қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
05.02.2018

 

Цифрлық революция киберфизикалық жүйелерді өндіріске енгізуге ықпал етеді - Ақтолқын Құлсариева

 



ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауы «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталды. Жолдауға қатысты Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, профессор Ақтолқын Құлсариева пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 

«Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деген Жолдауындағы төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміз басқашалағанда цифрлық технологиялар революциясы. Бұл термин 2011 жылғы Ганновердегі көрмеден кейін пайдаланыла бастады да жаһандық саяси дискурста 2016 жылғы Давостық бүкіләлемдік экономикалық форумнан кейін тұрақтап қалды. Давос форумының төрағасы, танымал швейцариялық экономист Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» деген кітабының жарыққа шығуы да осы терминнің халықаралық ғылыми айналымға енуіне себепкер болды», - дейді Ақтолқын Құлсариева.

 

Оның айтуына қарағанда, цифрлық революция киберфизикалық жүйелердіөндіріске енгізуге әсер етеді.

 

«4.0 Индустриясы немесе цифрлық революция киберфизикалық жүйелерді (CPS) өндіріске жаппай енгізуге ықпал етті. Әлемнің осы революцияда жасаған алғашқы қадамдары бұлттық технологиялар, қыруар ақпараттармен жұмыс жасайтын Big Data, оларды жинау мен талдау тәсілдерін дамыту, Заттар интернеті, краудсорсинг, биотехнологиялар, жүргізушісіз автомобильдер мен 3D-баспаға негізделген медицина, жаңа материалдар, кванттық есептеулер және тағы сол сияқтылармен байланысты. Қаржы әлемінде бұл - Bitcoin криптовалюталары мен Blockchain технологиялары. Әсіресе, осы Блокчейн технологиясы, сарапшылар пікірінше, өзінің ғаламат ықпалы жөнінен Интернетпен салыстыруға келерлік дүние. Алғашқы өнеркәсіптік революция XVIII ғасырда будың күшін пайдаланумен басталды да XIX ғасыр соңында электр энергиясын игерумен байланысты екінші революцияға жол берді. Үшінші 1950-ші жылдары пайда болған өнеркәсіп революциясы электроника және ақпараттық технологияларды әкелді. Ендігі жерде технологиялар физикалық, цифрлық және биологиялық салаларды өзара біріктіріп, төртінші өнеркәсіптік революция дәуірін бастап кетті. Клаус Шваб әлем болашақта өркениеттік, діни немесе ұлттық белгілері бойынша емес, технологиялық белгілері бойынша «технонәсіл» және басқалар (технонәсілге ілесе алмай қалып қойғандар) болып бөлінуі мүмкін деген болатын», - дейді ол.

 

Профессордың айтуынша, келешек өзгерістердің соншалықты күрделілігін терең түсіне отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауының тақырыбын сол төртінші өнеркәсіптік революцияның берер мүмкіндіктерін табуға арнады және ел болып, мемлекет болып әрекеттенудің анық алгоритмін беретін, қазақстандық қоғамды технологиялық және әлеуметтік жаңарту стратегиясына бағытталған 10 міндетті қойды. Мемлекет басшысы заманауи технологиялар әлемді өзгертті дей келе, «Жаһандық технологиялық ілгерілеулер өзімен бірге өсудің сын-қатерлері мен жаңа мүмкіндіктерін алып келуде» деп атап өтті.

 

«Жолдаудың басты бағдары экономиканың барлық саласын қамтитын жаппай цифрландыру болып табылатыны сөзсіз. Елбасы белгілеген 10 негізгі міндеттің ішінде қазақ елінің 90 жылдық тарихы бар тұңғыш университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті үшін «Адами капиталдың жаңа сапасы» жетінші міндеті аса маңызды. Президент «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» - деп атап өтеді. Бұл еліміздегі білім беру стратегиясының жалпы идеологиясы болады деп ойлаймын. Жаңа дәуір - төртінші өндірістік революция кезеңінің ұстазы қандай болуы керек? Педагогтың инновациялық мәдениеті деген не? Осы сынды сұрақтар білім беру жүйесінің болашақ жаңғыру жолын анықтайтын болады. 4.0 Индустриясының қалыптасу барысында жаңа мамандықтардың пайда болуы, түлектер құзыреттілігіне қойылатын талаптардың өзгеруі білімнің мағынасы мен мазмұнын түбегейлі қайта қарауды, оқытудың жаңа технологиялары мен әдістерін енгізуді талап етеді», - дейді проректор.

 

Ақтолқын Құлсариева атап өткендей, болашақ мамандар үшін іргелі маңызды дағдылар қатарына өмір бойына оқи білу (life long learning), сыни ойлау және өзін-өзі бақылауда ұстау қабілеті жатады. Іс жүзінде сөз өскелең ұрпаққа алған мамандығын бүкіл өмірлік наным деп місе тұтуға болмайтындығы туралы болып отыр. Бұл беймәлім әлемде бір ғана нәрсені нақ басып айта аламыз: болашақ маман қажет жағдайда жаңа міндеттер мен жаңа талаптарға сай қиналмай лезде бейімделіп кетуі тиіс, демек қайта оқуға дайын болуы тиіс. Сол себепті, Давос эксперттері болашақ маман 2020 жылға қарай келесі дағдыларды: мәселені кешенді шешуді; сыни ойлауды; креативтілікті; басқара білуді; әрекетін басқалармен үйлестіре білуді; эмоционалды зердесін жетілдіруді; шешім қабылдай білуді; қызмет көрсетуге икемделуді; келісімгершілікті; когнитивті бейімделгіштікті меңгеруі тиіс.

 

Бүгінгі мәдениетте цифрландыру үрдісі бейадами технологиялар негізін салып, виртуалдылық идеологиясын дүниеге әкелді. Төртінші өнеркәсіптік революция тікелей адами капиталға арқа сүйейтін білімге негізделген экономиканы қажет етеді. Сондықтан да Н.Ә. Назарбаевтың «Білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарайтын кез келді» деп нықтап айтуында еліміздің болашағын баянды ету үшін қажетті бірден бір шарт анықталып отыр. Өйткені қазіргі дамыған елдер экономикасында білім беру саласы шикізаттан да көп пайда түсіріп отырғаны немесе озық әлемдік университеттердің кейбірінің жылдық бюджеті әжептеуір бір елдің жылдық бюджетімен пара-пар келіп отырғандығы да жалтармас шындық.

 

«Білім, ақпарат кез келген экономиканың басым бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткерлердің және шығармашыл тұлғалардың әлеуметтік тобының іріктелуіне жағдай тудырмақ. Бұл тек басқару ісіне, яғни саясатқа қатысты ғана емес, сонымен қатар, жекеменшікке де қатысты болмақ. Футурологтардың айтуынша, меншік тұрғысынан алғанда болашақта зияткерлік меншік өнеркәсіпке, табиғи қорға, жылжымайтын мүлікке деген меншікті ығыстыра отырып, меншіктің билеуші формасына айналмақ. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуының арқасында адамзаттың бұрын-соңды болмаған «өмір сүру» кеңістігі - киберкеңістігі пайда болды. Желілік қауымдастық ретіндегі Интернет бүгінде жастардың білім алу көзіне әрі тәрбиешісіне айналып отыр. Ашық бұқаралық он-лайн курстары (МООС), ашық университеттер озық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мүмкіншілігін тиімді пайдалана отырып, дәстүрлі университеттермен бәсекеге түсуде. Бұл дегеніміз жалпы білім беру саласының алдына, соның ішінде университеттік қауымдастық алдына қыруар жаңашылдықтар енгізіп, жаңа өмір сүру кеңістігін - виртуалды кеңістікті игеру талабын, демек цифрлы орта құру талабын қойып отыр деген сөз», - дейді ол.

 

«Елбасы айтқандай, «Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс». Адами капитал негізі мықтап қалану үшін мектеп жасынан басталатын тиянақты да жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан да Жолдауда Н.Ә. Назарбаев көрсетіп өткендей, «педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау» керектігі - ұстаздар даярлайтын университет ретіндегі Абай атындағы ҚазҰПУ міндеттерінің басты идеологиясын анықтап беріп отыр. Демек, университет ұжымы цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, үнемі өзгерістерге даяр тұру және жаңартылған білім мазмұнын терең меңгеруге қажет жағдай жасау үшін жұмыла қызмет етуі қажет. Ол үшін өзіміз даярлайтын мамандықтардың білім беру бағдарламаларын төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі талап етіп отырған құзіреттіліктер мен қабілеттіліктер тұрғысынан дер кезінде жаңартуға тиіспіз. Геологияда жер қыртысының тереңіндегі тектоникалық қозғалыстар деген, яғни жер бедерін түбегейлі өзгерістерге алып келетін күрделі қозғалыстар деген түсінік бар. Бір сөзбен айтқанда, төртінші өнеркәсіптік революция адамзат өмірінің, оның ішінде - білім саласының іргелі тектоникалық қозғалысының дүмпушісі.», - деген пікірін айтты А.Құлсариева.

 

05.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: baq.kz