қазақша · русский · english
 
 
 
20.12.2017

«ЕГЕМЕН ЕЛІМ, ЕРКЕ ЕЛІМ» АТТЫ ЖЫР КЕШІ

 

 

2017 жылдың 17 желтоқсаны күні университетімізде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай жас ақын Жамбыл Дүйсенұлының «Егемен елім, ерке елім» атты жыр кеші өтті.


Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, олардың ақындық өнерге деген қызуғышылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған Жамбыл Дүйсенұлының жыр кешін университетіміздің 400-ге жуық білім алушы мен оқытушылары тамашалады.


Шығармашылық кеш Елбасының бала Жамбылға деген ықыласы мен ілтипатын бейнелейтін шағын бейнероликпен басталып, өз кезегінде жас ақын жиналған қауымға «Періште тілек!», «Тілім - тағдырым», «Мен қазақпын», «Бала Жамбыл - мен боламын бүгінгі», «Мәртебелі елім», «Тәуелсіздік - тәңірден келген тәтті сый» сынды туындыларын тарту етті. Аталған шараның басты ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова жас ақынның сөзі мен әніне жазылған «Тәуелсіздік - тәңірім!» атты әнін орындап, өнер сүйер қауымға Жамбылды сазгерлік қырынан танытты.


Кеш соңында Тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев білім ордамызға жалынды жырларымен арнайы келген жас ақынға университет басшылығы және ұжымы атынан алғысын білдіріп, кәдесый тарту етті.


Өз кезегінде жас Жамбыл Ел Тәуелсіздігіне тарту еткен жыр кешіне қолдау көрсеткен университет ректоры Такир Оспанұлына ерекше алғысын білдірді.


Жас та болса жалынды жырларымен көпшіліктің жүрегінен орын алып, бүгінде 50-ге жуық туындының авторы Жамбыл Дүйсенұлы шығармашылығына қызығушылық танытқан тыңдармандар кеш барысында ақынның жуырда ғана жарық көрген «Періште тілек» атты жаңа жыр жинағына ие болды.


Осылайша, жыр маржандары мен әсем әнге көмкерілген әуезді кеш әсерлі өтіп, жас ақын жиналған қауымның қошеметіне бөленді.

 

  

 

  

 

  

 

  

 

  


Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар
және жастар саясаты жөніндегі департамент

 




Кері оралу