Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
10.12.2024 Сөз сыры мен сынын саралаған
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығы бірлесіп, көрнекті ғалым, ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай «Сөз сыры мен сынын саралаған ғалым» атты дөңгелек үстел өткізді.
Алқалы жиынға ғалымның өмір жолы мен бірегей зерттеу еңбектері арқау болды.
Жиын тізгінін Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығының президенті, академик Кәрімбек Құрманәлиев ұстады. Ол биыл елімізде ғасырлық мерейтойын атап өтіп жатқан, саналы ғұмырын қазақ тіл білімі ғылымының дамуына арнаған академиктер Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық және келесі жылы туғанына 100 жыл толатын Шора Сарыбайұлының мұраларын өскелең ұрпақ арасында дәріптеудің маңызы зор екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттық құндылықтарға үлкен мән беру керектігін айтқан болатын. Бұл жаңа тұрпатты жастар тәрбиелеу, отаншылдықты, тілге, тәуелсіздікке деген құрметті жас ұрпақ бойында қалыптастырудың маңызын көрсетеді. Академик Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімін түркі әлеміне танытты. Түркі әлемінің академигі атанды. Өзі түлеп ұшқан қара шаңырақта ғалымның ғасырлық тойын атап өтуде үлкен мән жатыр. Осы мақсаттағы жиындар әлі жалғаса түссе деймін. Өйткені еліміздегі жүзден астам жоғары оқу орындарында академик Рәбиға Сыздықтың еңбектері насихатталуы қажет», деді К.Құрманәлиев.
Басқосуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов оқып берді. Онда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және дамыту мақсатында жасалып жатқан игі бастамаларға академик Рәбиға Сыздық еңбектері негіз болғаны жазылған. Комитет төрағасының айтуынша, өркениетті елдерде орфографиялық емле, ережелер бес жылда жаңартылады. Бұған дейін Әзербайжанда жеті рет, Татарстанда үш мәрте, Ресейде бес-алты рет жаңартылған. Біз әлі күнге дейін 1983 жылы Қазақ КСР жоғары кеңесі бекіткен орфографиялық ережені қолданып жүрміз. Сондай-ақ Е.Тілешов сөйлеу, жазу мәдениетіндегі өзгерістерді басшылыққа ала отырып, жоғары оқу орындарының ғалымдары жиналып, бірқатар елдің тәжірибесіндегі орфографиялық емле-ережені жаңартуға байланысты қолға алынған жұмыстар туралы аз-кем тоқталып өтті.
Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде академик Рәбиға Сыздықтың еңбектерін жастар арасында дәріптеуге бағытталған көптеген іс-шара атқарылды. Соған орай аталған жоғары оқу орнының ректоры Болат Тілеп қазақ тіл білімін жаңа белеске көтерген академик шығармашылығына кеңірек тоқталды. Ол өз сөзінде ардақты тұлға еңбектерінің жас ұрпаққа білім азығы ғана емес, тәрбиелік құндылығы мол екенін жеткізді.
Бүгінде Р.Сыздықтың шәкірттері елімізде ғана емес, шетелде де табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда ғалым еңбектерімен ғана емес, шәкірттерімен ұзақ жасайтынын айтқан «Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті, академик Мұрат Жұрынов: «Рәбиға Сыздық тіл білімі ғылымында тілдің дамуы, әдеби тілді, көркем сөз өнерін, аударма ісін дамытуға байланысты мол мұра қалдырды. Осы қара шаңырақты тәмамдап, өз мектебін қалыптастырды. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде олардың көпшілігі академик дәрежесіне жетті. Ол ғалымдығымен де, қарапайымдылығымен де ерекшеленетін. Өзіне тән биязылығы бар, мәдениеті жоғары жан еді. Ғылымға келген қаншама жасқа қолдау көрсетті. Бүгінде академиктің шәкірттері оның зерттеу ісін одан әрі жалғап, ғылымда өзі сүрлеуін салды», деді ол.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанның айтуынша, академик Рәбиға Сыздық тіл білімінде 59 сала бойынша қалам тартып, 10 бағытты дамытқан. Осы еңбектері 12 томға арқау болған.
«Академик қазақ әдеби тілінің негізі жазба тіл емес, ауызша тарағанын айтып, теорияны бекемдеп, шегендеп кетті. Ғалым өзі еңбек еткен кезеңде оның оппоненттері кеңестік конюнктураның күшімен «әдеби тіл тек қана жазба тіл болса ғана дамиды. Жазба тіл пайда болған кезден бастап халықтың әдеби тілі дамиды» деген теорияны ұстанып, қазақ тілінің әдеби формасы Қазан революциясынан кейін қалыптасты», деген ұғымды алға тартты. Міне, осыған орай Р.Сыздық Абай тілін тұңғыш рет лингвист ретінде жүйелі зерттеп, кандидаттық, докторлық диссертациясын қорғады. Абайға дейін де қазақ әдеби тілінің негізін берік қалыптастырған авторлық әдебиет болғанын «соның жарқын өкілдері кімдер?» деген сұраққа жауап іздеді. Ноғайлы дәуіріндегі жыраулар тілінің мысалдарын, сол замандағы қазақ әдеби тілінің көріністерін зерттеді. Ғалымның үлкен жаңалығы орта ғасыр ескерткіштерінің тілін зерттеумен байланысты екенін де айтқан жөн. Ол кісі өз зерттеулерінде кеңес заманынан бұрын да қазақ тілі мемлекеттілікті сақтаудың құралы болғанын дәлелдеді», деді А.Фазылжан.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді «Академик Р.Сыздықтың Қадырғали Қосымұлы мұрасын зерттеудегі рөлі» туралы баяндама жасады. Академиктің шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенованың бірегей ғалымның өмір жолына тоқталып, қайсар мінезі мен адалдығын сөз етті. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаңалық Балтабаева қазақ тіл білімінің әліппесін жастарға үйретудегі Рәбиға Сыздық еңбектерін цифрлы ресурстар арқылы пайдалану тәжірибесін ортаға салды. Филология ғылымдарының докторы Жамал Манкеева қазақ сөзінің сыры мен сынына үңілген академиктің адами болмысы, ғылымдағы жолы туралы естелігімен бөліссе, профессор Айман Қобланова, Бибайша Нұрдәулетова ғалымның ғылыми зерттеулерінің мәнін ашып берді.
АЛМАТЫ
10.12.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |