қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
05.09.2022

Айдаудан келген Ахмет Байтұрсынұлына өз үйін босатып берген Қасенбек Исатаев кім еді

 



НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ахмет Байтұрсынұлының туған өлкесі Торғай өңірі болса, өмірінің соңғы үш жылын Алматы қаласныда өткізген. Сол үш жылдың ішінде Алаш ардақтысы Алматының талай пәтерін сағалап, қызының қолында да тұрған. Айдаудан келген Ахметке Алматыдағы үйін босатып берген Қасенбек Исатаев еді. Байтұрсын әулетімен бірге Алматыдағы Ахмет музей-үйінің құрылуына жылдар бойы атсалысқан, қазір соған жетекшілік етіп отырған ахметтанушы Райхан Имаханбет ҚазАқпарат тілшісіне Алматыдағы Ахметтің ізі қалған ғимараттар туралы мәлімет ұсынды.

 

«1928 жылы қазақтың тұңғыш университеті ашылды. Қазақ мемлекеттік университеті деп аталған. Ол - қазіргі біздің Абай университеті. Бірақ қазақтың мемлекеттілігін мойындағысы келмегендер университет статусын алып тастап, институт қылған. Шын мәнінде Ахмет Байтұрсынұлы - сол университеттің тұңғыш профессорларының бірі. А.Байтұрсынұлы осы оқу орны ашылған кезде баяндама жасаған. Кейін бір факультеттің бөлімін басқарған. Оны дәлелдейтін құжаттар музейде сақтаулы тұр. Яғни, Ахметтің ізі аталған университетте қалған. Қазір ол ғимаратта Педагогика және писхология институты орналасқан»,- дейді ғалым.

 

Ахмет мұрасының шырақшысы сол кезеңдерде Ахмет Байтұрсынұлының Алматыдағы бірнеше үйде тұрғанын айтады.

 

«Анкеталық сауалнамаларда Университетская деген көше көрсетіледі. Кейін ол Красина болып өзгертілген. «Красина 100» деп те айтады. Ондағы Ахмет тұрған үй жаңа құрылыс түсіп, сүріліп кеткен екен. Шолпан Ахметқызының, Гүлнәр Міржақыпқызының, Қанабике Қаралдинаның берген сұхбаты негізінде Ахмет Байтұрсынұлы тұрған тағы бір үй табылған болатын. Оны сүйіншілеп жазған Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектептегі мен Әбіш Қазтай марқұм еді. Ол үй - қазір біз музей етіп ұстап отырған ғимарат. Осы үй тұрған көше қазір Ахметтің атында. Бұл үйде негізі Ахмет атамыздың қызы Шолпан мен жұбайы Қабиден тұрған. Ахмет Байтұрсынұлы соңғы рет айдаудан 1934 жылы Максим Горькидің жұбайы Пешкованың ара түсуімен босайды. Пешкованың ара түсуі үшін оған Ахметтің өзі және Әлихан Бөкейханұлы хат жазған. Айдаудан босаған Ахаң Алматыға келеді. Сонда осы үйге аялдаған. Онда да әуелі өзінің ағасы Қалидың қызы Кәтездің қолында біраз уақыт тұрады. Өйткені Шолпан босанып жатқан, бірден әкесін құшақ жайып қарсы алатындай мүмкіндігі болмаған. Кейін барып қана өз қолына алады»,- дейді ахметтанушы.

 

Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы атанған Ахметтің осындай күйде жүргенін есту сол кездегі еті тірі қазақтардың шымбайына батса керек.

 

«Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының қыздарының қолында тұрып жүргенін естіген Қарқаралының байлары қамсыз қалмайды. Есімін ұмытпасам, Қасенбек Исатаев деген азамат өз үйін босатып берген. Ол үй Қаскелең көшесі, 44-үйде болған. Ахмет атамыз ату жазасына кесілер алдында сол үйден тұтқындалады. Ол үй де жаңа құрылыс түсуіне байланысты сүріліп кеткен. Қазір ол үйдің орнында Жібек жолы-Желтоқсан көшесінің қиылысындағы аэровокалдың жаңа ғимараты тұр», -деді Райхан Имаханбет.

 

Ашық көздердегі дерекке сүйенсек, қазақ қазаққа сенуден қалған сол бір сұм кезеңде басын бәйгеге тігіп, айдаудан келген Ахмет Байтұрсынұлына үйін босатып берді делінетін Қасенбек Исатаевтың өзі де репрессияға ұшыраған екен.

 

1904 жылы Қарағанды облысының Шет ауданындағы №18 ауылда дүниеге келген заңгер негізінен оқытушы болып жұыс істеген. 1937 жылдың 22 қарашасында қамауға алынған кезде Алматы қаласында тұрып жатқан болатын. Ал 1937 жылдың 1 желтоқсанында НКВД үкімімен РСФСР қылмыстық кодексінің 58-10 бабы бойынша 10 жылға хат алмасып, сәлемдеме алу құқығынан айырыла отырып сотталады.

 

Қасенбек Исатаевтың есімі 1958 жылдың 13 желтоқсанындағы ҚССР Жоғарғы сотының шешімімен ақталады. https://youtu.be/uVZL2fQvH1c

 

Айта кетейік, 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толды. https://youtu.be/yD1ASNNgwBM

 

 

05.09.2022 ж.

Ақпарат көзі: inform.kz