қазақша · русский · english
 
 
 
15.04.2024

Абай өлеңдерін жатқа оқу байқауының жеңімпаздары анықталды


2024 жылдың 13 cәуірінде «Абай Әлемі» атты көктемгі мерекелік кезеңдері аясында Абай атындағы ҚазҰПУ Әлеуметтік даму және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен «Асыл мұра» атты Абай өлеңдерін жатқа оқу байқауы өтті.


Қазақ және әлем әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының шығармаларын өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауға Алматы қаласының 71 мектебінен 300-ден аса бейнеролик жұмыстары келіп түсті. Байқау Ережесіне сәйкес, байқауға Алматы қаласының 8-11 сынып аралығындағы мектеп оқушылары қатысты.

 

Көркемдік мәнерде оқыған шығармашылық бейне жұмыстарға арнайы тағайындалған әділқазылар: «Хəкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры - Жабал Шойынбет, «Абай университеті» газетінің бас редакторы - Болат Шарахымбай, Халықаралық, Республикалық айтыстардың жеңімпазы - Мөлдір Айтбай, айтыскер ақын - Шұғайып Сезімхан мен Мансап орталығының жетекшісі - Рақымберді Жетібай төрелік етті. Нәтижесінде 300-ден аса бейнеролик жұмыстары әділқазылар алқасымен тексеріліп, үздіктері анықталды.

 

Байқау нәтижесінде: I орын - №33 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Адина Әтен, жетекшісі - Алия Амирханова иеленді; II орын (екеу) - Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназияның 11-сынып оқушысы Фатима Абетей, жетекшісі - Гүлшара Есетова мен  №53 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Ерғұлан Жанғабыл, жетекшісі - Жупаркуль Сламова алды. III орын (үшеу) - №204 жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Балжан Нұртас, жетекшісі - Сания Қырықбай. №210 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Дінмұхаммед Мүқатай, жетекшісі - Раушан Жумашова. №89 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Исаева Эсмира, жетекшісі - Жанна Исанбаева иеленді.

 

Ал, «Абай үміті» номинациясымен №104 - жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Мерей Закир, жетекшісі - Айгүл Қапанова. «Абай аманаты» номинациясымен Абай атындағы РММИ-дың (Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты) 11-сынып оқушысы Мағжан Тұрсынхан, жетекшісі - Фарида Рысбекова мен «Абай әлемі» номинациясымен № 15 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Сагит Валерия, жетекшісі - Светлана Ливерко марапатталды.

 

Байқау қатысушылары мен жүлделі орын иегерлері Басқарма Төрағасы - Ректордың арнайы Алғыс хаттары, дипломдары және сыйақыларымен марапатталды. Жүлделі орындарды табыстау рәсімі Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Дөңесұлы Жақауовтың қатысуымен жүзеге асты. 

 

Шара соңында университетіміздің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов: «Абай атамыздың шығармаларын өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлт мақтанышы болған ұлы тұлғаны кеңінен насихаттау, Абай рухына тағзым ету кейінгі ұрпақтың, мына біздің басты міндетіміз болмақ», - деп атап өтті.

 

  alt=  

 

  alt=  

  alt=  

 

  alt=  

 

Әлеуметтік даму және жастар саясаты жөніндегі департамент

 




Кері оралу