қазақша · русский · english
 
 
 
23.10.2023

Мысыр тағындағы қыпшақ


2023 жылдың 20 қазанында Абай атындағы ҚазҰПУ «Мысыр тағындағы қыпшақ» тақырыбында қазақ даласының перзенті, тарихта ерлігімен аты қалған сұлтан аз-Заһир Бейбарыстың 800-жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Ұйымдастырушы Шығыс филологиясы және аударма кафедрасы болды.


Іс-шараға шақырылған белгілі ғалымдар баяндамалар жасады. Атап айтқанда: Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Ғылым және инновация депортаментінің директоры Ы.М.Палтөре, белгілі мәмлүктанушы ғалым, дипломат, сұлтан Бейбарыс туралы бірнеше кітаптың авторы Қайрат Сәки, Евразия Ұлттық университеті, Шығыстану кафедрасының профессоры Ақжігіт Әлібекұлы, Абай Университетінің тарих және құқық институтынан саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор Ж.Қ. Симтиков, әлем тарихы кафедрасының профессоры М.К. Тулекова, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

 

Филология институтының директоры, профессор А.В. Таңжарықова ашып берген дөңгелек үстел жоғары деңгейде, тың мәліметтерге толы, ғылыми-танымдық мәнде өте қызықты өтті. Қыпшақ даласынан құлдыққа сатылып, Мысыр жерінде билеуші дәрежесіне дейін көтерілген Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс бабамыз туралы көптеген қызықты деректер тыңдаушысын селт еткізді деуге де болады. Бабамыздың өмір тарихы туралы жан-жақты мәліметтер слайдтар арқылы беріліп, сұлтан Бейбарыс туралы фильммен толықтырылды.


Офлайн-онлайн форматта өткен шарада көптеген сұрақтар қойылып, қызу талқыға түскен мәселелер дөңгелек үстелдің шырайын ашты. Шара барысында мәмлүктанушы Кайрат Сәкидің орыс тіліндегі тағы бір кітабы таныстырылып, тұсаукесері болды. Осы іс-шараға байланысты студенттердің жасаған сауалнамасы да көрсетіліп, халықтың сұлтан Бейбарыс туралы пікірінен хабардар болдық.

 

Дөңгелек үстелге шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушысы Р.К. Оразова модераторлық жасап, алдымен сұлтан Бейбарыстың өміржолына шолу жасап өтті. Іс-шараның соңында Филология институтының директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Найманбаев пен шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі Н.Н. Қоңқабаева қатысушыларға алғыс айтып, алғыс хатпен марапаттады. Сұлтан Бейбарыс бабамыздың ерлік істері насихатталып, жастарға берер тағылымы мол болды.


Жалпы мазмұнды өткен дөңгелек үстел берері көп болды, жұртшылықтың көңілінен шығып, қатысушылар ризашылығын білдірді.

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу