Негізгі бет
Жаңалықтар
18.11.2024 «Салауатты өмір салтын қалыптастырудағы дене тәрбиесі мен спорттың негізгі аспектілері» 2024 жылдың 13 қарашасында Қаскелең Гуманитарлы-техникалық колледжінде «Салауатты өмір салтын қалыптастырудағы дене тәрбиесі мен спорттың негізгі аспектілері» тақырыбында республикалық семинар өткізілді.
Қонақтарды мекеме директоры Майсам Бакиева қарсы алып, колледжде спортпен айналысуға қандай жағдай жасалғандығы және жас спортшылардың жетістіктерін көрсету мақсатында жасалған арнайы көрмені таныстырды. Нақтырақ айтқанда, «Қуат пен жігер: салауатты ұрпақ жолында» атты көрмеде семинарға шақырылғандар колледждің футбол алаңы мен шахмат, тоғызқұмалақ бөлмелерін, волейбол мен гимнастикаға арналған залды, қажетті құралдармен жабдықталған фитнес залы бар екі қабатты спорт кешенін аралады. Сондай-ақ кубок, медальдар мен грамоталар қойылған көрмені де көріп, колледж спортшыларының түрлі деңгейдегі жарыстарда жеткен жетістіктерімен жақынырақ танысты. Ал, білім алушылардың рухани сусындап, кітап оқып терең білім алуға мүмкіндік беретін кітапхананың жұмыстарымен меңгеруші Қапалхан Хусайнова таныстырды. Сонымен қатар кітапханада «Қуат пен жігер: салауатты ұрпақ жолында» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Еркін Уанбаевтың «Дене мәдениеті және спорт теорииясы мен әдістемесі» оқулығы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Жандос Кожакановтың әзірлеген «Педагогикалық практика» атты оқу құралдары сөреге қойылған.
Шараның негізгі бөлімінде Майсам Бакиева оқу орнының тарихы, спорт саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Жандос Кожаканов «Логотерапия немесе өмірге құштарлық кітабы негізінде түпкі идеясын түсіндіру мақсатында баяндама жасады.
Семинар соңында колледж директоры Майсам Бакиева қатысушылар мен келген қонақтарға алғысын айтып, оларды арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Дене шынықтыру және спорт кафедрасы |