Негізгі бет
Жаңалықтар
04.04.2023 «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының салтанатты ашылуы
2023 жылғы 3 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтында «Жалпы және қолданбалы психология» кафедрасының жетекшілігімен «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының ашылу салтанаты өтті.
Аталған іс-шараға университеттің Басқарма мүшелері: зерттеу қызметі жөніндегі проректор Ермек Бөрібаев, әкімшілік және қаржы қызметі жөніндегі проректор Клара Исакова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, институт басшылығынан Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева, директордың ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Марфуға Абсатова, директордың оқу жұмыс жөніндегі орынбасары Ақтоты Ақжолова, директордың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Сәуле Шолтай қатысты.
Лентаны қию құрметіне Ермек Бөрібаев және Клара Исакова ие болды. Өз кезегінде олар Педагогика және психология институтының басшылығы мен ұжымын, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамын зертхананың ашылуымен құттықтап, практик-психологтарды даярлау ісінде мол табыс пен жетістік тіледі.
Іс-шара барысында Ғалия Абаева кіріспе сөз сөйлеп, институттың оқу-зерттеу зертханаларының жұмысы туралы айтып берді, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Ниетбаева «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының мақсаттары мен міндеттері туралы баяндады.
Оқу-зерттеу зертханасының жұмысымен таныстыру мақсатында жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Ақмарал Сатова кафедраның ғылыми әлеуеті, оқу-зерттеу зертханасының қызметі туралы баяндады. Психология ғылымдарының кандидаты Айша Надирбекова оқу-зерттеу зертханасының әдістемелерін жүргізудің мазмұны мен ерекшеліктері туралы; аға оқытушы Гүлмира Момбиева түрлі әдістемелердің жұмыс принциптерімен таныстырды.
Іс-шараның соңында «Тұлғаны психологиялық диагностикалау» оқу-зерттеу зертханасының ашылуына демеушілік көрсеткен тұлғалар Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, «Практик психологтарды даярлау» мамандығы студенттерінің және студенттік өзін-өзі басқару ұйымының белсенді студенттерінің бастамасымен зертхананың ашылуына және «Халықаралық психологтар күні» кәсіби мерекесіне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
|