қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.10.2024

Абай университеті мен «Teach for Qazaqstan» қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды


2024 жылдың 3 қазанында Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті.


Teach for Qazaqstan - білім берудегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған ұйым. Қордың негізгі мақсаты - ауылдық және қалалық мектеп оқушыларының сапалы білім алуына жағдай жасау. Бағдарлама аясында қатысушылар екі жыл бойы мектептерде сабақ беріп, балалардың білім деңгейін арттыруға, әлеуетін дамытуға көмектеседі.


Кездесу барысында тараптар педагогикалық білім беруді дамыту мен мектептерде білім беру сапасын арттыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Талқылау нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Абай университетінің академиялық қызметі жөніндегі проректоры Бану Нарбекова жаңа формациядағы педагог кадрларды даярлаудың басым бағыттарын атап өтіп, университет пен қоғамдық қор арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.


«Teach for Qazaqstan» қорымен ынтымақтастық біз үшін педагогтарды даярлауда жаңа перспективаларға жол ашады. Біз еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартуға және студенттерді заманауи білім беру стандарттарына сәйкес дайындауға ұмтыламыз. Бұл меморандум болашақ педагогтарды даярлау сапасын арттыруға және оқытудың инновациялық тәсілдерін дамытуға бағытталған маңызды қадам», - деді проректор.


Меморандум аясында тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуды көздейді: кәсіби педагогикалық білім беру мазмұнын жаңартып, студенттерді белсенді педагогикалық қызметке дайындау; академиялық, ғылыми және педагогикалық қауымдастық арасында тәжірибе алмасу және оқу жоспарлары бойынша ынтымақтасу; заманауи талаптарға сәйкес педагог кадрларды даярлауға қатысты бірлескен жұмыстарды үйлестіру; ғылыми зерттеулер мен жаңалықтарды таратуда өзара ақпарат алмасуға қолдау көрсету.


Абай университеті мен «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қоры арасындағы меморандум елдегі білім сапасын арттыруға және педагогтардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді.

 

  alt=  

 

  alt=