қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
02.03.2023

«Шыңға» шығар жастар бар

 


 

Алматыда жаңа «Шың» студенттік театрының ашылу салтанаты өтті. Театр Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институты жанындағы өнерге ұмтылған студент-жастардың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.

 

Өнер, мәдениет және спорт институтының тәрбие ісі жөніндегі директорының орынбасары Гүлжазира Ахметова «Шың» театры студенттердің бастамасымен құрылғанын айтады.

 

- Былтыр бізде қоғам арасындағы әлеуметтік мәселелерді көтеру мақсатында фестиваль ұйымдастырылды. Сол кезде студенттер қойылым қойып, ары қарай өздерінің ынтасымен театр ашуды ұйғарған еді. Өткен күзде елордамыз Астанада өткен фестивальге барып келдік. Енді өнердің шыңына шығайық деген мақсатпен «Шың» атанған студенттер театрының ашылуына барынша қолдау танытып жатырмыз, - деді.

 

Г.Ахметова «Сәби болғым келеді» қойылымы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруге бағытталып, сценарийін оқу ордасының былтырғы түлегі Жұлдызай Мұхтардың жазғанын айтады.

 

-Жалпы, қойылымды сомдаған жастардың барлығы актерлік шеберлік курсынан дәріс алмаса да, ынталары өте жоғары. Декорациясын, сахналық киім үлгілерін студенттердің өздері дайындады. Спектакльдің айтар ойы анық - жастар арасында белең алып бара жатқан нашақорлық, жеңіл жүріске түсу сынды қоғамға жат өзекті мәселелерді көтеріп отыр, - деді Г.Ахметова.

 

Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институтының 3-курс студенті, «Шың» театрының режиссері Айгерім Дәулет театрдың осы бір ғана қойылыммен тоқтап қалмай, басқа да спектакльдерді қоюды жоспарлап отырғанын айтады.

 

-Біздің театр, негізінен, әлеуметтік тақырыптарды қозғайды. Студенттер қоғамның әртүрлі тақырыптарын еркін айта алатын халық қой. Сол себепті, өзіміз, студенттер болып, қоғамның басқа театрларда көрсетпейтін тұстарын көрсеткіміз келді. «Сәби болғым келеді» қойылымы бір адамның өмірі арқылы өмірде күнделікті орын алатын жемқорлық, алдау-арбау сынды өткір проблемаларды көтереді. Баспана тұрғызбас бұрын оның іргетасының мықтылығы қаншалықты маңызды болса, сәби кезінен балаға жылылық пен жақсы тәрбиенің соншалықты маңызды екенін жеткізгіміз келеді. Сонымен қатар, «Бір дәурен бозбалалық» атты студенттеріміздің жазған спектаклі бар. Сәтін салса, келесі аптада сахналасақ па деп отырмыз, - дейді Айгерім Дәулет.

 

 

02.03.2023 ж.

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz, PDF