Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
27.12.2024 Ғылым және жоғары білім министрі Абай университетінде кездесу өткізді
26 желтоқсан күні "Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы келді. Министр Абай университетінде білім алушы жастармен, оқытушы-профессор құрамымен кездесу өткізді. Жиынға Аbai university-нің Басқарма Төрағасы-ректор Болат Тілеп модератор ретінде жүргізіп отырды. Ведомство басшысы жиында 2023-2029 жылдарға арналған министрліктің стратегиялық даму жоспарын жеткізді. Атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Саясат Нұрбек өз сөзінде - "Жоғары білімге қатысты біз 8 үлкен бағытпен бастадық жұмысымызды. Негізгі күш ол демография. ҰБТ-ны жоғары оқу орнына биыл 30 мыңға, былтырғымен салыстырғанда мектеп бітірушілер көбірек тапсырады. Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық студент тіркелді. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Сондықтан да 8 бағыттың кемінде төртеуі демографиялық толқынға дайындық ретінде берілген. Соның ішінде қолжетімділік, инфрақұрылым, цифрландыру, кеңістігімізді ашу әрі шетелдік университеттерді және шетелдік инвесторларды шақыру." Министр кездесуде 8 бағыттың ішіндегі қолжетімділікке үлкен мән беріліп отырғандығын баса айтты. Әсіресе грант санын көбейту жайына көбірек көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Мысалы, былтырғы жылы 94 мыңға жуық грант бөлінген. Оның 78 бакалавриатқа бөлінген. Ал келесі жаңа оқу жылында 104 мыңға жуық грант бөлінетін болады. Жылдан-жылға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді.
"Дегенмен бұл мәселені шешпейді. Қосымша 4 тетік құралды іске қосып жатырмыз грантпен бірге. "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйені келесі жылдан бастаймыз. Аталған жүйе шеңберінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. "Келешек" ерікті жинақтау жүйесін енгізу мәселесі қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты", - деді министр.
Басқосуда Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігі қазір қаржы сыйымдылығын арттыруға баса мән беріп отырғандығын баяндады. Сондай-ақ ғылым саласына бөлінетін қаржыны ұлғайту, беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашу, отандық университеттерге жасанды интелект бағдарламасын енгізу жайы да айтылды. Тағы бір бағыт еліміздегі университеттерде қытай тілінде оқыту жайы басты назарда екендігін министр тағы бір атап өтті. Қазіргі таңда Қытай университеттерімен 241 келісім жасалып, білім беру және ғылыми зерттеулер саласында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Мақсат - Қытай және Қазақстан арасында студенттермен алмасу бағдарламаларын кеңейту, қосымша ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді алмастыруды ұйымдастыру, жаңа бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу және оларды іске қосу. Естеріңізге сала кетейік, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология факультетінде «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасы ашылған болатын. «Қытай тілі және қытайтану» кафедрасын ашудың мақсаты - тілдік және мәдени құзыреттіліктерді жетілдіру арқылы екі ел арасындағы байланысты нығайту, қосдипломдық білім беру негізінде оқыту, академиялық ұтқырлық мәселесін жолға қою, қытай университеттерімен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен ынтымақтастық орнату болып табылады.
27.12.2024 Ақпарат көзі: aikyn.kz |