|
| |
Талапкерлерге ТАЛАПКЕР-2015
КӘСІБИ-БАҒДАР БЕРУ МАҚСАТЫ - ТАЛАПТЫ ТАЛАПКЕРЛЕРДІ ТАРТУ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан 2014-2015 оқу жылының екінші жартысында Білімгерлерді қабылдау мен мамандар даярлауды бақылау орталығы ашылған-ды. Орталық өз жұмысы 2010-2014 жылдар аралығындағы Қабылдау комиссиясы жұмысының нәтижесін саралаудан басталды. 2010-2014 жылдар аралығындағы университетімізге қабылданған талапкерлер санының төмендеу динамикасын Қабылдау комиссиясы қорытындыларының нәтижесінен көруге болады. 2015 жылдың қаңтар айында Құқық және экономика институты Алматы облысы Жамбыл және Іле аудандық Білім бөлімдерімен өзара келісе отырып, екіжақты «Ынтымақтастық» келісім-шарттар түзген болатын. Келісім-шартта көзделген талаптар негізінде университет жанынан ашылған орталықтың ұйымдастыруымен университет деңгейінде кәсіби-бағдар беруші топ құрылып, 2015 жылдың 11 наурызында Жамбыл ауданының Мәдениет үйінде Жамбыл ауданына қарасты Т.Рысқұлов, С.Бердіқұлов, А.Қарсақбаев, Наурызбай батыр атындағы орта мектептер мен, Абай атындағы мектеп-гимназия, Қарғалы №3 және №8 орта мектептерден жиналған 253 мектеп бітіруші оқушылармен кездесті. Кәсіби-бағдар беруші топ келесі құрамда жасақталып, кәсіби-бағдар жұмыстарын жүргізді: Битұрсын Ғалымжан Шәмшідінұлы- Құқық және экономика институының директор орынбасары, Орынтаев Жамбыл Қылуетұлы - з.ғ.к., профессор - Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, Есенова Қалбике Өмірбайқызы - ф.ғ.д., профессор - Жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, Ибатова Гаухар Біржанқызы - п.ғ.магистрі - Арнайы педагогика кафедрасының аға оқытушысы, Әсембайұлы Ерлан - филос.ғ.к. - Шығармашылық мамандықтар кафедрасының аға оқытушысы. Кездесу барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихы мен жетістіктерін баяндайтын бейнероликті көрген болашақ талапкерлер университетіміздің қазақ даласында тұңғыш ашылған ЖОО екендігін және қазақ қоғамындағы С.Асфендияров, С.Сейфуллин, М.Ғабдуллин, Х.Досмұхамедов, А.Байтұрсынов сынды дарабоз тау тұлғалардың еңбегі сіңген киелі білім ордасы екендігін ұғынып, көрсетілім соңында қызығушылықтарының артқандығын жасырмады. Көрсетілімнен кейін университет атынан жасақталған кәсіби-бағдар беруші топ университетте дайындалатын 52 мамандықтар бойынша жеке-жеке тоқталып, үш деңгейлі білім жүйесі мен маман иелерінің болашағы туралы түсіндірмелер берді. Сондай-ақ, университетіміздегі академиктер, ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, университетіміздегі қосдипломдық білім беру жүйесі, 1 курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндігі, әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерге әлеуметтік жәрдем көрсету үрдісі, интернет (WIFI) желілері мен компьютерлік (интерактивтік тақталар) кластар, арнайы құрылғылармен жабдықталған оқу-әдістемелік кластар, ер балалар үшін әскери кафедрада оқу мүмкіндігі туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар, халықаралық деңгейде университет жанынан ашылған Сорбонна-Қазақстан институты, университетіміздің мәртебесін айшықтайтын мамандықтар бойынша дайындалған буклеттер, ақпараттар мен жарнамалар кездесуге жиналған оқушыларға толық таратылып, Білім бөлімінің қызметкерлері мен мектеп мұғалімдеріне үлестірілді. Ақпарат алмасу кезінде профессор-оқытушылардың жауаптарына қанағаттанып, қызығушылық танытқан оқушылармен бірге екінші жоғары білім алуға ниет білдірген мұғалімдер де мәлім болды.
|