қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
31.10.2024

«Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік пен ұлттық мақтаныштың символы» ақпараттық-танымдық дәрісі


2024 жылдың 30 қазанында «Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы, Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар мектебі мен Тарих және құқық факультетінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздік пен ұлттық мақтаныштың символы» тақырыбында ақпараттық-танымдық дәріс өтті.

 

Дәрістің спикерлері әрі құрметті қонақтары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бас сарапшысы Аида Баялиева болды. Сонымен қатар шараға университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Рақымберді Жетібай, Тарих және құқық факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Медет Азанбаев және аталған факультеттің 50-ге жуық студенттері қатысты.

 

Мақсаты - өскелең ұрпаққа еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін мемлекеттік рәміздер - Елтаңба, Ту, Әнұран туралы деректермен бөлісу, олардың шығу тарихы, ондағы символдар және оған қатысты заңнамалық актілер жөнінде ақпарат беру, білім алушыларды рәміздерді құрметтеуге, қастерлеуге шақыру және тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәміздері қаншалықты құнды екенін жеткізу болды.

 

Дәріс барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілген күн болып тарихта қалғанын атап өтіп, мемлекеттік рәміздер кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін нышандардың бірі және мемлекет имиджінің ажырамас бөлігін құрайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік рәміздері тек мемлекеттік құрылымдар немесе хаттамалық іс-шаралар шеңберінде ғана емес, барлық жерде дәріптелуі керек екендігін айта келіп, жастарды мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге шақырды.

 

«Бұл ретте ең бастысы - Мемлекеттік рәміздерді қолданғанда ұлттық стандарттарға сәйкес ережені ескерген абзал. Елтаңба мен Туды аяқасты етуге жол бермеу - еліміздің әрбір азаматының борышы. Тудың құлағаны - елдің құлағаны деп білсек, еліміздің амандығын, айбынының асқақтауын тілеп, Мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарайық», - деді Гүлдана Аргенова.

 

Ісс-шарада бұдан өзге, геральдика саласының бүгінгі жай-күйі, Елтаңба мен Әнұранға қатысты бірқатар ақпараттар да айтылып, оның қолданылу заңдылықтары түсіндірілді.  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

«Хәкім Абай» Ұлттық тәрбие орталығы