай университетінің Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев, Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры, Мансап орталығының жетекшісі Рақымберді Жетібай, Ш.Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясының директоры Айжан Жумадилова, директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Жанна Сулейменова және «Математика» пәнінің мұғалімі Жанна Кожабекова қатысты.

 

«Өңірлерде білім алушылардың өндірістік практикасын ұйымдастыру олардың кәсіби дамуының негізгі кезеңі болып табылады. Мұндай бастама болашақ мұғалімдерге алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, ұстаздық шеберліктерін шыңдап, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Алмас Найманбаев.

 

Рақымберді Жетібай студенттердің кәсіби өсуінің маңызды кезеңі ретінде педагогикалық практиканың маңыздылығына тоқталды. Тәжірибе білім алушыларға теориялық білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың педагогикалық құзіреттіліктерін тереңдете отырып, болашақ кәсіби қызметінің берік негізін қалыптастыратынын атап өтті.

 

Бұл бастама университет пен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, болашақ мұғалімдердің кәсіби дамуына оң әсер етеді.

 

 

13.02.2025

Ақпарат көзі: qazaq1913.com