қазақша · русский · english
 
 
 
21.07.2023

«Түркі жазбалары және қазақ жазуы» Алматы облыстық конференциясы


2023 жылғы 20 шілдеде Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі департаменті «Түркі жазбалары және қазақ жазуы» облыстық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырды. Конференция жаңа облыс орталығы Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өтті. Салтанатты ашылу рәсімі Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының м.а. Айбол Нүсіпқожаевтың құттықтау сөзімен басталды.


Конференцияға облыстық Ардагерлер кеңесі, «Аманат» партиясының мүшелері, облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен қоса облыстық ішкі саясат, дін, білім, мәдениет басқармалары басшылары мен тілге жауапты мамандары, аудан (қала) әкімдерінің орынбасарлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалдарының төрағалары, тіл жанашырлары қатысты.


Конференцияға Алматыдан шақырылған бір топ ғалымдар да қатысып тақырып аясында келелі мәселелер мен проблемалық тұстарды атап өтті, өзіндік шешу жолдары туралы пікір алмасты.


Баяндама Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты шығыс филологиясы және аударма кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а. Ерғали Есбосыновтың «Түркі әдеби-тілдік деректердегі колоративтік лексика» тақырыбындағы баяндамасымен басталды. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессор м.а. Жұбай Орынай «Қазақ жазуының тарихы» тақырыбында; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұхтар Мұратхазин «Түркі әлемі жазба мәдениетінің алтын бастауы - Қазақ жазуы»; Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитеті М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Бас директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр «Ортағасырлық түркі жазба жәдігерлерінің тілі мен әліппесінің даму ерекшеліктері» тақырыбында; Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Жаңагүл Саметова «Түркі халықтарының наным сенімдерге, түстерге, сандарға қатысты жер-су аттары» баяндама жасады.


Баяндамалар тиісті бейнематериалдармен сүйемелденіп қатысушылардың қызығушылығына ие болды. Негізгі тақырып түркі халықтарының жазу-сызу тарихы, көне руникалық жазбадан бастап төте жазу мен латын-кириллицаға дейінгі дәуірдегі қазақ жазуының даму эволюциясы болды.


Конференция қатысушыларына Алматы облысының әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы басшысы А.Нүсіпқожаев Алғыс хат пен баяндама қаламақысын табыстады. Конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Бағдат Әзімбаев пен Азамат Бахытжанұлына алғыс жариялады.


  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу