қазақша · русский · english
 
 
 
15.09.2021

Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов ҚР-дағы Оңтүстік Корея елшілігі жанындағы

білім беру орталығының директоры Ким Тэ Хванмен кездесті

 

2021 жылдың 13 қыркүйек күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректоры Дархан Біләлов пен Корея Республикасы елшілігі жанындағы Білім беру орталығының директоры Ким Тэ Хван мырзаның ресми кездесуі болып өтті. Абай университеті мен Корея білім беру орталығы арасындағы ынтымақтастық пен өзара тиімді байланыстарды нығайту - Корея орталығы басшысының кездесуге келуінің басты мақсаты болды. Сонымен қатар, корей басшысы, университет әкімшілігіне кәріс тілі пәні оқытушысын таныстырды.


Кездесуге Филология және көптілді білім беру институты директоры А.В Таңжарықова мен шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі К.Х.Абдрахманова қатысты.

 

Кездесу барысында екіжақты тиімді байланыстардың басты бағыттары қолға алынды. Абай атындағы ҚазҰПУ мен Корея Республикасы арасында білім беру саласындағы ықтимал ынтымақтастықтың бағыт-бағдары мен өзара тиімді тұстары қаралды. Атап айтқанда, Абай Университеті студенттерінің Корей орталығында тілдік тәжірибеден өтуі, кәріс тілі мамандығы бойынша ассистент-оқытушылардың кәріс орталығы базасында біліктілігін арттыруы мен одан әрі жұмысқа қабылдану мәселесі, ортамерзімді байланыста екіжақты ғылыми жобаларды да қолға алу тақырыбы талқыланды.

 

Кездесу барысында ректор, педагогикалық университеттің алдына қойған мақсаты мен оқыту үдерісіне енген жаңалықтар мен өзгерістер туралы баяндады. Еліміздегі кәріс диаспорасымен қоса Кореяға, тілі мен мәдениетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.

 

Институт директоры А.В.Таңжарықова кәріс тілімен қоса жаңа мамандықтарға алғашқы қабылдау іске асқандығын білдіріп, оның ішінде шетел филологиясы мамандығы; ағылшын тілін меңгерген кәріс тілі оқытушысы, екі шет тілі (бірі кәріс тілі) мамандықтарына 50-ден аса студент қабылданғанын атап өтті. Филология және көптілді білім беру институты жаңа бағыттағы мамандықтарға басымдық танытантығын, кәріс тілі орталығы қолдауымен Кореяның салалас университтерінің бірімен қосдипломдық жобасы туралы Меморандумға қол қоюға ниетті екендігін білдірді.

 

Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі К.Х.Абдрахманова осы кездесуге үлкен үмітпен қарайтындығын атап өтті. Кездесуден кейін қонақтар университеттің музейін, аудиториялардыжәне кафедра кабинеттерін аралады.

 

Өз кезегінде Ким Тэ Хван мырза, Кәріс орталығының Абай Университеті студенттерін қолдауда белсенділік танытатындығын, орталықта тілдік тәжірибе өткізуге мүмкіншілік болатындығын, оқу бағдарламасы негізінде тиісті кітапхана қорымен қамтамасыз етуге атсалысатындығын атап өтті. Сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы Қазақстан мектептеріне кәріс тілін енгізуде қолдау көрсететіндігіне үмітпен қарайтындығын білдіріп, болашақ жас мамандар әлеуетінің аса мол екендігін тілге тиек етті.

 

   

 




Кері оралу