«Аудармашы» кәсіби стандартын» республикалық талқылау
2020 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Кәсіби аудармашы» жобасын талқылау бойынша кездесу ұйымдастырды.
Отырысқа «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, ҚР жоғары оқу орындары мен колледждерінің оқытушылары, аударма бюроларының және агенттіктердің қызметкерлері қатысты.
Абай атындағы ҚазҰПУ атынан филология ғылымдарының докторы, шығыс филологиясы және аударма кафедрасының профессоры Жұмабекова Айгүл Қазкенқызы да осы кездесуге қатысты. Ол магистратура мен PhD докторанттарының біліктілігін қажет ететін ғылыми аударманы жүзеге асыруға қойылатын талаптарды өзгерту туралы ұсыныстар және басқа да бірқатар ескертулер жасады.
«Кәсіби стандарттың паспорты» шеңберіндегі республикалық кездесуге қатысушылар «Жазбаша аудармашы» және «Ауызша аудармашы» мамандықтарының кәсіп карталарын талқылады; олардың деңгейлері (лттық біліктілік шеңберіне, Салалық біліктілік шеңберіне, әртүрлі жанрдағы мәтіндердің түрлеріне байланысты аудармашылардың еңбек функциялары, міндеттері, дағдылары.
Мұндай жұмыс біздің елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Қоғамның өмірдің әртүрлі салаларында білікті аудармашыларға деген жоғары сұранысын, сондай-ақ орындалған аудармалардың сапасына қойылатын талаптарды ескере келе, талқыланатын стандарт айтарлықтай мазмұнға ие болып отыр.
Осыған байланысты «Аударма ісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлайтын жоғары және орта арнаулы оқу орындарына ерекше рөл бөлінеді. Аталған стандарт бекітілгеннен кейін олардың білім беру бағдарламаларын нақтылау, өзгерту, жұмыс берушілермен байланысты нығайту және т.б. міндеттерді шешу қажет екендігі айқын.